Денсаулық

Бейбіт БҰЛДЫБАЕВ: ТУБЕРКУЛЕЗ ТЕГІН ЕМДЕЛЕДІ

IMG_0188

Бейбіт БҰЛДЫБАЕВ, Астана қаласы Туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері

Айдана:

– Қалалық туберкулезге қарсы диспансер қазіргі заман талабына сай қандай құрылғылармен жабдықталған?
– Бүгінгі таңда Астана қалалық туберкулезге қарсы диспансер «BACTEC», «Хайн-тест», «G-XPERT» сынды заманауи жаңа аппараттармен жұмыс істейді. Соңғы алынған «G-XPERT» аппаратының көмегімен екі сағаттың ішінде туберкулездің бар-жоқтығы анықталса, осыдан бір жыл бұрын сатып алынған «Хайн-тест» екі күннің ішінде жауап беретін. Ал, америкалық «BACTEC» аппараты екі-үш жұманың ішінде анықтайды. Бұл аппараттар болмаған кезде науқастардың диагнозы уақтылы анықталмайтын. Қазіргі заманауи аппараттар науқасқа дұрыс диагноз қоюды жылдамдатты. Көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін біздің диспансерде қосымша фтизиопедиатрлық және фтизиатрлық учаскелер ұйымдастырылды. Олар тұрғындарға кәсіптік медициналық көмек көрсетеді. Сонымен қатар, диспансерде туберкулезді емдеудің жоғары тиімділігін көрсету үшін плазмоферез емінің процедурасы енгізілді, бұл туберкулездің өте ауыр түріне шалдыққан науқастың жазылуын екі есе тездетеді. Науқастарға хирургиялық көмек көрсету барысында эндобронхылы блокаторлар жақсы қолданылуда, бұл хирургиялық емдеудің тиімділігін жоғарылатады. Осылайша, аурухананың жаңа аппараттармен жарақтандырылуы нақты диагностика жасауға мүмкіндік беріп, соңғы кезде өлім-жітім екі есеге дейін, ал ауруға шалдығатындардың қатары 40 пайызға дейін азайды. Бұл ретте қала әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасы бізге үнемі қолдау көрсетіп келеді.

Серік:
– Жаңа ғимарат салынып жатыр дегенді естідім. Бүгінгі таңда ондағы жұмыстар аяқталуға жақын ба?
– Өздеріңіз жақсы білесіздер, елордамыз көз ілеспес шапшаңдықпен дамып келеді. Осыған байланысты туберкулезге қарсы диспансердің қазіргі ғимараты шаһардың ортасында қалып қойды. 2012 жылы 12 сәуірде Елбасы Қазақстан азаматтарымен кездесуінде қала әкімдігіне жеке тапсырма берген болатын. Соның негізінде қаланың сыртында, Қырқыншы стансада туберкулезге қарсы жаңа диспансердің құрылысы кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Ондағы палаталар бір немесе екі адамға арналған. Мұнда аурухана қызметкерлерінің жұмыс істеуіне және науқастардың емделуіне барлық жағдай жасалған. Әлемдік стандарттарға жауап беретін аппараттар сатып алынуда. Ғимарат келер жылдың ортасына таман пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Динара:
– Соңғы кезде сіңлімнің көңіл-күйі болмай жүр еді. Сөйтсем, бекер емес екен. Дәрігерлер туберкулезге шалдыққанын анықтап, ауруханаға жатқызды. Білейін дегенім: осы ауру емделе ме?
– Әрине, егер ауру дер кезінде анықталып, науқас дәрігердің нұсқауларын уақтылы орындап, дәрі-дәрмекті үзбей ішіп отырса, туберкулез емделеді. Дегенмен, кейбіреулер өз денсаулығына жауапсыз қарап, емдеу курсын толығымен өтпейді. Кейін емделуді қайта бастағанда туберкулезге қарсы дәрі-дәрмектер әсер етпей жатады. Өйткені, ағзада туберкулез микобактерияларының мутациясы орын алады. Содан кейін жаңа емдеу курсын, басқа дәрі-дәрмектермен, ұзақ мерзімге тағайындау қажет болады. Осыны науқасқа шалдыққандардың барлығы бірдей ескере бермейді. Уақытты өткізіп алмай, анықталған сәттен бастап емдесе, оның алдын алу оңайға соғады.

Айгерім:
– Қаламызда туберкулезге тексерілу және емделу тегін бе әлде ақылы ма?
– Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне сәйкес, туберкулезге қарсы көмек Қазақстан Республикасының азаматтарына тегін көрсетіледі. Туберкулез ауруының алғашқы белгілері пайда болған кезде әрбір азамат тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға қаралуы тиіс. Дәрігер диагностикалық алгоритм негізінде тексеру жүргізіп, қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі белгілейтін құжаттарға сәйкес туберкулезге қарсы диспансерге толық тексерілуге және емделуге жібереді.

Қарлығаш:
– Биыл менің балам бірінші сыныпқа барады. Туберкулезге қарсы егілуі қажет екен. Оны міндетті түрде алуымыз керек пе? Кері көрсетілімдер болмай ма?
– Туберкулезге қарсы алғаш рет егу перзентханада жүргізіледі. Содан соң жеті жылдан кейін қайталама вакцинациясы, яғни, ревакцинация жүргізіледі. Ол қауіпсіз және туберкулезге қарсы иммунитет қалыптасуына көмектеседі.

Берік:
– Жұмысқа тұру кезінде тубдис­пансерде есепте тұрмағаным туралы анықтама талап етті. Оны қалай және қай кезде алуға болады?
– Аталған анықтаманы алу үшін сіз туберкулезге қарсы диспансердің тіркеу бөлімшесіне келіп, жеке куәлігіңіз бен флюорографиялық түсіріліміңізді ұсынасыз. Ондағылар сізді учаскелік фтизиатрдың қабылдауына жібереді.

Балапан:
– Туберкулезбен ауырып жазылған адамдар қандай жағдайларда жұмысқа жіберілмейді?
– Егер азамат туберкулезбен ауырған болса, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің №218 бұйрығына сәйкес босану үйлерінде, балалар ауруханасында, жаңадан туылған балалардың патологиясы бөлімшесінде, мектепке дейінгі мекемелерде және мектептің бастауыш сыныптарында жұмыс істеуге тыйым салынады. Басқа жағдайларда адам кәсіби қызметін жалғастыра алады.

Айдана:
– Туберкулезбен ауырған науқастар­ға әлеуметтік көмек көрсетіле ме?
– Астана қаласында амбулаториялық жағдайда демеуші фаза бойынша туберкулезге қарсы ем қабылдайтын науқастар ай сайын барлығы 15 килограмдай азық-түлік жиынтығын алады. Оның ішіне жармалардың барлық түрі, май, қойытылған сүт, бұқтырылған ет және т.б. азық-түліктер кіреді. Одан басқа, біздің амбулаториялық емделудегі барлық пациенттер қоғамдық көлікте жүру билеттерін алады.

Жанат:
– Туберкулездің төзімді түрі деген не және ол несімен қауіпті?
– Туберкулездің мультирезистентті түрі – ол микобактериялар төзімді болып кететін туберкулездің ерекше түрі, яғни, бірінші қатардағы анағұрлым нәтижелі туберкулезге қарсы дәрі-дәрмектермен – изониазид және рифампецинмен емдегенде жойылмайды және бұл жағдайда ем қиын өтеді. Ол қымбат дәрілерді, науқастың, оның туыстарының, медициналық және әлеуметтік қызметкерлердің ұзақ уақытқа дейін үлкен моральдық және физикалық күшін қажет етеді. Ал егерде мультирезистентті туберкулезді емдеу кезінде үзілістерге жол берілсе, супертөзімді туберкулездің өрбуі мүмкін, оны емдеу анағұрлым қиынға соғады.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

3 пікірлер

  1. 2007 де туберкулезбен ауырганмын, содан емделдим, дарини узбей иштим. Учеттан шгарп жберди. Бирак орны калат екен али кунге дин. Ендиги сурагым, полиция кызметыне жумыска тура аламба?

Пікір үстеу

Back to top button