Елорда тынысы

Байқоңыр тұрғындары белсенді

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Байқоңыр ауданының тұрғындарымен ­кездесіп, аудан аумағын дамыту мәселелеріне тоқталды.

[smartslider3 slider=2984]

«Байқоңыр ауданын дамыту мәселесін жергілікті тұрғындармен талқыладық. Кездесуіміз үш сағаттан аса уақытқа созылды. Ниет білдіргендер сұрақ қойып, ұсыныстарын да айтты. Біз өз тұрғындарымызды аудандарға бөліп-жармаймыз, біз үшін бәрі бірдей.

Кездесуде тұрғындар әлеуметтік нысандар, инженерлік желілер, жолдар, аулалар мен қоғамдық кеңістіктер құрылысы, тұрғын үй кешендерін жөндеу, жаңа автобус бағыттарын іске қосу, интернет сапасын жақсарту, жол қозғалысы, инженерлік желілер секілді түрлі мәселелерді көтерді» деді әкім.

Тұрғындарды толғандырған басты мәселе әлеуметтік нысандар төңірегінде болды. Бұл ретте бас қала басшысы қазір әлеуметтік нысандар (мектептер, қолжетімді тұрғын үйлер, медициналық орталықтар, спорт және демалыс орталықтары) құрылысы елорданың барлық ауданында, оның ішінде Байқоңыр ауданында да жүріп жатқанын атап өтті.

«Мәселен, қала тұрғындарының өтініші бойынша «Кирпичный» елді мекенінде апатты жағдайда тұрған мектепті бұзып, жаңасын саламыз. Сол сияқты жол жұмыстары, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді салу және абаттандыру, жарықтандыру секілді өзге де жұмыстар басталды. Дегенмен елордадағы әр ауданның шешілмей келе жатқан өте маңызды және күрделі проблемалары бар. Атап айтсақ, Байқоңыр ауданына қарасты Күлтегін көшесінің бойында жоғары вольтты электр беру желісі орналасқан. Бұл проблеманың шешілмей келе жатқанына 26 жыл болды. Қала тұрғындарымен кездесуден кейін біз жоғары вольтты электр беру желісін көшіріп, үйлерді (Асан қайғы көшесі) бұзу туралы шешім қабылдадық, олар кезең-кезеңімен 3-5 жыл бойы жүргізіледі» деді А.Көлгінов.

Қазіргі уақытта жоғары вольтты электр беру желісін көшіру бойынша жобалық құжаттаманы әзірлеу жөнінде жұмыстар жүріп жатыр, ал әрі қарай конкурс жарияланады. Кейін үйлерді сатып алып, тұрғындар көшіріледі. Бұл шағын ауданды одан әрі дамыту және басқа үйлерді сатып алу үшін инвесторлар тартуға оң әсерін тигізеді.

Тұрғындармен кездесу барысында сол сияқты судың қысымы туралы проблема да көтерілді.

«Осыған дейін айтқанымдай, өткен жылдан бастап сорғы-сүзу стансасының (3-ССС) құрылысына кірістік. Нысан ішінара осы жылдың соңына қарай пайдалануға беріледі, ал 2023 жылдан бастап жаңа 3-ССС жұмысының қуатын арттырамыз. Қазір тәулігіне 300 мың текше метрді тұтынатын болсақ, онда 3-ССС қуаты тәулігіне қосымша 100 мың текше метрден асады. Кездесу барысында көтерілген проблемаларды шешу мәселесін қолға алдық, оларды іске асыру жоспарына енгіземіз» деді елорда әкімі.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button