Қала мен Сала

Алло, «Астана ақшамы»! Қаңғыбас ит қауып алмасын…

 Редакцияға хабарласқан қала тұрғыны Жеңіс Мейрамбеков өзі тұратын ауданда қаңғыбас иттердің көбейіп кеткеніне алаңдайтынын жеткізді. «Есілдің оң жағалауында тұрамын. Нақтырақ айтқанда, Ә. Молдағұлова көшесінде орын тепкен ескі үйлердің ауласында иесіз ит-мысық көп. Мектеп жасындағы балалар үшін уайымдаймын. Қайда хабарласқаным жөн?» дейді ол. Оқырман сауалына орай, осы мәселемен тікелей айналысатын Астана қаласы Ауыл шаруашылығы басқармасына хабарласқан едік.

kutyrgan-itter-nurgisa-foto-2

Жалпы, елордадағы қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жоюды Астана қаласы әкімдігінің «Астана ветсервис» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорыны жүргізеді. Астана қаласы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы міндетін атқарушы Гүлмира Ермолдинаның айтуынша, иесіз жануарларды аулауға қала бойынша күн сайын мамандандырылған 3 бригада көлігі шығады.

– «051» қызметіне хабарласқан өтініштер күнделікті тексеріліп, қарауға алынады. Мәселен, тек бір аптаның ішінде 126 қаңғыбас ит пен мысықты ұстау жөнінде 33 өтініш тіркелген, – дейді ол.

Айта кеткен жөн, қаңғыбас иттерді аулау жұмыстарына кім көрінген тартылмайды. Оған медициналық тексеруден өткен, құтыруға қарсы алдын алу екпелерін алған, психоневрологиялық және наркологиялық диспансерлерде есепте тұрмаған адамдар ғана жіберіледі екен. Олар заң аясында рұқсат етілген құралдарды ғана қолданады. Яғни, жануарларды ұстау үшін құрық, тиісті сертификаты бар, әрекетке қабілетсіз ететін дозаланған препараттарды қолданатын пневматикалық қару, торлар, тор-қақпандар, сондай-ақ жануарларды аулау кезінде олардың өліміне жол бермейтін басқа құрылғылар пайдаланылады.
Ауланған қаңғыбас иттер мен мысықтар үш күннен аспайтын мерзімге уақытша оқшауланады. Мамандардың айтуынша, уақытша ұстау оқшаулағышында ауланған қаңғыбас жануарларға тіркеу және клиникалық зерттеу жүргізіледі. Әрқайсысы жеке торға орналастырылады. Астанада олардың саны жүзге жетеді.

Ал иесі жоқ жануарлар туралы ақпарат мамандандырылған ұйымның интернет-ресурстарында орналастырылғаннан кейін үш күн өткен соң жойылады. Олар арнаулы препараттармен, медикаментоздық жолмен жансыздандырылады. Қаңғыбас жануарлардың өлек­селерін жою арнайы пеш қойылған мамандандырылған ұйымның өндірістік базасында жүзеге асырылады.

Егер үйіңіздің маңынан қаңғыбас ит пен мысықтарды көрсеңіз, қалалық «051» қызметіне немесе мекеменің 28-54-70 нөміріне хабарласып, оларды ұстауға өтініш беруге болады.

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button