Жаңалықтар

ҚР Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссиясының кезекті отырысы болып өтті

2016 жылы 27 мамырда Астана қаласында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Н.Әбдіқалықованың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссиясының кезекті отырысы болып өтті.

Мемлекеттік хатшы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын іске асыру шеңберінде басты жалпыұлттық құндылықтарды айқындап берген «Мәңгілік Ел» Патриоттық Актісі қабылданғанын атап өтті. Г.Н.Әбдіқалықова  Қазақстанның әйелдер қоғамдастығы «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын ілгерілетуге өз үлесін қосатынына үміт білдірді.

Отырыста гендерлік бюджеттеу мен оны Қазақстан Республикасында енгізудің келешегі қаралды. Айталық, Ұлттық экономика министрлігінің ақпараты бойынша гендерлік бюджеттеудің негізгі міндеті жеке бір жыныстың игілігі үшін емес, тұтастай халыққа бюджетті жоспарлау, сонымен қатар әрбір отбасының өмір сүру деңгейін арттыру болып саналады.

Бүгінгі таңда гендерлік бюджеттеу әлеуметтік дамудың  2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын, Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын, Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын, Жұмыспен қамтудың 2020 жол картасын, Бизнестің 2020 жол картасын және т.б. іске асыру шеңберінде әйелдердің іскерлік белсенділігін арттыруды, халықты жұмыспен қамтуды, ана мен баланы әлеуметтік қорғауды көздейтін шараларды іске асыру арқылы ілгері дамуда.

Отырыста, сондай-ақ ерлердің репродуктивті денсаулығын жақсарту жөніндегі шаралар туралы мәселелер қаралды. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ақпараты бойынша Қазақстандағы ерлердің ұрпақты болу жүйесі аурулары, тыныс алу органдарының, қан айналым жүйесі мен ас қорыту ауруларынан кейінгі таралуы бойынша төртінші орын алады. 2015 жылы уроандрологиялық аурулардың 591 мың оқиғасы тіркелген. Бүгінгі таңда осы ауруларды анықтау үшін еліміздің барлық өңірлерінде урологиялық және андрологиялық көмек көрсететін медициналық ұйымдар құрылды, олардың шеңберінде «Ерлер денсаулығы мен отбасылық ұзақ өмір сүру орталықтары» жұмыс жасай бастады. 2015 жылы осы орталықтарда ерлердің ұрпақты болу жүйесі аурулары бойынша 44 606 ер азаматтар тексеруден өткізілді және емделді.

Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтарының жұмысы туралы мәселе қаралды. Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы шараларының бірі Қазақстанның барлық өңірлерінде дағдарыс орталықтарын құру болып табылады. Бүгінде республикада 28 дағдарыс орталығы, олардың 17-де баспаналар бар. Аталған орталықтарда 2015 жылы зорлықтың құрбандарына көмек көрсету мақсатында 211 маман тартылып, 16,8 мың әйелге кеңес берілді. Дағдарыс орталығының сенім телефонына 2015 жылы 14 мың қоңырау келіп түсті, 11,3 мың әйел осы орталыққа көмек алу үшін байланысқа шығып, олардың 975-і баспаналарға орналастырылған.

Отырыс соңында  Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Н.Әбдіқалықова қаралған мәселер бойынша мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button