Жаңалықтар

Ақпарат кеңістігінде адасып кетпейік

Қоғамда сәт сайын түрлі жаңалықтар болып жатады. Шындығында, өткен ғасырдың ақпарат кеңістігі мен қазіргіні салыстыруға мүлде келмейді. Телеарнадан кем түспейтін әлеуметтік желілер әп-сәтте оқиғаны көз алдыңа әкеле қояды. Ақпараттың жылдам берілгені жақсы, әрине. Алайда, бір қайнауы ішінде жататын деректің арты кейде дау-дамайға ұласатыны бар. 

Әлемде қаншама мемлекет болса, солардың бәрінде түрлі ұлт тұрады. Бұл заңды нәрсе және солардың арасында кикілжіңдердің арагідік болып тұратыны да жасырын емес. Осындай ұрыс-жанжалдарды ұлтқа бөліп қарастыру ешкімге абырой әкелмейді дер едім. Мұны жіпке тізіп сөз еткенше, өз кемшілігімізді ретке келтіргеніміз жөн. Мәселен, арамызда жекелеген үлкендердің жеті атасын білмейтіні жетіп артылады. Соның бір көрінісіне жақында «Астана» телеарнасы арқылы берілген «Ел аузында» бағдарламасы дәлел бола алады. Онда бірқатар танымал әншілер тілшінің «жеті атаңызды білесіз бе?» деген сұрағына жауап бере алмай, масқара болғаны бар. Тәрбиенің негізгі өзегі отбасында десек, салт-дәстүріміздің қайнары, оның ішінде әрбір адамның ішкі рухани дүниесі ұлттық мүддемен астасып жатуы шарт. Бұл жерде тырнақ астынан кір іздеп отырған жоқпыз, бүгінгі таңда біздің ұрпағымызға тікелей рухани нәр себетін бірсыпыра телеарналардағы бағдарламалар шулаған шоуға, қазақты мазаққа айналдырған дөрекі әзілдерге толып кетті. Бұл мәселенің қозғалуына негізгі түрткі болған, Парламент Сенатының жалпы отырысында қаралған ҚР «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңы еді. Онда сенатор Қуаныш Айтаханов сөз орайында бүгінде елімізде жастар саны 4,4 миллион немесе халқымыздың 26 пайыздан астамын құрайтынын айта келе, әрбір жастың «Мен мына жаңа қоғамнан өз орнымды таба алдым ба?» деген сұрақтың төңірегінде ойлануы керектігін айтты. «Қоғамның бар күш-жігері жас ұрпақты отансүйгіштікке, имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеуге бағытталуы керек. Алайда, жалаң үгіт-насихаттан жастар тез жалығады. Сондықтан олардың ойын терең дамытып, қиялын өсіретін, адамгершілік пен инабаттылыққа, елжандылыққа тәрбиелейтін кітаптар, «Жаужүрек мың бала», «Елбасы жолы» сияқты көркем фильмдер, тәрбиелік мәні бар бағдарламалар керек» деген еді ол.
Қазақстан халқы ассамблеясының XXII сессиясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мына мәселеге ерекше маңыз беріп өткені белгілі. «Әлемдегі негізгі ақпараттарға қолы жетпейтін ұлт бәсекеге қабілетті бола алмайды. Бұл – ХХІ ғасырдың заңы. Сондықтан, ғылым, медицина саласында жұмыс істейтін және мемлекеттік қызметтегі азаматтар ағылшын тілін тезірек меңгеруі қажет. Ұстаздар мен ата-аналарға айтарым – Қазақстанның білім беру саласында осы мәселе мұқият ескерілуі тиіс. Біздің мектептеріміздің бәріне ортақ бір үлгі қажет. Бұл үлгідегі мектепте Қазақстанның мәдениеті мен тарихы, тілі мен әдебиеті қазақша, жаратылыстану пәндері ағылшынша үйретіліп, орыс тілі пән ретінде оқытылуы керек. Ұлттық тіл мен мәдениетті сақтап, дамыту әлемдік ақпараттан құралақан қалуға негіз болмауы тиіс. Мектептің соңғы сыныптарында және жоғары білім беру – бірте-бірте ағылшын тіліне көшу керек. «Үш тұғырлы тіл» саясатының негізгі мәні – осы! Сондықтан Білім және ғылым министрлігіне Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, Үш тілде білім беруді дамытудың жол картасын жасау қажет».
Демек, ендігі жерде үштұғырлы тіл саясатын қолдап, уақыт талабына сай қам жасауымыз қажет.
Қоғам жаңа ақпарат дәуіріне қадам басты. Біз де енді жаңаша көзқараспен өсіп-жетілуіміз керек. Соның бастысы, жас ұрпақ бойына салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды сіңіріп, оларды ел мүддесіне қызмет етуге баулу қажеттігі туын­дап отыр. Шулаған шоудың ортасында жүріп, тамырымызды тап басатын негізгі түйінді ажырата алмайтын халге жетіппіз. Сон­дықтан ақпарат кеңістігін әдептен шыққан дүние­лерден тазартатын кез жетті. Оның орнын сапалы білім, ел дамуы, ұлт татулығы мен отансүйгіштікке қатысты және жаһандық мәсе­лелерді дұрыс сараптаған хабарлар басуы тиіс.

Әмірхан Алмағанбетов,
Астана қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ бас сарапшысы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button