Жаңалықтар

Астанадан ауылға дейін… [21 маусым]

АСТАНА
Астанадағы «Жағалау-3» тұрғын үй кешенінде қарттардың демалысына арналған кезекті шағын орталық ашылды. Оған Есіл ауданының әкімдігі ауданның ардагерлер кеңесімен бірге мұрындық болып, орталықтың ашылуына аталмыш кешенге қызмет көрсететін «Арман» жөндеу-пайдалану учаскесі атсалысты.

АЛМАТЫ
Алматыда ТМД бойынша баламасы жоқ жоғары технологиялық жаңа зауыт салынды. Инженерлік жүйелерді қорғайтын өнім шығаратын кәсіпорын «Tokyo Rope Manufacturing» трансұлттық корпорациясына тиесілі. Нысан құрылысы жапондық инвестиция есебінен жүргізілді. Зауыт жылына 17 мыңнан аса өнім шығарады. Жаңа кәсіпорында бұрғылайтын анкерлер, аса төзімді металл арқандар, тау және карьерде қолданылатын болат торлар шығаратын және техникалық параметрі жағынан өте құнды жабдықтар орнатылған. Жапон фирмасының болат арқандары әлемдегі 20 ірі көпірдің 12-сінің құрылысында қолданылған.

ҚЫЗЫЛОРДА


Қызылордада белгілі дирижер, ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлепберген Әбдірашевке ескерткіш орнатылады. Бұл жаңалықты облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Жаңақорған ауданында өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда мәлім етті. Сыр елінің абыройын асқақтатқан таланттардың бірі – Төлепберген Әбдірашев туралы Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиев: «Төлепберген қазірдің өзінде әлемдік өнердің елеулі тұлғасы» деп баға берген. Сырдарияның сол жағалауында салынып жатқан жаңа қаладағы көшелердің біріне Т.Әбдірашевтің есімі берілмек.

АҚМОЛА
Ақмолалық археологтар аймақта бұрын-соңды кездеспеген құнды жәдігер тапты. Қоладан соғылған алқаны мамандар өңірдің Солтүстік Қазақстан облысымен шекаралас аумағында, Есіл өзенінің бойында қазба жұмыстарын жүргізу барысында кезіктірген. Оны осыдан 4 мың жыл бұрын ауқатты әйел таққан болуы мүмкін. Жақында ғана Зеренді ауданындағы атақты Кеңөткел қорымында да қола дәуіріне тиесілі алтын әшекейлер табылған болатын. Мамандардың айтуынша, арада мыңдаған жыл өтсе де, әшекейлер жақсы сақталған. Болжам бойынша, бұл жерде ру басының әйелі жерленген болуы мүмкін. Жалпы, аталған қорымда 150-ден астам археологиялық нысан бар.

БАТЫС ҚАЗАҚСТАН
Оралдағы кеме құрастыру зауыты тәуелсіздігіміздің 27 жылында 27 су көлігін жасап шығарды. Олардың қатарында жеңіл салмақтағы катерлермен қатар заманауи қондырғылармен және қаружарақтарымен жабдықталған артиллериялық кемелер де бар. Толықтай жаңғыртудан өткен кәсіпорын қазір су ығыстырғышы 600 тоннаға дейін жететін алып кемелерді құрастыруға қауқарлы. Теңізшілер тапсырысымен жасалып жатқан «Барыс» үлгісіндегі соғыс катерінің де Каспийді бетке алар күні алыс емес.

ҚАРАҒАНДЫ
Мемлекеттік қызметтің 20 жылдығына арналған республикалық шара өтті. Оны ұйымдастырған Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі. Осы шарадан жиналған 1,4 млн теңге ауыр дертке шалдыққан балаларды емдеуге Аружан Сайнның «Дом» қайырымдылық қорына аударылды. Аталған акцияны Ержан Шынкеев, Максим Раков сияқты танымал спортшылар да қолдады.

ШЫМКЕНТ
Шымкентте коррекциялық бағыттағы екі балабақша ашылды. 110 орындық нысанды кәсіпкер-меценат, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Қайрат Молдасейітов өз қаржысына салдырған. Жобаның жалпы құны – 280 млн теңге. Жаңа орталықтың бірі психикалық дамуы шектеулі балаларға арналған. Ал екіншісі тірек-қимыл функциялары бұзылған балғындарды дамытуға бағытталған.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button