Жаңалықтар

ЕЛБАСЫ ҚОЛЫНАН МАРАПАТ АЛДЫ

IMG_8037

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада елге еңбегі сіңген бірнеше отандастарымызға мемлекеттік наградаларды тапсырды. Сыйлыққа саясат, өнер, білім, медицина және тағы да басқа әлеуметтік салаларда тер төккен азаматтар лайықты деп танылды.

«Біз тәуелсіздігіміздің 23 жылында іргелі мемлекет құрып, экономиканы қалыпқа келтірдік. Қазақстанды дүниежүзіне танымал еттік. Әлеуметтік жағдай, білім беру, ғылым, өнерде көптеген жетістіктерге жеттік. Осының бәрін біздің халық жасады, бүгінгі жақсы өмір ел азаматтарының ерен еңбегінің арқасында. Сіздер бірлігімізді нығайтып, берекемізді арттыруға атсалысып келесіздер. Сондықтан бүгін өздеріңізге тапсырылатын мемлекеттік наградалардың маңызы өте зор» деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы бұл марапаттың ел дамуына үлес қосқан қазақстандықтардың еңбектеріне берілген мемлекеттің бағасы екенін атай келе, сыйлықты күллі Қазақстан бойынша марапатталып отырған мың жарым адамның бәріне өз қолымен тапсыра алмайтынын айтты.

Президент ең алдымен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын елді әлеуметтік-гуманитарлық дамытудағы жетістіктері мен мәдениетті дамытудағы айрықша үлесі үшін Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаеваға тапсырды. Кейін «Отан» орденіне Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған бірнеше азамат ие болды.

Сонымен қатар, Елбасы І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Барыс», «Парасат» және І, ІІ дәрежелі «Достық» ордендерін де кезек-кезегімен табыстай отырып:

«Сіздер еліміздің бірлігіне сызат түсірмей, халықтың әл-ауқатын жақсартуға үлес қосып жүрсіздер. Бұл наградалар – сіздердің еңбектеріңізге берген мемлекеттің бағасы» деп сөзін түйіндеді.

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button