Sport

ОЛИМПИАДА КҮНІ

ZAH_1096

Астана қаласында мерекелік жарыстармен аталып өтілді

Олимпиада ойындарының тарихы 1884 жылдан басталған еді. Осы жылы Пьер де Кубертен Халықаралық Олимпиада комитетін құруды ұсынып, содан бері дүниежүзілік спорт додасын өткізу дәстүрі қалыптасты. Ал 1948 жылдан бері Олимпиада күні өткізіліп келеді. Қазақстан айтулы ұйымға 1992 жылы мүше болып қабылданды.

Биылғы Олимпиада күні еліміздің барлық облыс орталықтарында, Алматы және Астана қалаларында салтанатты жағдайда аталып өтілді.
Сенбі, 23 мамыр күні елорда жұртшылығы қалалық саябақтағы Олимпиадашылар аллеясына жиналып, мерекелік жарыстарға қатысты. Олардың қатарында Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, Парламент депутаттары, министрліктер мен мекемелер қызметкерлері, әскерилер, студенттер мен мектеп оқушылары болды. Астана қаласының әкімдігі, Қазақстан ұлттық Олимпиада комитетінің астаналық филиалы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Астана ЭКСПО-2017» акционерлік қоғамының қолдауымен өткізілген мерекелік шараның ашылу рәсімінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедияұлы сөз сөйлеп, мерекелік шараға қатысуға келген барша қауымға алғысын айтып, Қазақстан спортының абыройы асқақтай беруіне тілек қосты. Олимпиада ойындарының чемпиондары Юрий Мельниченко мен Серік Сәпиев астаналықтар мен қала меймандарына ризашылығын білдірді.
Олимпиада күніне арналған мерекелік жарыстың бағдарламасы бойынша 800 және 1200 метрге жүгіру, балалар үшін «Олимпиадалық сайыс» тақырыбында асфальтқа сурет салу, мүмкіндігі шектеулі спортшылардың арбамен жарысы және велобәйге ұйымдастырылды.
– Мен мұндай жарысқа бірінші рет қатыстым. Қатысушылардың қатарында Олимпиада ойындарының чемпиондары да болады деген соң әдейілеп келген едім. Мен 800 метрге жүгірдім. Ең бастысы, Олимпиада ойындарының жүлдегері Гюзель Манюрова мен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Татьяна Аманжолмен бір қатарда жүгірдім. Диплом алдым. Бұл мерекелік жарыс есімде көпке дейін сақталатын шығар, – дейді Астана қаласындағы №54 мектеп-лицейдің 4-сынып оқушысы Аяжан Райхан.
– Осы мерекелік шараға келген барша астаналықтарды Олимпиа­да күнімен құттықтаймын. Бұл Қазақстан үшін де айтулы күн деп есептеймін. Біз 1992 жылдан бері осы беделді халықаралық ұйымның мүшесіміз. Барлық отандастарымның спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануына тілектеспін, – деп атап өтті мерекелік жүгірудің мәресіне жеткен сәтінде Олимпиада ойындарының чемпионы Юрий Мельниченко.
Кезек-кезегімен өткен мерекелік жарыстарда жүлдегер атанған әуесқой спортшыларға Халықаралық Олимпиада комитетінің дипломдары және естелік сыйлықтары берілді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button