Жаңалықтар

«АЖАЛДЫ ЖЕҢГЕН ПОЛК»

Астанада Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Ажалды жеңген полк» атты патриоттық шара өтеді.

Астана қаласы әкімдігі және «Жас Отан» жастар қанатының қолдауымен өтетін айтулы шара жөнінде негізгі ұйымдастырушылардың бірі  – Астана қаласының  «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Кенжебеков түсінік берді:

«Ажалды жеңген полк» («Бессмертный полк») акциясының басты мақсаты – соғыс барысында қаза тапқан отандастарымызға тағзым жасау.  Атап айтқанда, 9 мамыр күні, яғни Жеңіс мерекесінде елордамыздағы «Ауғанстан соғысында қаза болған қазақстандықтар мемориалы»  жанынан басталатын шеру «Отан қорғаушылар» алаңындағы «Отан Ана» ескерткішіне дейін барады. Шеруге қатысушылар қолдарына А3 форматында жасалған портреттер ұстап жүреді. Портреттерде соғыс кезінде, сонымен қатар, бейбіт өмірде қайтыс болған Ұлы Отан соғысы  майдангерлері мен Ауғанстанда интернационалистік борышын өтеу барысында қаза болған жауынгерлердің суреттері бейнеленеді. Міне, осындай акция арқылы біз бүгінгі жас ұрпаққа ардагерлер ерлігін жеткізуді, сол арқылы барша қазақстандықтардың бойына отандық патриотизм сезімін дарыта түсуді көздейміз. Тағы бір айтарымыз, осындай акцияны еліміздің басқа қалаларында да өткізу жоспарланып отыр».

Ауғанстан соғысы ардагерлері ұйымдарының бастамасымен өткізілетін айтулы осындай патриоттық акцияға қаламыздың кез келген тұрғыны қатыса алады. Ол үшін 9 мамыр күні Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер атаңыздың немесе Ауғанстан соғысында  қаза болған ағаңыздың суретін А3 форматына түсіріп, шеруге қосылыңыз. Бұл сіздің Отан үшін от кешкен жақыныңызға деген зор құрмет болмақ.

  Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button