Шаһар шаруашылығы

Диспетчер – қиын, қауырт мамандық

Елорданың ерекше таза болуы, көшелелері мен аулаларының қысы-жазы айнадай жарқырап тұруы – тазалықшы мамандардың, қала келбетіне жауапты мекеме – «Астана Тазалық» серіктестігінің қызметкерлеріне тікелей байланысты. Қарапайым еңбек адамдары елордамыздың көркеюіне күнде атсалысатынын айтуымыз қажет. Бүгін осы компанияның жедел байланыс диспетчері Жайсан Кенжебекова туралы айтпақпыз.

Жедел байланыс диспетчері мамандығы аса мазасыз және қауырт кәсіп саналады. Кезекші ауысым бойы өз міндеттерін адал орындайды, телефон қоңырауы бойынша ақпарат қабылдауды жүзеге асырады, журналға жазба жүргізеді, түрлі қызметтермен өзара іс-қимыл жасайды.

Жайсан Нұралықызы –15 жылдан бері осы мекемеде жұмыс істейді. Күні-түні 48 сағат бойы ауысымда қызметін атқаратын ол  қасындағы көмекшісімен бірге келесі ауысымға дейін қала әкімдігіне қарасты «Қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы» – «iKOMEK109»-пен бірлесе әрекет ететінін айтады.

– Үлкен қала болғасын тұрғындардан түрлі арыз-шағымды қабылдаған «iKOMEK109» қызметі біздің мекемемізге қатыстыларын тәулік бойы жолдайды. Тиісті шаралар қолданылып, тез әрекет етудің арқасында мәселелер жедел шешіледі. Қыс мезгілінде көшелерге құм, тұз себілді ме, қар тазаланды ма, қай жерде қандай техника тоқтап қалды немесе қай көшеде кептеліс тығыны болып қалды, қаладағы бес аудан бойынша қанша техника шықты, қанша жұмысшы жұмыс істеп жүр – бәрін қадағалаймыз, тиісті мәліметтерді жедел жіберіп отырамыз, үнемі байланыстамыз. Жолдарда жол апатын болдырмас үшін Жол полициясы қызметкерлерімен бірлесе жұмыс істейміз. Ең қиын кез – қыстың алай-дүлей боранды күндері деп айтар едім. Бірақ, осы салада нағыз маман кадрлар жұмыс істегесін өзекті проблемаларды дер уақытында, жедел шешеміз, басшылыққа әрдайым есеп береміз. Жалақымыз уақытында беріледі, кәсіподақ ұйымы түрлі сый-сыяпаттар жасап, сыйақы беріп, еңбегімізді ынталандырып отыратыны жақсы. Жақында ғана мекеменің құрылғанына 15 жыл толуына орай, оған дейін 10 жыл толғанда «Астана тазалықтың» медалімен марапатталдым, оны нағыз еңбек майталмандары ғана алады,-дейді ол бізбен әңгімесінде.

Байланыс колледжінен кейін 25 жасында Астанаға арман қуып келген Жасан Нұралықызы 25 жылдан бері елорданың тұрғыны. «Астана тазалық» кәсіпорнының белді қызметкері, кәсіби маманы. Қызметін адал атқарған ол отбасында аяулы жар, үш баланың ардақты анасы, 5 немеренің сүйікті әжесі, ұлын үйлендіріп, қыздарын ұзатқан берекелі отанасы. «Қолым қалт еткенде, демалыс күндері қазақтың ұлттық тағамдарын бауырсақ, етті, түрлі ұннан жасалатын тағамдарды балаларыма жасап беремін, артылғанын тұрақты алатын адамдарға сатамын» дейді ол. «Әйел жұмыс істеп қана қоймай, отының басын берекеге толтырып, дәмді тамақ пісіруі – шаңырақтың шырайын келтіреді»,-дейді ол.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button