Жаңалықтар

ЕЛ ЖҮРЕГІ – АСТАНА!

Астана

«НАЗ» ТАРИХТЫ НАҚЫШТАР БИІМЕНЕН

Арқа төсіне жаңа елорда қондырған кезеңнің өкшесін баса құрылған «Наз» мемлекеттік би театры биылғы Астана күні мерекесіне сүбелі үлесін қоспақ. Ертең «Қазақстан» орталық концерт залында өнер ұжымы өзінің он бес жылдығын үлкен концертпен атап өтеді. Өнерпаздар халқымыздың сан ғасырлық тарихын, бай салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын би тілімен өрнектемек. Концерт барысында көрермендер театрдың Қазақстан мен шетелдің үздік балетмейстерлері дайындаған жаңа репертуарын тамашалайды.

Мерейтойлық концертте бишілер ұжымымен қоса Тамара Асар, Ардақ Балажанова, Айгүл Иманбаева, Жанар Айжанова, Маржан Арапбаева сынды белгілі әншілер мен «Жастар» театрының әртістері, «Пай-пай» ұлттық аспаптар тобы өнер көрсетеді.

АСТАНАЛЫҚТАР «АТАМЕКЕНГЕ» ШАҚЫРАДЫ

Алдағы дүйсенбі күні «Жастар» сарайында І халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлары фестивалінің ашылу салтанаты өтеді.

Фестивальге Қазақстан, Италия, Иран, Испания, Түркия, Румыния, Татарстан, Тәжікстан, Украина, Сербия мемлекеттерінің балдырғандарға арналған театрлары шақырылған. Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалыық драма театрының сахнасында қойылатын сан алуан қойылымдарды кішкентай көрермендер 2 шілдеге дейін тамашалай алады.

Атаулы шараның өтуіне Астана қаласындағы Қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі Құралай Ешмұратова мұрындық болды. Аталмыш ұжым белгілі жазушы, драматург Сәкен Жүнісовтің «Аманай мен Заманай» повесінің негізінде қойылған «Атамекен» қойылымын ұсынады. Қойылым арқылы көрермендер еліміздің басына туған қиын күндерден хабар алып, атамекен ұғымының қасиетін ұғынады.

«ӨЗЕН ДАУЫСЫ» ӨРЛЕЙДІ

Биыл елордада «Өзен дауысы» классикалық әуен кештері жетінші мәрте өткізіледі. Үш күнге созылатын шара Қазақ хандығының 550 жылдығына арналады.

Музыка мерекесін «Мәңгілік сарын» симфониялық ансамблі қазақтың дәстүрлі музыкасымен ашады. Келесі күні көрермендерге Евгений Брусиловскийдің «Ер Тарғын» операсы ұсынылады. Ал үш күндікті хор музыкасының кеші түйіндейді.

ТАҢҒАЖАЙЫП «НҰРЛЫ ЕСІЛ»

Биыл Есіл өзенінің жағасында тұңғыш рет «Нұрлы Есіл» мультимедиялық-пиротехникалық таңғажайып шоу ұйымдастырылады. Шоуды жасаушылар замануи лазерлік технологияларды қолданып, су бетінде небір әсем қойылымдарды ойнатады.

Өзеннің үстіндегі сахнаға жайғастырылатын симфониялық оркестр шоу әсерін арттыра түседі. Өнер ұжым қазақтың халық әндері мен жаңа заманғы классикалық әуендерді орындайды.

Сахнаның айналасына биіктігі әртүрлі субұрқақтар орналастырылып, жаңа лазерлік технологиялардың көмегімен әсерлі бейнероликтер көрсетіледі. Көріністің соңы көздің жауын алар отшашулар шоуына ұласады.

ӘЛЕМ КӨШІП КЕЛГЕНДЕЙ БАЙТАҒЫМА

4-6 шілде күндері Есілдің жағасы «Бірлік Есілі» интерактивті фестивалінің алаңына айналады. Көп ұлтты еліміздегі тату-тәтті тіршілікті паш ететін үш күндік шараға қонақтар да көп келеді.

Фестивальге қатысушылар отбасылық және шығармашылық демалыс ауанында әлем елдерінің мәдениетімен кеңірек таныса алады. Есіл жағасына серуендеп, басқа құрлық пен мемлекеттерде саяхаттап жүргендей әсерге бөленеді.

Фестивальдің тағы бір ерекшелігі – жас суретшілер ашық аспан аясында «Болашақтың қаласы бүгін» атты пленэрге қатыса алады. Ал кішкентай көрермендерге асфальтта сурет салуға арнайы жер бөлініп, олар үшін әлем халықтарының ертегілері оқылады. Ата-аналар болса түрлі халықтардың отбасылық дәстүрлерімен танысып, әшекейлер жасауды, славян өрнектерін салуды үйренеді. Барлық қонақтар күндізгі бағдарламадағы «Bugarabu» тобы бастаған карнавал шеруіне қатысып, кешке «Yarik Ecuador», «Этномикс», «Hapanasasa» топтарының жанды дауыста орындайтын әндерін тыңдайды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button