Қала тіршілігі

ӘДЕМІЛІК ӘЙЕЛДЕРГЕ КӨПТІК ЕТПЕЙДІ

8

Анара Бекенова – қаладағы көп келіншектердің бірі емес. Өмірге өзіндік  көзқарасы бар, ұстанымы да ерекше. Әрі өзі әдемі, мінезі, тіпті, кәсібі де керемет. Бейнебір сиқыршыдай әдемілік әлемінің сандығын ашып, оның бір жауһарын жұлып алып, қолыңызға ұстатқанда өзіңізді хас сұлудай сезінесіз. Қазақ келіншектері де еркін меңгере бастаған «визажшы» кәсібін таңдауының басты себебі Анараның сұлулыққа, үйлесім мен жарасымдыққа жаны құмарлығы болса керек.  

Есінде, ең алғаш рет Жанаргүл деген бойжеткеннің бетін әрлеп, киім киісі мен шашын түзеп берген болатын. Алғашқы клиенті болған соң ба, қол-аяғы дірілдеп қиналғаны бар. Сыр білдірмей, барын салып жұмысын орындап шықты. Алаң көңілмен көңілді отырысқа шығарып салды. Ертесіне Жанаргүлден бірауыз хабарлама келді. «Көп рахмет! Сіздің арқаңызда кештің ең сұлуы мен болдым!» деп жазыпты. Сондағы Анараның қуанғанын көрсеңіз. Тырнақалды теңгесін тұмарындай сақтап қойды. Оның себебі бар. Анара 17 жасында тұрмыс құрып, сәбилі болып, отағасының жағдайын жасап, бүгінде сексеннің төріне шыққан енесінің қабағына қарап дегендей үй-жайының бабымен жасында қызмет қуа алмаған еді. Енді, міне, қырықтың қырқасы көрінгенде өз кәсібін бастапты. Қызметіне риза болған енесі де келінінің бетінен қақпай, ақ батасын беріпті. Ал сүйікті келінінің таңдаған кәсібі жайын білгенде: «Қап, қартайып қалғаным-ай, әйтпесе саған бетімді боя­тып, ернімді қызартып, сәнденетін едім» деп күлдіріпті. Ондағысы– келінін қолдап талабына сүйсінгені.
– Жақында бір жерден оқыдым, «ештен кеш жақсы» деген сөзді «кештен болмағаны жақсы» деп жақсы сөздің тонын теріс айналдырыпты. Қалайша аузы барып айтты екен. Ештен кеш жақсы дегенде жаратқанның сыбағаңды, аларыңды кейінге сақтағаным дегені емес пе?! – дейді Анара.
Отбасына қарайлаған жанның қыруар шаруасы бары рас, Анара сан тірліктің ортасында жүріп, отыздан асқанда ағылшын тілін үйреніп алды. Халықаралық Make-up Studio визаж және стиль мектебін ойдағыдай бітіріп, өз ісін ашты.
Адам көріксіз жаратылмайды. Әркімнің әдемі көрінгісі бар. Кейде бетімізге опа жағып, сәнденбек түгіл, айнаға қарауға мүмкіндік болмай жатады. Сан түрлі сылтау айтып, көріксіз келбетіміздің себебін ақтап алуға даярмыз. Алайда, Анара бар сылтауымызды жоққа шығарды.
– Соңғы екі жылда талай арудың ажарын асырып, талай келіншектің көркін келтіріп, «сыры кеткен» талай апаларымыздың жамалын жақсарттым. Әдемілікті әйелдерге тән етсе, онда ажар-көркімізді аша түсетін жаңа кәсіптің мүмкіндігін неге қолданбасқа?! – дейді сұлулық сырын ашқан Анара.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button