Білім

Білікті ұстаз биігі

Қазіргі заман мұғалімі шығармашыл, талапшыл, рухани әлемі бай, күш-қайраты мол ұстаз болуы керек. Осындай ұстаздардың бірі – Астана қаласы Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназияның орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Рупия Кушниязова.

Ол пәндік білім беріп қана қоймай, әр оқушының өмірге деген өзіндік көзқарасын қалыптастыруға барын салып көмектесіп жүр. Ұстаздық жолда жүргеніне – 32 жыл. Осы жолдағы мақсаты – әр баланың бойына өзіне деген сенімділікті ұялату, адами құндылықтарды дарыту, ең негізгісі, адам етіп тәрбиелеп шығару. Рупия Кушбойқызы кез келген баланың тілін таба біледі. Креативті мұғалім, сабақтарында әртүрлі виртуалды білім платформаларын пайдаланып, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырады. Сабақтарында оқушылардың оқылым, жазылым, айтылым, тыңдалым дағдыларын дамытуға бар күшін салады.

Рупия Кушбойқызы – педагог-зерттеуші. Ұстаз ретінде үнемі ізденісте жүреді, шығармашылықпен жұмыс істеуге құштар, өз жұмысында озық іс-тәжірибелерді барынша қамтуға тырысады. Білікті педагогтың бастамасымен 2018 жылы И.Есенберлин атындағы №67 гимназияда «Виртуалды оқыту ортасы. Сандық сауаттылық» эксперименталды алаңы жұмыс жасады. Әсіресе, бұл жұмыс қашықтан оқыту барысында өте маңызды болды. Осы өзекті жұмыс нәтижелерімен педагог 2018 жылы «Педагогикалық идеялар фестивалі» ХІ қалалық конкурсына қатысып, грамотамен марапатталды.

Рупия Кушниязованың білім саласындағы қажырлы еңбегі еленіп, бірнеше марапатқа ие болды,  Білім және Ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, Білім басқармасының Құрмет грамоталарымен және әкімдіктің Алғыс хаттарымен марапатталды.

І. Есенберлин атындағы №67 гимназия қабырғасында 2019 жылдан бастап халықаралық «SHARE» жобасы аясында іс-әрекеттегі зерттеудің негізгі тобында жұмыс істеді. Рупия Кушбойқызы – осы жобаны белсенді іске асырушылардың бірі, жоба аясында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, көпшілікке ұсынды. Бүгінгі таңда Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназияда жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстарының белсенді қатысушысы.

Тәжірибелі педагог сыншы-жолдас ретінде, жас мамандарға ақылшы-тәлімгер ретінде әріптестеріне қолдау көрсетіп, әдістемелік тұрғыда өз көмегін беруден аянбайды. Ұстаздық жолында оның өткізген тренинг, коучинг, семинарларын саусақпен санау тіпті мүмкін емес. Педагог тәлімгерлік жұмыспен айналысып, бірнеше буын жас мамандарды тәрбиелеп, әдістемелік қолдау көрсетіп келеді.

Жаңашылдыққа жаны құмар ұстаз зерттеу жұмыстарын жүргізіп, озық тәжірибесін әріптестерінің назарына ұсынды. «Виртуальная среда обучения. Русский язык и литература. 7 класс» атты авторлық бағдарламасы 2019 жылы республика көлемінде таратылды. «Развитие навыков чтения» тапсырмалар жинағы 2023 жылы қала көлемінде таратылды.

Рупия Кушбойқызы – педагогтар арасында ғана емес, оқушылар арасында ерекше құрметке ие мұғалім. Білікті маман ретінде өз оқушыларын жетістіктерге жетелей біледі. Шәкірттері үнемі, жүйелі түрде сайыстарға, шығармашылық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Әсіресе, дарынды балалармен жұмысы да өз нәтижесін көрсетіп жатыр:  жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың ІІ (аудандық) кезеңінің қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі пәнінен 2014 жылы 8-сынып оқушысы Айзат Аймағанбетова мадақтама алса, 2022 жылы 6-сынып оқушысы Олжас Загипаров ІІІ орынды, 2022 жылы 9-сынып оқушысы Биназир Оралбек ІІІ орынды жеңіп алды. 2023 жылы 9-сынып оқушысы Қаһарман Бақдаулет пен 11-сынып оқушысы Пазыл Махаббат мадақтамамен марапатталса, 10-сынып оқушысы Бірлік Гүлназ жарыста оза шауып, ІІ орын иеленді.

Мектепте сыйлы, оқушылары үшін ұлағатты ұстаз Рупия Кушбойқызы – отбасы құндылықтарын ерекше дәріптейтін жан. Жолдасы екеуі 3 қыз тәрбиелеп отыр. Отбасылық ұстанымдары, дәстүрлері қалыптасқан жанұя. Мектепте ұстаз болса, отбасында ардақты ана, сүйікті жар. Қыздарын үлкендерді құрметтеуге, мейірімді болуға тәрбиелеп келеді. Бос уақытында  дәмді ас пісіруді, тігін тігуді жақсы көреді, нағыз шебері деуге де болады.

– Білім саласы ғана емес, мені қоғамдағы біраз мәселелер толғандырады. Мені, әсіресе, адамдардың бойындағы рухани кедейлік, оқу-білімге ұмтылудан гөрі «телефономанияға» көп мән беруі қатты мазалайды. Оқушыларға үнемі айтамын, рухани кедейлік бәрінен жаман, одан арылу үшін кітап оқу керектігін, «телефономания» дертіне ұшырамау үшін шынайы өмір мен виртуалды өмір ортасында өмір сүру керектегін үнемі айтып отырамын, – дейді Рупия Кушбойқызы толғана отырып.

«Жеті қырлы, бір сырлы», мінезге бай, үлкен парасат иесі Рупия Кушниязова – қоғамдық жұмыстармен де белсене айналысатын, әрдайым ізденіп, қазіргі заман талабына сай білім беруді көздейтін, алдына қойған мақсатына оқушыларын да, өзін де жетелей білетін жаңашыл ұстаз.

                                                                                     Гүлжанат АБДРАМАНОВА,                                                                                      Қайым Мұхамедханов атындағы № 90 гимназия директоры

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button