Жаңалықтар

Ақтөбе – өркендеген өлке

МЕМЛЕКЕТ ПЕН ЖЕКЕМЕНШІК СЕРІКТЕСТІГІ: ОН СЕГІЗ ЖОБА!

Ақтөбеде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында он сегіз жоба жүзеге асырылмақ. Олардың қатарында жылдар бойы түйіні шешілмей келе жатқан өлкетану музейі, Неке сарайы сынды нысандардың да құрылысы бар.

aqtobe

Музей құрылысын қаржыландыруға «Алтын қыран» ЖШС қатысады. Құрылысқа кететін қаржының көлемі – 673 миллион теңге. Оның 70 пайызы бюджеттен бөлінеді, ал қалған 30 пайызын «Алтын қыран» компаниясы бөлгелі отыр.
Ақтөбеліктер үшін тағы бір қуанышты жаңалық – алдағы жылы қалада Неке сарайы бой көтереді. Бірегей жобаны жүзеге асырушы – ақтөбелік жеке кәсіпкер Зәмзәгүл Баймағамбетова.
Жаңадан бой көтеретін Жастар сарайының құрылысы үшін 1,3 млрд теңге жұмсалады. Сарай құрылысын қаржыландыруды «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ өз міндетіне алды.
2500 орындық Мұз сарайының салынуы да ақтөбеліктер үшін үлкен олжа болғалы тұр. Құрылысқа салынатын инвестициялардың 70 пайыздайын құрылысты салушы компания мойнына алды, ал мемлекеттің үлесі – 30 пайыз. Бұл үшін компанияларға осы нысанды бес жыл бойы-на, мемлекет құрылысқа салынған 70 пайыздық салымды қайтарғанша пайдалану құқы беріледі.
Сондай-ақ Ақтөбеде «Жедел жәрдем» стансасы салынады. Түрік компаниясы бұл стансаны өз қаржысына салады да, қала жеті жыл бойы құрылысқа кеткен ақшаны қайтарып отырады. Сонан соң станса мемлекет теңгеріміне алынады.
Бұдан өзге білім, денсаулық, басқа да салалар бойынша нысандардың құрылысы жүргізіледі.

АҚТӨБЕ ЖАСТАРЫ ӘЛЕМНІҢ ӘР ТҮКПІРІНДЕ

Елімізде 1993 жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасы енгізілді. Осы 23 жылда жүздеген ақтөбелік әлемнің әр түкпірінде білім алып, елге білікті маман болып оралды. Мәселен, 2005 жылдан бері «Болашақ» стипендиясына ие болып, шетелде оқыған 291 ақтөбелік еліміздің әр түкпірінде қызмет жасап жүр. 75 түлек өз өңірімізге оралған. Қазір осы бағдарлама аясында 34 ақтөбелік шетелдерде білім алып жатыр.
Биыл өңірде «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің қауымдастығы құрылды.

АҚТӨБЕДЕ ҚАТЕРЛІ ІСІКТІ ЕМДЕЙТІН АППАРАТ ШЫҒАРЫЛАДЫ

Елімізде жыл сайын 35 мыңнан аса адам қатерлі ісік ауруына шалдықса, оның 17 мыңға жуығы көз жұмады. Қырық пайызы дәрігерге аурудың 3-4 сатысында ғана қаралады. Ал мұндай жаман ауруды емдейтін заманауи үлгідегі аппарат елімізде бес өңірде ғана бар. Олар – Астана, Алматы, Ақтөбе, Семей, Қарағанды қалалары. Оның өзі – сырттан әкелінетін аппараттар.
Бұдан былай қатерлі ісік ауруын емдейтін заманауи аппарат Ақтөбеде шығарылмақ. Қазақ және корей ғалымдары бірлесіп қазақ медицина саласының тарихында қалатын осындай үлкен жаңа жобаны қолға алып отыр.

ҰЛЫҚҰМНЫҢ БОЙЫНДАҒЫ ҒАСЫР ҚҰРЫЛЫСЫ

Шілде айында тек Ақтөбе тұрғындары үшін ғана емес, тұтас еліміз үшін де тарихи оқиға болды. Шалқар-Бейнеу теміржолы арқылы үлкен құрама Алматы-Маңғышлақ жолаушылар пойызы алғаш рет жол тартты.
Осыдан тура төрт жыл бұрынғы телекөпірде Елбасы ғасыр құрылысы Шалқар-Бейнеу теміржолының тұсауын кесіп, ақжол тілеп, оның алғашқы шпалдары төселген болатын.
Еліміздегі ең ұзын маршрут №377 «Алматы-2 — Маңғышлақ» пойызының жүру уақыты 11 сағат 48 минутқа қысқарып отыр. Қайтарда №378 болып қайтатын пойыздың уақыты да солай. Осыған орай жолаушылардың билет құны да арзандады.

ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАЛҒАН РЕЛЬСТЕР ТӨСЕЛЕ БАСТАДЫ

Ақтөбе рельс-арқалық зауыты өз өнімдерін нарыққа шығара бастады. Бұл зауыт – мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасының алғашқы бесжылдығы аясында іске қосылған еліміз бойынша бірегей жобалардың бірі.

Ақтөбеден шығатын рельстер «Қазақстан теміржолының» Алматы-Шу аралығындағы екінші желі жобасына, тағы бір инвестициялық жоба «Құрық» портының құрылысына пайдаланыла бастады. Бұдан өзге рельстеріміз «Қазақстан теміржолының» басқа да магистральдық жолдарының күрделі жөндеу жұмыстарына пайдаланылуға жіберіліп жатыр.
Биылдан бастап зауыт өнімдерін шетелдерге шығара бастады. Әзірге өнім Орталық Азия елдеріне жіберіліп жатыр. Зауыт өнімдеріне Еуропа елдері де қызығушылық танытып отырған көрінеді. Осы мақсатта жыл аяғына қарай өндіріске еуропалық стандарттар да енгізілмек. Бұл – ТМД елдерінде теңдесі жоқ бірегей жоба.

580 МЫҢ ШАРШЫ МЕТР ТҰРҒЫН ҮЙ САЛЫНАДЫ

Биылғы жылы Тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша облыста 19 миллиард теңгеден астам қаржы игерілетін болады.
Өңірде 2016 жылы қаржыландырудың барлық көзі есебінен 580 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылады, соның нәтижесінде 5000-дай отбасы өздерінің тұрғын-жай мәселелерін оңды шешуге қол жеткізеді.
Биыл «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ арқылы 566 пәтерге арналған жалға беретін тұрғын үй құрылысы басталады. Барлығы 28 мың шаршы метр құрайтын бұл үй «Нұр Ақтөбе» ауданында 2017 жылы пайдалануға беріледі.
Бұдан басқа «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында облигациялар шығару арқылы Ұлттық қор қаржысы есебінен тұрғын үй құрылысы қарастырылған. Осы мақсатта облысқа «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй массивінде тұрғын үйдің 6 жобасының құрылысын бастауға 4,5 миллиард теңге бөлінді. 1350 пәтерлік үйдің құрылысы келесі жылы аяқталады.
«Бәйтерек Девелопмент» АҚ желісі бойынша жалпы аумағы 50 мың шаршы метр несиелік және жалға беретін тұрғын үй құрылысына Ұлттық қордан өңірге 7,6 миллиард теңге бөлінді. Сонымен бірге «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ арқылы тұрғын үй құрылысына облыс үшін 2,2 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылды. Оған 11,1 мың шаршы метр тұрғын үй салынатын болады. Бұдан басқа 4,9 миллиард теңге көпшілік тұрғын үй құрылысы аудандарында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдардың 16 жоба құрылысына жұмсалады.

«ҚАН МЕН ТЕР» РОМАНЫНЫҢ КЕЙІПКЕРЛЕРІ КЕЛГЕНДЕЙ

Осыдан он шақты жыл бұрын Ақтөбе облысында Қарақыпшақ Қобыландының тарихи тұлғасы нақтыланып, қазақ әдебиетінің тарихында тұңғыш рет осы кезге дейін фольклорлық кейіпкер саналып келген батыр «ортамызға» оралған болатын.
Сондай-ақ Қазақстандағы әдеби шығармаға арналған тұңғыш ескерткіш те Ақтөбеде қойылды. 2008 жылы қаланың қақ ортасында қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәмил Нұрпейісовтің атақты «Қан мен тер» трилогиясының кейіпкерлеріне арналған ескерткіш бой көтерді. Ескерткіштің авторы – мүсінші Ерік Жауынбаев. Трилогияның 7 кейіпкері бейнеленген бұл ескерткіш – бүтін бір дәуірді сипаттайтын шығарма.

АҚТӨБЕ «ЭКСПО-2017» КӨРМЕСІНЕ 25 ЖОБА ҰСЫНЫП ОТЫР

Ел тарихындағы ең алғашқы алып көрмеге Ақтөбе 25 жоба ұсынып отыр. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Оның ішінде қалдықтарды қайта өңдеу бойынша – 7, ауаның ластануын төмендететін 4 жоба бар.
Маңызды шараға облыстан 17-24 жас аралығындағы 100 ерікті қатысады деп жоспар­ланған. Оның 30-ы – қазірдің өзінде сақадай сай, барлық талап-сындардан мүдірмей өткен. Қазір жастар арнайы курстарға қатысып жатыр.

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 25 ЖЫЛДЫҒЫНА 25 КОНЦЕРТ

«Славянский базардың» жеңімпазы Ақтөбеде туып, тұтас қазақтың талантты ұлы боп кеткен Димаш Құдайберген ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық тойына арнаған тартуымен ел өңірлерін аралап жүр. Димаштың «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына 25 концерт» бағдарламасы аясында «Ұмытылмас күн» атты шығармашылық кеші жақында Павлодар, Ақсу қалаларында үлкен аншлагпен өтті.
Бұған дейін Димаштың концерті Батыс Қазақстан, Атырау, Қызылорда өңірлерінде өткен болатын.

ДОМБЫРАҒА ОРНАТЫЛҒАН АЛҒАШҚЫ ЕСКЕРТКІШ

Ақтөбе қаласында домбыраға ескерткіш қойылды. Әлия Молдағұлова даңғылы мен Әбілқайыр хан даңғылының қиылысында орналасқан ескерткіш шын мәнінде ерекше. Бұл – шаһардағы музыкалық аспапқа қойылған тұңғыш туынды. Оны қарапайым ұста жасап шығарған. Ескерткіштің биіктігі – 6, 30 метр, ені – 1,40 метр, шанағы – 2,5 метр, ал мойны 4 метрдей. 12 перне, қос ішекті үкілі домбыра. Ескерткіш авторы – ұста Қуатбек Ещанов.

Әзірлеген: Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button