Әлеумет

«Айналайынның» анасы

Ғұмыр жолын балалармен жұмыс істеуге арнаған ұстаздың қарапайым болмысы – кейінгі жастарға үлкен өнеге. Әйтеке бидің «Ең дәмді деп татқаның – өз еңбегіңмен тапқаның». Сонда ғана еңбегің – дәулетің, беделің – сәулетің бола алады. Сонда ғана шыраққа айнала аласың.

[smartslider3 slider=2367]

Жанған шырақ жарық берер, жарық берген шырағыңды халық көрер» деген даналық сөзі бар. Саналы ғұмырын өнерге, соның ішінде балалардың талантын ашуға арнаған үздік ұстаз, дирижер-хормейстер – Гүлмира Жангелдіқызы. Ол – елордадағы №2 Өнер мектебінің директоры және «Айналайын» балалар хорының жетекшісі. ҚР Мәдениет саласының үздігі және Ыбырай Алтынсарин атындағы медаль иегері атанған ұстаздың бұл салада 28 жылдық тәжірибесі бар.

Гүлмира Жангелдіқызы Қостанай облысы Әулие­көл селосында дүниеге келген. Ұстаздық жолға келуіне әкесі мен анасы әсер еткен.

«Әкем  мен анам – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мамандары. Педагогиканы таңдауыма да осы кісілер себеп болды. Негізі орыс сыныбын бітірдім. Алайда үйге келген кезде анам қазақша сөйлеуімізді талап ететін. Кейін Рудный музыкалық училищесінің хор-дирижерлік бөлімін тәмамдадым. Қазақшаға шорқақ болғаныма қатты ұялатынмын. Намысқа тырысып, қазақша дамытуға тырыстым. Кейін А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне түскен кезден газет пен кітап тек қана қазақша оқып, жаңалықтар қазақша тыңдай бастадым. Сөйтіп, өте жақсы деңгейде сөйлейтін болдым. Жалпы кез келген істе ынта керек деп айтар едім. Ал ана тілін кез келген қазақ өте жақсы білуі керек. Бұл – маңызды» деді білікті ұстаз.

«Алғашқы еңбек өті­­лімді балабақшада бастадым. Балабақшада кішкентай балалардың ересектер әнін айтып жүргенін байқадым. Қазақ тіліндегі балаларға арналған әндерді насихаттағым келді. Бірақ ол үшін балалармен тығыз жұмыс істеу керек болды. Сол үшін «Айналайын» балалар хорын құрдым. Сөйтіп, балалардың жасына сай әндерді жинақтай бастадым. Хормен әр бес жыл сайын концерт беріп отырамыз. 20 жылдықта қайырымдылық концертін ұсындық. Хордың құрамы 30 баладан тұрады. Мұнда әр балаға көңіл бөлу керек. Сол үшін бала санын асырмаймын. Хордың құрамында 6-14 жасқа дейінгі балалар болады. Жасөспірім кезеңге аяқ басқанда құрамды өзгеріп отырамыз. Себебі біз балалар хоры болғандықтан, сол ұстанымды өзгертпеуге тырысамыз. Осы уақытқа дейін 600-ден астам баланы тәрбиелеп шығардық. Қазақ тіліндегі балаларға арналған әндерді насихаттау – біздің мақсатымыз» деді Гүлмира Жангелдіқызы.

Білікті ұстаз қашан да шәкіртімен бақытты. Адал еңбек еткен жанның жетістікке жетуге мүмкіндігі мол. Гүлмира Жангелдіқызының негізгі ұстанымы да – осы.

30 жылға жуық тәжірибесі бар Гүлмира Жангелдіқызы тәрбиелеген шәкірттер қоғамда өз орындарын тауып, дүние­ден өз кетіктерін тауып, кірпіш болып қаланған. Абай Құнанбаев айтқандай, балаға үйретуден жалықпайтын ұстаз болу – оны таңдаған адамнан сол мамандыққа сай болуды талап ететіні белгілі. Оған қоса, қоғамда әйелге артылатын жүктің ауыр екендігі мәлім. Отбасының ұйытқысы болып, мұғалімдік қызметті бірге алып жүрген әйелдердің еңбегі ерен деуге болады.

Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button