Руханият

Әйтеуір төмен қарап тұрасың сен, төмендеп кеткендей-ау өлең құны

Біраз жыл бұрын «Әйелден ақын шықпайды, күйші не биші болмаса» деп кесіп айтқан көрнекті ақын Есенғали Раушановқа қарсы уәжді алдымен Жанат Әскербекқызының жырынан жолықтырдық. Жанат жалғыз емес екен, апасын Асылзат Арыстанбек қостайды. Рас, Асылзат – ақын. Ендеше, ақынның жыры сөйлесін.

АБАЙ ЕСКЕРТКІШІ

Абайдың көшесінде Астанада,
Тас мүсін бар танитын жас бала да.
Бас ақынды қоладан құйған шебер,
Айбын беріп тұрсын деп бас қалаға.

Еш өкпең болмаса да тасқа сенің,
Көзіңнен көрінбейді жасқа сенім.
Жолымнан қалсам-дағы сәлем берем,
Қолымнан не келеді басқа менің.

Жазғырып қайтем босқа өнерліні,
Мүмкін бұл мүсіншінің шеберлігі.
Әйтеуір төмен қарап тұрасың сен,
Төмендеп кеткендей-ақ өлең құны.

Қасқайып тұрар ма едің құба белде,
(Көліктер бара жатыр шұбап өрге).
Қарағың да келмейтін шығар бәлкім,
Бас-басына би болған мына елге.

Зымыраған заманға ой жетпеуде,
Запыран құсып жүрмін ой жеп мен де.
Жүзіңді тіктей алмай тұрсың бәлкім,
Кіндігін жалтылдатқан бойжеткенге.

Қарарыңды біле алмай қайсы көшке,
Қабағыңды түйе алмай қайқы төске.
Қарауға ұялатын шығарсың-ау,
Құлқынын ақша тескен байшыкешке.

Төзген едің талай сын, азаптарға,
Бұдан өткен дейсің бе азап бар ма?
Қарауға дәтің бармай тұр ма әлде,
Қазақша сөйлемейтін қазақтарға.

Мүсінші әлде сені түсінбеген,
Дәлелдер екен мынау ісін немен?
Тас мүсін болсаң-дағы табаныңа,
Рухыңды сезіну үшін келем.

Тас мүсін болсаң-дағы ерен санап,
Алсам деп келем ылғи сенен сабақ.
Шулаған көліктердің арасында,
Тұрасың да қоясың төмен қарап.

Көлбүлте көбейген соң елде манап,
Көрмейді тас мүсінді өрге балап.
Әй, бәлкім, бекер тұрсың мына жерде,
Томсарып, тас бүркеніп, жерге қарап.

Кінәң жоқ тастан тұлғаң ойылғасын,
Қаланың ортасына қойылғасын.
Абайламай жолыңды кескен қазақ,
Абайды осылай да мойындасын.
***
Кеш батса естігім кеп жұлдыз үнін,
Түрлі түске бояймын мұң қызылын.
Сізді сүйетініме сенді бəрі,
Сіз ғана сенбедіңіз бір қызығы.

Жұлдыз деген шам ба екен жарық төккен,
Сағындырсаң осылай зарық деп пе ем.
Төбеңізден бір жұлдыз ағып түссе,
Жүрегімнің жасы ол тамып кеткен.

Айықпасым белгілі бар кеселден,
Бардан гөрі жан едім арға сенген.
Сезімімнен өзімнің үркіп қашқан,
Үркер жұлдыз сияқты ем таңда сөнген.

Тоқтап қалса амал жоқ бір күн уақыт,
Адамзатқа бұйырған бұлдыр бақыт.
Күн шыққанша көз ілмей Сізді күтті,
Шолпан жұлдыз шолпысын сыңғырлатып.

Алаулаған сезімнің оты күшті,
Сордың қою сорпасын батып іштім.
Сізді сүйетініме бəрі сенді,
Сіз ғана сенбедіңіз…
Өкінішті…
***
Сүйіп те тұрып, сүйікті болып,
Сетінеп жаным, шерленем,
Сүюді – бақыт дейтіннің бәрі,
Әлі де сүйіп көрмеген.

Адасып барып, таласып-талып,
Сүрініп, сосын, ес кірді.
Адамның нағыз бақытты шағы –
Сүймеген кезі ешкімді.

Жылынып барып, жұлынып-жарып,
Жүрек көзінен жас тамад.
Махаббат оты тұтанған күннен,
Бақытсыздықтар басталад.

Көрінбес көзге елесті қуып,
Көңілді, сосын, бір демдер.
Адамның бәрі сүйіскен сәттен,
Бақытын іздеп жүргендер.

Санасы әбден ескірген деме,
Санама жасық, пасыққа.
Бақытты болғың келсе егер, досым,
Сүюге онда асықпа!

Адастым дей бер, адамның бәрі,
Бақытқа сендей асыққан.
Бақыттымын деп айтпайды бірақ,
Себебі, олар – ғашықтар!

Өзім де – тұтқын, шыға алмай келем,
Жүректей жұқа бөлмеден.
Сүюді – бақыт дейтіннің бәрі,
Ешқашан сүйіп көрмеген
***
Асқақпын, сұраман кешірім,
Тәкаппар болудың несі мін?
Бәрібір ұмыта алмайсың,
Есіңнен кетпейді есімім.

Еркемін, ол рас еліктей,
Көрген жан тұра алмас елітпей.
Уысқа түспеймін, әйтсе де,
Уылжып тұрамын өріктей.

Жаныңды оқимын балшыдай,
Тәнімді кетемін аршымай.
Үкілі үмітпен алдаймын,
Үзіліп түсетін тамшыдай.

Жүректі жүрекпен қарсы алып,
Бағамды біле алдың қаншалық.
Сүюге ұмтылып сол күйі,
Ерніме қаласың тамсанып.

МІНЕЗ

Адамзаттың таусылған ба құмары,
Болған емес бір мінезде тұрағы.
Менің өзім бетпақтанып кей кезде,
Беттен алып ұрысқым кеп тұрады.

Әр күнімді жүрмін міне парақтап,
Дейтін анам «аяғыңды санап бас».
Салмақтырақ көрінгенмен кетеді-ай,
Қызғаныштың қызыл иті жалақтап.

Тапсам деймін бір бағытта тек тұрақ,
Түніменен мазамды алар көп сұрақ.
Тегі қымбат өлең жазып жүрсем де,
Кейде арзан өсек айтқым кеп тұрад.

Жүрем кейде көше кезіп сенделіп,
Түнде отырам есті сөзбен «емделіп».
Алла мені адам қылып жаратса,
Өмір мынау жіберіпті пенде қып.

Атақ қуып сыймай кетем өлкеге,
Долданатын кездерім көп жер тебе.
Ақындығым аламанда алдырмас,
Әйелдігім – ол өзінше бір төбе.

Асылзат АРЫСТАНБЕК

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button