Руханият

Бағы басым бағаналы басылым

Асқақ астана маған «Астана ақшамы» арқылы құшақ ашты. Бас қалаға бауыр баса алмай, бе­йімделе алмай жүрген бастапқы жылдары осы басылымға қызметке тұрып, елордада өзімді еркін сезіне бастадым. Сондықтан мен үшін астана мен «Ақшам» егіз ұғымдай.

Журналистік жолымның басы – «Астана ақшамы» газетіндегі қызметім 2014 жылдың басында басталды. Бас қаланың бас басылымының табалдырығын корректор болып аттадым. Сол тұста жаңа жылдың жақсы жаңалығындай қабылданған бұл қадамым кейін өмірімдегі ерекше бетбұрыс болғанын ұғындым.
Редакциядағы орным – қаламы жүйрік журналистердің сужаңа мақалаларын суытпай газет етіп қалыптайтын секрета­риатта. Осы кабинетте терімші, корректорлар, бет қаттаушы дизайнерлер қатар отырдық. Кабинеттес болмасақ та, үнемі қасымыздан шықпайтын жетекшіміз – жауапты хатшы бар. Ол – барлық кабинеттің арасын жалғап тұрған дәнекер, жүйелі жұмыстың үйлестірушісі. Жауапты хатшы нөмірге жоспарланған мақалаларды қолымызға тапсырады. Содан біз, корректорлар, материалдың қатесін қарап отырып, оның қалай жазылғанын, тақырыптың қалай қойылғанын, редакторлар қалай түзегенін – бәрін сүзіп шығамыз. Соның арқасында мақаланы тиянақты, қатесіз құрудан біршама хабардар болып қалдым.
Бұрыннан жазу-сызуға бе­йімім болғандықтан, журналист болғым келетін ниетімді жұмысқа кірерде бірден аңғартқанмын. Кейін журналистер кабинетіне ауысып, мақала жаза бастағанда корректор дейтін баспалдақтан өткенімнің көп көмегі тигенін түсіндім. Ал бұл кабинетте тәжірибелі журналистерден жедел әрі жүйелі жазудың қыр-сырына бір кісідей қанықтым. Сөйтіп тілшілік тірлікке араласып, жазғандарым басшылар тарапынан мақталса, кәдімгідей мерейім тасып, мәз болып қалатынмын. Тауып қойған тақырыбым тура келіп, аталып жатса, оның өзі – бөлек қуаныш. Мұнда ешкімнің еңбегі елеусіз қалмайтын. Талаптанғандарды қашанда қолдап, қолпаштап отыратын. Жазуым түзеліп, шыңдала бастағанда аға тілші, кейін шолушы етіп қойды.
Бұдан кейін тағы кабинет ауыстырып, жауапты хатшы қызметіне кірістім. Мұның қаншалықты жауапты жұмыс екенін, негізінен, секрета­риат пен журналистер кабине­тінің ынтымақтастығына, бірлескен ілгерінді ісіне бағытталғанын жоғарыда атап өттім. Бұл жұмысқа жегілгенім газеттегі тәжірибемді әжептәуір шыңдады. Басы-­аяғы бір-екі жылдың ішінде осынша қолдау көргенім – жас журналист мен үшін үлкен мәртебе.
Осылайша «Астана ақшамы» қаламымды ұштаған, төске салып түзеген ұстахана болды. Үйреткені көп үлкен ағалардың алдын көрдім. Бәйтерек түбіндегі редакциямыз ұйымшыл ұжымым, қамқор, тілеуқор әріптестерімнің арқасында ыстық ұяма айналды. Елордалық басылымда бес жылдан аса уақыт жұмыс істеп, ел газеті «Егемен Қазақстанға» ауысарда ақеділ тілегін арнаған әріптестер қатарында Аманғали Қалжан ағам «Орынбек екеуміз тағдырласпыз» деп айтып еді. Қазір ойлап қарасам, «Ақшамда» істегендер, расында, тағдырласпыз деуге болатын сияқты. Өйткені «Ақшам» көбімізге мектеп болды әрі елордаға орнығып, сіңісіп кетуімізге септігін тигізді. Мұның бір дәлелі – Бекен Қайратұлы ағамның «Аузымды аққа тигізген Ақшам» деген жылы сөзін кейін бірнеше журналистің қайталап айтып жүргенін көрдім.
Елорда өміріндегі елеулі уақиғаларды қағыс жібермейтін, астананың айнасындай, шежіресіндей бұл газетте жұмыс істеу несібеме бұйырғанына қуаныштымын. Басты орданың бағаналы бір ордасындай басылымның қашанда бағы басым, бағыты айқын болуына тілектеспін!

Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
журналист

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button