Мерей

Ардагерлердің алғысын арқалаған азамат

Менің бүгінгі кейіпкерім зейнет жасына дейін бүкіл өзінің еңбек жолын ауылшаруашылығына арнаған, бүгінде Нұр-Сұлтан қалалық ардагерлер Кеңесінің белді мүшесі, кейінгі 12 жыл қатарынан астана қалалық ардагерлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарып отырған Есболат Қасымұлы Дүйсенов жайлы болмақ.

2010 жылы Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай елордадағы қалалық ардагерлер Кеңесінен телефон шалып, кітап шығарсақ қайтеді деп маған Есболат Дүйсенов хабарласты. Біраз құжаттар мен документтерді дайындап та қойыпты. Таныстығымыз Есболат мырзамен осылай басталған еді.
– Есболат Дүйсеновтың анасы Ұмсын апа жоғары білімі болмаса да, кішкентай балаларының тәртібі мен оларды еңбекке баулуға ерекше көңіл бөліпті. Бұл орайда айтайын дегенім, ғұлама ғалым әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек» деген екен. Яғни тәрбиесіз берілген білімнің пайдасы жоқ дегенді айтады. Есболат Қасымұлымен алғашқы әңгімеміз осы тәрбие мәселесі жайында болды.
– Ұмсын анаңыз ғұлама-ғалым болмаса да, бала тәрбиелеудің жолын жақсы білген екен. Шын мәнісінде біздің оқымаған қараңғы ата-аналарымыз данышпан болған екен ғой. Баланы жас кезінен бастап тәрбиелеген. Ал енді анаңыз жайлы не айтар едіңіз?
– Иә, Ұмсын анамның өткен өмір жолы оңай болған жоқ. Тағдыр тау­қыметін көрген нағыз батыр ана дер едім. Алты баламен әкемізден ерте қалып, жесір атанды. Колхозда таңның атысы, түннің қараңғысына дейін тапжылмастан еңбек етті. Сонда мен әкемнен қалғанда бар-жоғы сегіз айлық бала екенмін.
Өзіңіз айтқандай, алдымен балаға тәрбие беріп, оның тұрмыс жағдайын жасау керек. Менің анам өз тәжірибесі арқылы бізді жақсы тәрбиелеп өсіргеннен болар, осы анамыздың берген ақыл-кеңесінен үйдегі балалар бір-бірімізге қамқор болып өстік. Ол осы алты баланың тәртібі мен бізді еңбекке баулуға ерекше көңіл бөлді. Бірақ анамыздың өмірі ұзаққа созылмады, мен алтыншы сыныпта оқып жүргенде ол қатты ауырып қайтыс болды.
Сонда жанұямыздағы үлкеніміз, жасы жиырмадан жаңа ғана асқан Жанболат ағамыз өзінен кейінгі бес балаға қамқор болып, бар жауапкершілікті өз мойнына алды. Ол онжылдықты өте жақсы бітірсе де, жоғары оқу орнына түсемін деген арманы орындалмай, әрі бізді тастап кете алмай ауылда қалып, жұмысқа орналасты. Өмір бойы механизатор болып жұмыс атқарды. Жылдар өте апаларым тұрмыс құрып, балалы-шағалы болды, кейін олар да маған көмектесті, – деп өткен жылдардағы балалық шақтағы өмір жолын Есболат Қасымұлы толғана отырып еске алды.
Есболат Дүйсенов онжылдық мектепті 1963 жылы бітіріп шығады. Ол жылдары Қазақстанда комсомол-жастар бригадасының дүрілдеп тұрған кезі. Мектепті жаңа ғана бітірген 9 ұл мен 4 қыз бала ойланбастан, бірден Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы, Аршаты совхозындағы комсомол-жастар бригадасына жолдамамен қой бағуға барады. Содан екі жыл өткеннен кейін Есболат Қасымұлы сол кездегі Целиноград ауыл шаруа­шылығы институтының зоотехникалық факультетіне оқуға түседі де, 1970 жылы оны ойдағыдай аяқтап шығады.
Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін «Заветы – Ильича» совхозында бөлім зоотехнигі болып жұмысқа орналасады. Ал 1970 жылдың күзінде Бұланды ауданының «Амангелді» мал бордақылау мамандандырылған шаруашылығының Бас зоотехнигі болып қызметке тағайындалады. Бір жылдан кейін осы шаруашылықта директордың бірінші орынбасары қызметіне көтеріледі.
Есболат Қасымұлының жұмысты ұйымдастыру қабілеті, әрі халықпен тығыз байланыс жасай білуі мен оның қызметтегі ойлап тапқан тың тәсілдері, өндіріске жаңа технологияларды енгізу жұмыстары, шаруашылықтың экономикасының көтерілуіне, халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына, жалпы Ақмола облысының алдыңғы қатарлы шаруашылық болуына көп әсер етеді.
Есболат Дүйсенов басқарған шаруашылық сол жылдары 25 000 гектар егін егіп, он мың ірі-қара мал ұстап, үкіметке 20 000 тонна бидай, 5000 тонна ет тапсырып, көптің алды болып, өзгелерге үлгі-өнеге көрсеткен еді. Иә, бұл бүгінде тарих қойнауына енген тамаша жаңалық дер едім. Есболат Қасымұлының бұл іскерлігі мен тапқырлығын, әрі оның ұйымдастыру қабілетінің ерекшелігін аудан, облыс басшылары бірден аңғарады.
Содан 1976 жылы оны аудандық партия комитетінің қаулысымен алты айлық директорлық курсқа да жібереді.
Ал 1979 жылы Ақмола облысында Сілеті ауданы ашылып, облыстың ұйғарымымен тәжірибе жинақтаған маман ретінде оны осы ауданға бас зоотехник қызметіне тағайындайды. Ауданның жаңадан ашылған кезі, шаруашылықтары артта қалған, жері құнарсыз, әрі тастақ, айналасында ағаш жоқтың қасы, мал шаруашылығы мүлдем дамымаған, және ірі-қара малдары туберкулез, бруцеллез ауруларына шалдыққан екен. Оның үстіне бұл шаруашылықта жұмыс қолы да жетіспейтін.
Бірақ, Есболат Дүйсенов көңілі қаламайтын жерге бармаймын деп айта алмайды. Ол кезде партияның айтқаны болатын, бармауға дәрмен жоқ, әрине оған табиғаты тамаша, жері құнарлы, қалыптасқан шаруашылықты тастап кету өте қиын болды. Дегенмен, амал жоқ бұйрыққа бағыну керек. Сол барғаннан 1979 жылдан 1997 жылға дейін 18 жыл қатарынан осы ауданның ауылшаруашылық басқармасында қызмет істейді.
1979 жылдан 1981 жылға дейін ауданның бас зоотехнигі, 1981-1990 жылдары ауданның ауыл шаруашылығы басқарма бастығының орынбасары, 1990-1997 жылға дейін аудандық ауыл шаруашылығының басқармасының бастығы болып қызмет атқарды. Дегенмен, алынбайтын қамал жоқ екен. Арнайы мамандардың, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің нәтижелі жұмысының арқасында сол жылдары аудандық ауылшаруашылығының көрсеткіштері айтарлықтай өседі. Халықтың әлеуметтік жағдайы да жақсарады.
Сілеті ауданының барлық шаруа­шылықтары туберкулез бен бруцеллез малдардан құтылып, жаңа фермалар салынып, сауықтырылады. Мал басы көбейеді. Ауыл шаруашылығы өнімдері – бидай, сүт, ет, қойдың жүнінен берген тапсырмалар артығымен орындалады. Міне, осы жұмыстың табысты жүруіне сол жылдары Есболат Қасымұлы белсене қатысқан еді.
1997 жылы Есболат Қасымұлы Дүйсенов Бұланды ауданының Суворов атындағы шаруашылығына директор, одан кейін Атбасар ауданының ең үлкен шаруашылығы Максим Горький совхозында директор, кейіннен зейнетке шыққанға дейін Целиноград ауданының «Оразақ» шаруашылығында директор болып, 2010 жылға дейін қызмет атқарады.
Сөйтіп, бүкіл өмірі мен еңбек жолын Есболат Қасымұлы Қазақ елінің ауыл шаруашылығына арнап, қаншама маман кадрлар дайындап, қарапайым жұмысшылар мен ауыл еңбеккерлерінің жағдайын жасап, елдің құрметтісі атанады.
Осындай жетістікке қалай жеттіңіз деген сұрағыма, Есболат Қасымұлы ойлана отырып: «Қай жерде қызмет атқарсам да, адал еңбек еттім. Елге, қарамағымдағы жұмысшыларға жақын болдым. Тәжірибиесі мол қарапайым жұмысшылардан үйренуден қашпадым, керісінше мына жағдайда не істеуге болады деп олармен ақылдасып отырдым. Сондықтан да болар мені жұмысшыларым да, ауылдастарым да маған сенді және айтқанымды бұлжытпай орындап, мені құрметтеді» деп өткен еңбек жолдарындағы жемісті жылдарын еске алып біршама әңгіме айтты.
Есболат Дүйсенов құрметті демалысқа шығысымен балаларының оқуына байланысты отбасымен елордаға көшіп келеді. Мұнда да қарап отырмайды, келісімен қазіргі Нұр-Сұлтан қалалық ардагерлер Кеңесіне келіп, алғашында кеңесші, кейіннен төрағаның орынбасары болып қызмет атқаруда.
Ал енді отбасы жайлы айтатын болсақ, Есболат Қасымұлы 1970 жылы өзімен бірінші кластан бірге оқыған, ауылдас қызы Үміт Әлібекқызымен үйленіп, отау құрады. Бүгінде екеуі төрт баланы өмірге әкелген ата-ана. Балаларының бәрі – жоғары оқу орындарында оқып, білім алған мамандар. Олар қазірде әр салада қызмет атқарып, өздері де бала-шағалы атанып отыр. Есболат пен Үміттің 10 немересі бар. Тіпті немерелерінің алды жоғары оқу орындарын бітіріп, бүгінде елорда төрінде еңбек етіп жүр.
Бақытты отбасының отағасы Есболат пен отанасы Үміттің қосылғандарына – 50 жыл. Жан жолдасы Үміт Әлібекқызы медицина саласында 40 жыл еңбек етіп, құрметті демалысқа шыққаннан кейін ол да ардагерлер Кеңесіне қол ұшын беріп келеді. 15 жылдан бері Алматы ауданының бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы. «Елорда» атты ардагерлер хорын ұйымдастырып, соған басшылық етуде, хордың құрылғанына биыл 12 жыл толыпты. Әрі, Үміт Әлібекқызы Алматы аудандық ардагерлер Кеңесінің медициналық тұрақты комиссиясының төрайымы ретінде ардагерлердің денсаулығын қорғауда да айтарлықтай үлес қосуда.
– Құрметті демалысқа шыққаннан кейін, рахаттанып демалмадыңыз ба деген сұрағыма, Есболат Қасымұлы:
– Үкіметіміз бен қоғам, тіпті қолынан іс келетін адамдар қариялар мен ардагерлерге назар аударып, қарттарымыз қазынамыз екенін түсінсе, ата-бабамыздан келе жатқан игі дәстүріміз жалғасып, жастарымыз қайырымдылық пен үлкенді сыйлау дегенді ұмытпас еді. Міне, сондықтан да осы жауапты істі қалған өмірімде жалғастырсам деп осы ардагерлер Кеңесіне келдім.
– «Қарттары бар ел – қазыналы ел» дейсіз ғой?
– Осыған ұқсас тағы бір мақал бар, «Көп жасаған қария – ақылы теңіз дария» деген қасиетті сөздің мағынасын терең түсінсек, біздің қай-қайсымызда адами тұрғыда биіктен көрінер едік. Үлкендерді сыйлау – өміріміздің мәні, сәні деп ойласақ қана біз ата-баба салып кеткен тәрбиенің биігінен көрінер едік. Міне, мен осыны түсіндім. Сондықтан да үйде қарап отырмай, тіпті отыра алмай ардагерлер Кеңесінен бір кетіп, бір келдім ғой.
– Яғни жақсылық жасауды міндет емес, парыз деп түсінесіз ғой?
– Өте дұрыс айттыңыз. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, еліміздің бейбіт, әрі тыныш өмір сүруіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыздың арқасы деп есептеймін. Ендігі өмірім мен қызметім осы қазыналы қарттарымызға арналсын.
Шынында да, елордада тұратын соғыс ардагерлерінің әрбірінің өмірімен Есболат Қасымұлы таныс десек артық айтпас едім. Ол кезде соғыс ардагерлерінің көбінің көзі тірі, олардың көбі ардагерлер Кеңесіне келіп жүретін кез. Қай кезде келсем де, Ерекең төсекте жатып қалған соғыс ардагерлерімен телефон арқылы да шүйіркелесіп әңгімелесіп жататын. Тізімде тұрған әрбір ардагерді танитын, әрбірінің жағдайын білетін.
Сол жылдары мен Есболат Қасымұлының өмірде ұстанымы бар азамат екенін көрдім. Ардагерлер Кеңесіне келген әрбір соғыс ардагері ме, тіпті қарапайым еңбек ардагері болсын, олармен сыпайы әңгімелесе отырып, қандай да мәселесін шешіп беруге тырысатын. Оларды мұқият тыңдап, орындай алмайтын жұмыс болса, құр уәде бермей, бастықтың алдына апарып бар мәселесін шешіп беретін. Сонда мен «осы жұмыстан шаршамайсыз ба, уәдеңізді орындай алмасаңыз қайтесіз» деп Есболат ­Қасымұлынан сұрайтынмын. Сонда ол:
– Уәде берсем міндетті түрде орындау­ға тырысамын. Ал болмайтын жағдай болса, алдымнан ренжіп кетпесін деп сол мәселені шешуге жол іздестіремін. Хат жазып, әкімшілікке барып, жоғары жақтан көмек сұраймын, – дейді. Міне, Есболат Қасымұлы осындай адам. Әңгімемізді тағы сұрақпен жалғастырсақ.
– Есболат Қасымұлы, өзіңіз тапжылмастан осы қалалық ардагерлер Кеңесінде қызмет жасаған жылдары ақмолалық соғыс майдангерлері мен тыл ардагерлеріне арнап екі бірдей сіздің басшылығыңызбен Ұлы Жеңістің 65, 75 жылдығына орай кітап шығардыңыздар, бұл, әрине, үлкен жұмыс. Сол жайлы не айтар едіңіз?
– Жаңа айтып өттім ғой, мен бұл қоғамдық жұмысқа, ардагерлер Кеңесіне жайдан-жай келе қалған жоқпын деп. Себебі қан майданда Ұлы Отан соғысына тек менің туған Ақмола облысымнан 63 мыңнан астам адам Отанын қорғауға аттанса, соның жартысынан көбі, яғни 33950-і туған жеріне, еліне оралмай шет жақта шейіт болды. Олар – біздің осы бақытты өміріміз үшін күрескен жауынгерлер.
Ал тылда қаншама еңбек адамдары қақаған қыста, жаңбырлы күндері толарсақтан саз кешіп, ыстық аптапта жан аянбай еңбек етті. Міне, бұл – осы адамдардың ерен еңбегін көрсету мақсатында жазылған кітаптар. Қалған ғұмырымда ата-бабалар рухы риза болсын деп осы ардагерлер жайлы біраз деректер жинап кітаптың құрас­тырушы-авторына көп мәліметтер бердім. 2010 жылы «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа ұлағат», ал 2020 жылы «Ұлы Жеңіс ешқашан ұмытылмайды» деген екі кітап шығардық.
Елордада қазіргі таңда 28 ғана соғыс ардагерлері қалды. 2820 тыл еңбеккерлері бар. Олардың Отанымызға берген ерен еңбектерін тілмен жеткізе алмаймын. Майдандағы жауынгерлер сияқты, олар да Ұлы Жеңіске үлкен үлес қосты. Бүгінгі жастар, болашақ ұрпақ оны ұмытпауы керек. Шынында да соғыс майдангерлері мен тыл ардагерлерінің өткен өмір жолдарында қаншама тағдыр, әке-ағаларынан, балаларынан айырылған ата-әжелеріміз бен аналар мен балалардың көз жасы жатыр.
Міне, біздің ардагерлер Кеңесі қазірде осы кісілермен жұмыс жасау­да. Соларға қолымыздан келгенше көмегімізді беріп, шешімін таппай жатқан мәселелері болса шешіп беруге тырысамыз. Тіпті кейбір қарттардың үйлеріне арнайы комиссиямен барып, қариялардың әлеуметтік жағдайымен танысып, олардың мұң-мұқтаждарын да біліп тұрамыз.
Атап айтқанда, елордада тұрып жатқан соғыс ардагерлердің баспанасының болуын қадағаладық. Бүгінде олардың бәрі үймен қамтамасыз етілген. Жылына бір рет самолёт пен теміржол, автомобильде соғыс ардагерлері тегін жүреді. Медициналық көмек тегін көрсетіледі. Аяқ протездері мен тіс протездері тегін жасалады. Дәрі-дәрмекке, көзілдірікке, қалада таксиден басқа барлық көлік те тегін жүреді. Бір баспасөзге жазылу тегін. Қоларба мен кресло, автокөлігі болса оған қоса бензині мен қосалқы бөлшектер тегін беріліп, оны жөндеу мен оған техникалық қызмет көрсетуге өтемдік төлемдер мемлекет тарапынан тегін беріледі. Міне, осының бәрін қадағалап, қолымыздан келгенше ардагерлердің барлық сұрақтарын шешіп беруге тырысамыз,– деп Есболат Қасымұлы қазіргі жасалып жатқан көмектер жайлы да баяндап өтті.
Әрине, шешімін таппаған жұмыстар да баршылық. Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстанның орталығы болғаннан кейін жыл сайын, тіпті ай сайын келіп жатқан жаңа қоныстанушылар көп. Естеріңізде болар, бұрын елордада екі аудан ғана болса, одан кейін тағы екі аудан қосылды. Халық саны да, ардагерлеріміз де көбеюде. Сарыарқа, Есіл, Алматы, Байқоңыр аудандарымен де тығыз жұмыс жасап жатырмыз.
Бұл аудандардағы белсенді деген ардагерлерді мына пандемедияға дейін мектеп оқушылары мен орта және жоғары оқу орындарының студенттерімен кездестіріп, майдангерлеріміз мен тыл ардагерлері өздерінің мазмұнды да мағыналы өткен өмір жолдарын жастарға үлгі-өнеге ретінде айта отырып, оларды патриоттық рухта тәрбиелеуге көңіл бөлуде. Осы жайында арнайы бағдарлама жасап, мерекелі даталарды әртүрлі тақырыпта кездесулер ұйымдастырып отырдық. Үлкендер өткен өмір жолдарын еске түсіріп, бір жасап қалса, ал жастар ұлағатты ардагерлердің өмір белестерін үлгі-өнеге етіп, қазыналы қарттарымызға өз өнерлерін көрсетіп ардагерлердің батасын алатын.
Иә, қазіргі ауыр күндер де өтер, мына жаман індеттен де құтылармыз, жақсы күндеріміз оралып, ардагерлеріміз ортамызға келіп, жастарымызға ұлттық, патриоттық рух беретін өткен өмір жолдарының өнегелі істерін жеткізер күн тезірек туар деген ойдамыз.
Зейнетте отырған адамдар бір-бірімен кездесіп, пікірлесіп тұрса, адамның жан дүниесі мейірімге толып, қуанышқа бөленеді емес пе?! Міне, біздің ардагерлер осы күнді асыға күтуде. Ал біздер болсақ, осы қуанышты күнді жақындатуға бар күшімізді салудамыз.
– Яғни «Ақылды қария – ағынды дария» дейсіз ғой.
– Иә, өзіңіз еске салғандай, қазағымның кез келген мақалы – ұлтымыздың құнды қазынасы. «Есік алдында төбе болса, ерттеп қойған атпен тең, ал ауылыңда қария болса жазып қойған хатпен тең» деген дана сөзде айтылғандай, өмір көрген қарт ақсақалдарымыздың өмір жолдары өрлік пен ерліктің дастаны дейміз. Олардың өшпес өмірлік тәжірибелері берер ақыл-кеңестері шынында да бізге көбінде жетпей жатады. Сондықтан бүгінгі ұрпақтың рухын ояту үшін біздер қазіргі жастармен оларды жиі кездестіріп отыруымыз керек. Яғни ардагерлер Кеңесі екі арада көпір болу қажет.
– Иә, қайырымды, мейірімді болу адамның ең жақсы қасиеті десек, сол қайырымдылықтың ізгілігін көрсетіп отырған Есболат Қасымұлының жан-жары Үміт Әлібекқызы екеуінің отасқанының 50 жылдық мерейтойымен әрі отбасындағы бақытты күндерінің шексіз болуына тілектес­тікпен құттықтай отыра ақынның мына бір өлең жолдарымен шашу шашсақ деймін:
Алтын таққа лайықты асыл жандар,
Ұл-қызына ақыл боп шашылғандар.
Жетіпті Алтын тойдай асыл тойға,
Шаңыраққа ақ таң боп ашылғандар, – дегендей, өмірлеріңіз ғұмырлы, жандарыңыз нұрлы болсын!
Есболат Қасымұлы ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығында және қалалық ардагерлер Кеңесінде атқарған еңбегі үшін
«Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Еңбек даңқы», «Еңбек ардагері», Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрметті ардагері» төсбелгісімен және одан басқа да 10 шақты медалімен марапатталған.

Ғалия БАЛТАБАЙ,
журналист

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button