ДенсаулықЖаңалықтар

Жүрек ауруының себептері қандай? Оның алғашқы белгілері қалай білінеді?

Елімізде жүрек-қан тамырлары ауруларынан өлім көрсеткіші бірінші орында. Тек Астана қаласында осы сырқаттың ауыр түрі бойынша есепке алынғандардың қатары 47 606 адамды құрайды.

Жүрек-қан тамырлары ауруларының жиілеп кетуіне байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 29 қыркүйекті – Жүрек күні деп белгілеген еді. Ондағы мақсат – жұртшылықты кеудесіндегі жалғыз жүрегін аялауға, қандай да бір өзгерістер болса, дер кезінде дәрігерге қаралуға шақыру.

Осы күнге орай Астана қаласы да «Жүректі сақта» атты акция өткізді. Қалалық әкімдіктің қолдауымен Денсаулық сақтау басқармасы және «Салауатты өмір салтын сақтау орталығы» ЖШС ұйымдастырған шарада елордалықтар білікті кардиологтар мен эндокринолог маманның тегін кеңесіне жүгініп, қан құрамындағы холестерин мен қант деңгейін анықтатып, қан қысымын өлшетуге мүмкіндік алды.

«Мечта» сауда орталығында өткен акцияға адам көп жиналды. Әсіресе, кардиологтардың алдында кезек көп. Дәрігермен тілдесуге әрең мүмкіндік алдық. Өзін №1 қалалық аурухананың дәрігерімін деп таныстырған кардиолог Күләш Құлмұханова бүгінде адамдар жүрек ауруына жиі шалдығатынын айтты. «Жүрек ауруына кінәлі – ең әуелі адамдардың өздері. Күйгелектік, дұрыс тамақтанбау, арақ пен темекіге үйірсектік, қозғалыстың аздығы жүректің өзгеріске ұшырауына әкеледі. Бұл аурудың алғашқы белгілері – жүрек тұсының шаншып, тамыр соғысының жиі соғуы. Алайда адамдардың көбі оған уақытша жағдай деп қарайды да, мән бере бермейді. Егер ентігіп, аяғыңызда ісік пайда болса, бірден дәрігерге көріну қажет» дейді кардиолог.

Дәрігердің алдында отырған жас жігітті сөзге тарттық. Орда бұзар жастағы азамат үшінші қабатқа ентігіп әрең көтерілетінін айтып жатыр. Дәрігер тамыр соғысын тыңдап, қан қысымын өлшеп еді, жүрегі жиі соғатын болып шықты. Бұл да белгілі бір аурулардың алғашқы белгісі.

Одан кейін қаралған егде тартқан ер кісі көптен қан қысымы көтерілетінін жеткізді. «Өте уайымшылмын. Уайымдаған сайын «давлением» көтеріліп, жүрегім қатты соғады» дейді. Кардиолог ол пациентке майлы, қуырылған тамақты шектеу керектігін, ашушаңдық, күйгелектік пен күйзелістің бәрі жүрекке салмақ түсіріп, ауруды асқындыратынын айтып, сабырлы болуға шақырды.

Астана қаласы Салауатты өмір салты орталығының үйлестірушісі Қанат Хамзиннің айтуынша, «Жүректі сақтаңыз» акциясының мақсаты жүрек-қан тамырлары ауруына жұртшылықтың көңілін аудартып, сырқатты ерте бастан анықтап, емдеу екендігін жеткізді. Алдағы уақытта да осындай акциялар жалғасын таппақ.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

Пікір үстеу

Back to top button