Sport

«Астана» велокомандасы «Тур де Франс-2016» жарысында 5-орын алды

Велоспорттан 22 күнге созылған жылдың ең үлкен турнирі «Тур де Франс – 2016» көпкүндігі аяқталды. 2-ші шілде күні Францияның Мон-Сен-Мишель қаласынан басталған велокөпкүндік 24 шілде күні Франция астанасы Париж қаласында өз мәресіне жетті. Бұл бәсекеге еліміздің «Астана» велокомандасы да қатысты. Биылғы жарысқа клуб басшылары екі италиялық лидер – Винченцо Нибали мен Фабио Аруды бірдей қосты. Дегенмен, капитандық міндет Аруға жүктелді. Себебі, «Тур де Франс-2014» жарысының жеңімпазы Винченцо Нибали «Джиро д’Италия-2016» турниріне қатысып, күшін сарқып алған соң негізгі жүк Фабиоға түсті.

2015 жылы Испания тас жолдарында өткен «Вуэльта» көпкүндігінің жеңімпазы Фабио Ару «Тур де Франс» жарысына биыл алғаш рет қатысқанына қарамастан 20-кезеңге дейін үздік ондықтың ішінде жүрді. Тіпті, 18-ші кезеңде мәре сызығын үшінші болып кескенін де айта кеткен жөн. Соңғы 2 турда Ару аздап босаңсып, лидерден арақашықтығын 19 минутқа созып алды. Нәтижесінде, Фабио Ару бәсекені 13-ші орынмен аяқтады. Ол турнир жеңімпазы британиялық Крис Фрумнан 19 минут 20 секундқа қалып қойды. «Тур де Франстың» 2014 жылғы жеңімпазы Нибали болса жалпы есепте 30-орыннан көрінді. Ал, жарысқа қатысқан «Астана» командасының қалған өкілдерінің нәтижесі мынадай: Танел Кангерт (26), Диего Роса (37), Луис Леон Санчес (48), Якуб Фульсанг (52), Алексей Луценко (62), Паоло Тиралонго (74) және Андрей Гривко (86) орын.
Жалпы командалық есепте «Астана» командасы 5-орын иеленді. Жас спортшылар арасында қазақстандық велеоспортшы Алексей Луценко 9-шы орын алса, таулы кезең бойынша Виченцо Нибали 36 ұпаймен 8-орынды місе тұтты.

Әли Битөре

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button