Әлеумет

Ардагерлер – алдыңғы қатарда

Өткен жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылғанына 30 жыл толды. ҰҚК органдары құрылымының бастауында тұрған ардагерлердің туған халқы мен өз Отанына деген адалдығын сақтай отырып, еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіндегі өлшеусіз ерен еңбегі аса құрметпен аталып өтті. Астаналық 80 ардагер «ҚР ҰҚК 30 жыл» мерейтойлық медалімен наградталды.

ҰҚК Астана қаласы бойынша департаменті – «ҚР ҰҚК органдарының ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің бір филиалы және өз қатарына 200-ден астам ұлттық қауіпсіздік органдарының зейнеткерін қамтыған. Олардың арасында бір кездері ҰҚК-нің құрылымдық және аумақтық органдарында басшылық қызметте болған көптеген ардагер де бар. «Чекистер қай кезде де қатардан табылады» демекші, құрметті зейнет демалысында болса да, олар комитетпен байланысын үзбей, үнемі хабарласып отырады.

Ардагерлер кеңесі өз қатарын толықтыру мен нығайту жолында тұрақты түрде ұйымдастыру жұмысын жүргізіп келеді. Өз мүмкіндігінше ҰҚКД басшылығына жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу ісіне, әскери қызмет пен қоғамда ҰҚК органдарының абырой-беделін нығайтуға бағытталған іс-шараларға барынша белсенді түрде қатысу және басқа да бағыттар бойынша көмек көрсетуде. Зейнеткерлерге атаулы әлеуметтік көмек пен моральдық қолдау жасалады. Бұл ретте департамент басшылығы мен қызметкерлері ардагерлер ұжымына жәрдемдесуге қашанда дайын. Ардагерлердің жеке құраммен кездесіп, өмірлік әрі кәсіби тәлім-тәжірибесімен бөлісіп отыруы да дәстүрге айналған. Департамент қабырғасында тұрақты түрде патриоттық тақырыпқа арналған түрлі іс-шара, оның ішінде әдетте салтанатты жағдайда өтетін ардагерлерге құрмет көрсету де өткізіліп тұрады. Бұдан басқа Ардагерлер кеңесі елорданың қоғамдық өміріне белсене қатысып, қалалық Ардагерлер ұйымымен де өзара тығыз байланыс жасайды.

Үстіміздегі жылдың 5 наурызында ардагерлер отставкадағы полковник ­Жапаев Қуаныш Нұралиұлын 75 жасқа толу мерей­тойымен құттықтайтын болады. Қуаныш Нұралиұлы 1948 жылы 5 наурызда Қостанай облысының Наурызым ауданында туған. 1976 жылы Целиноград инженерлік-құрылыс институтын бітіргеннен кейін КСРО МҚК органдары қатарына қызметке шақырылып, Минск қаласындағы КСРО МҚК Жоғары курсына жіберіледі.

1977 жылы аталған курсты бітіргеннен кейін Қазақ КСР МҚК Целиноград облысы бойынша басқармасына жіберіліп, жедел уәкілден облыстық бөлімшенің бөлім бастығы лауазымына дейінгі қызмет баспалдағынан өтті, лейтенанттан подполковникке дейінгі әскери шенге көтерілді. Ол осы жерде адамдармен жұмыс істеудің мол тәжірибесін жинақтап, өзінің кәсіби шеберлігін ұштады.

Жедел-қызметтік іс-қимылда қол жеткізген оң нәтижелері үшін бірнеше рет комитет басшылығы тарапынан марапатталды. Алматы қаласындағы ҰҚК жедел басқармасының бірінде бастықтың орынбасары болып қызмет атқарған кезінде оның басшылық таланты мен ұйымдастырушылық қабілеті ерекше көзге түсті.

Барлық жедел және басшылық лауазымда полковник Қ.Жапаев өзін турашыл, істі дұрыс бағалай білетін, сауатты және жетекші тұлғасына сай басшы ретінде көрсете білді. Оны тапсырылған іске жауапкершілікпен қарауы, белсенді өмірлік позициясы ерекшелендіріп тұратын. Кадрларды сапалы дайындау мен орналастыруға, әлеуметтік-тұрмыстық проблемаларды шешуге аса көңіл бөлетін, қашанда жеке құрамға жақын болып, олардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға көмек қолын созатын.

Жоғарыда көрсетілген жағдайды ескере отырып, комитет алқасы 1995 жылы ­Қуаныш Жапаевқа ҰҚК орталық аппаратын Алматы қаласынан Астанаға көшіру бо­йынша жұмыс тобының біріне жетекшілік жасауды сеніп тапсырды. Бұл міндетті де ол тыңғылықты орындап, жоспарланған мерзімде комитеттің бөлімшелері жаңа астанаға қоныс аударды. Қуаныш Жапаевтың сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, ол ҚР ҰҚК төрағасының құрмет грамотасымен марапатталды.

ҰҚК органдарындағы басшылық орындардың барлығында да Қуаныш Нұралиұлы мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өзінің құзыреттілігі мен кәсіби біліктілігін көрсете білді.

Н.ҚАЙСАРИН, полковник, ҚР ҰҚК Астана қаласы

бойынша департаменті Ардагерлер кеңесінің төрағасы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button