Мәслихат

БЮДЖЕТКЕ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ

ZAH_9388

Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс қырық тоғызыншы сессиясына қала әкімінің орынбасары А.Лукин, аудан әкімдері, елордалық басқармалардың басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша қалалық сайлау комиссиясының төрағасы И.Жалбиров баяндама жасап, Астанадағы №4 сайлау округі бойынша жақында өткен қалалық мәслихаттың депутатын сайлау қорытындысы бойынша «Астана» Медицина университетінің ректоры Мәжит Шайдаровтың жеңіске жетіп, халық қалаулысы атанғанын жеткізді.

Одан кейін Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ж.Нұрпейісов Астана қала­сының 2015-2017 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды. Осыған орай, ол Астана қаласының 2015-2017 жылдарға нақтыланған бюджет жобасында республикалық бюджетті нақтылау шегінде нысаналы трансферттер бойынша өзгерістер мен толықтырулар ескерілгеніне тоқтала келе, «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасы бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген трансферттердің 4 және 5-енгізілімнің жылу магис­тральдарын салуға және  тұрғын үйлердің жылу трассасын, сондай-ақ, №26 апатты мектепті жөндеуге бағытталатынын атап өтті. Сонымен қатар, осы нақтылану шегінде Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға орай шығыстарды оңтайландыру жүргізілді. Нәтижесінде, республикалық бюджетті нақтылау кезінде Астана қаласы бойынша трансферттер 8 млрд 464 млн теңгеге азайтылды.

«Осылайша, Астананың 2015 жылғы нақтыланған бюджетінің көлемі 349,861 млрд теңгені құрайды. Жеке табыстар бойынша түскен қаржы 169,194 млрд теңге, рес­публика бюджетінен трансферттер 168,882 млрд теңге. Қосымша қаржы әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға жұмсалатын болады. Бұл ретте елорданың жолдары мен көшелері қайта жөнделіп, салынады, инженерлік желілер тартылады, аялдама бекеттері қалпына келтіріліп, жедел жәрдем бригадалары үшін жаңа машиналар сатып алынады. Сондай-ақ, алдағы уақытта қалалық мектептердің жапсаржайларын жобалау және жаңа балабақшалар салу жұмыстары жалғасады», – деді Ж.Нұрпейісов.

Қала әкімінің орынбасары А.Лукин болса, «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында бюджеттен бөлінген қаржы алдымен бас қалада жылу магистральдары мен мектептер салуға жұмсалатынын жеткізді.

– Бұл ретте қала әкімдігі бюджет қаржысын игеруді тұрақты түрде қадағалап отырады. Сонымен бірге, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен бірлескен жұмыстар жүргізіліп, дебиторлық және кредиторлық қарыздардың өсуіне жол бермеу де тұрақты бақылауда болады, – деді А.Лукин.

Сессия барысында сондай-ақ, Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуге байланысты Астана қаласы азаматтарының жекелеген санаттарына қосымша әлеуметтік көмек көрсету мәселесі тал­қыланды. Осыған орай, Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Әбуева Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне қаржылай өтемақы төлеу мен оларды бірыңғай киімдермен қамтамасыз етіп, тылда еңбек еткендерді дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуде және санаториялық-курорттық емделуге баруда елу пайыз жеңілдікті пайдалану жөніндегі ұсынысын білдірді. Халық қалаулылары бұл ұсыныстарды бірауыздан мақұлдады.

Сессия барысында мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін және өзге де жылжымайтын мүлікті сатып алу туралы шарттардың жобалары келісілді. Бұл жерлерге 1200 оқушыға лайықталған мектеп пен 240 орындық балабақша салынбақшы.

Сонымен бірге Астана қаласы мәслихатының бірқатар шешімдеріне өзгерістер енгізіліп, қала әкімдігінің жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық және өзара қарым-қатынас жөніндегі консультативтік кеңестің, мемлекеттік рәміздер жөніндегі, сондай-ақ, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиялардың құрамы өзгертілді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button