Әлеумет

Денсаулық саласының жаңа тынысы ашылады

– Партияның 20 жылдық мерейтойымен қатар келген «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің, ынтымағының арқасында қол жеткен жетістіктерге тоқталып, халыққа алғысын білдірді. Осы жылдары Қазақстанда әлеуметтік маңызы зор жаңа инфрақұрылымды қалыптастыруға көп мән берілгенін атап өтті. Жаңа мектептер мен мектеп жасына дейінгі мекемелерді айтпағанда, 1400 заманауи аурухана, емханалар мен амбулаториялар салынған.

Елбасының «Мен халықтың болашақта емес, қазір бақытты болғанын қалаймын» деген сөзі сайлаушылардың асыл мұратымен үндесіп жатқандай әсер алдым. Президент: «Еліміздің әрбір тұрғыны білімді болумен қатар дені сау болуы тиіс. Тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы денсаулық сақтауға қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет. Отандық медицина ең алдымен алдын алуға және салауатты өмір салтын ынталандыруға бағытталуы тиіс. Қоғамдық денсаулық сақтау, алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметтерінің шығыстары денсаулық сақтаудың жалпы қаржыландырылуының 40 пайызынан 60 пайызға дейін арттырылуы қажет» деді.

Елорда медицина саласының өкілі ретінде бұл қадамның артында денсаулық сақтау саласының жаңа тынысы ашылады деп ойлаймын. Қаржыландыру қажет деп табылған алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызмет осы күні де көрсетіліп келеді. Тек қана фертильді жастағы әйелдердің жағдайынан басқа, аяғы ауыр әйелдерге тегін медициналық көмек көрсетілуі – осының белгісі. Алдағы уақытта бұл қызметтің сапасы артатын болады деп сенемін.

Мемлекет басшысы: «Мұны бұрыннан айтып келеміз. Медицинаны адамға бір қадам жерге дейін жақындату қажет. Бұл – өте маңызды мәселе. Сол себепті денсаулық сақтаудың осы міндеттерін жүзеге асыру үшін шамамен 120 млрд теңге бөлуді тапсырамын. Мен айтқан тапсырмалар орындалса, онда нәтижесінде жылына шамамен 100 мың пациенті бар 7 өңірдегі стационарлық-медициналық көмек сапасы жақсаратын болады» деді. Расында, Астанаға келіп емделіп жатқан әрбір бесінші науқас еліміздің өзге аймақтарынан келеді. Бұл көптеген қиындықтарды туындатады. Егер де тек қана елордамызда емес, барлық жердегі медицина мекемелерінің базасы нығайып, кәсіби білікті мамандары жетіліп жатса, көп өзгерістер болып, елорда медицинасының авангардтық жауапкершілігі біраз жеңілдер еді. Елбасы өз сөзінде осыны ескеріп, негізгі бағытты айқындаған.

Шұғылажан ЕСІМБАЕВА,
Астана қаласы, №2 перинаталдық
орталығы бас дәрігерінің орынбасары

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button