Мәдениет

Елордадағы елеулі мәдени ұжым

Нұр-Сұлтан қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясы құрамында 11 бөлім жұмыс істейді.

– Филармония бөлімдерінің әрқайсысы үлкен құраммен жасақталған. Кеңес одағы кезінен бері келе жатқан Қазақ оркестрінде 120 адамдай еңбектенеді. Мұның сыртында симфониялық оркестр, үрмелі аспаптар оркестрі, екі ансамбль бар. Оның бірі – биылғы наурызда ғана Гиннес рекордтар кітабына енген этноансамбль. Екіншісі – «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі. Барлығы да – көптеген халықаралық конкурстардың, фестивальдардың лауреаттары. Сонымен қатар эстрадалық және классикалық вокал бөлімдерінде Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткерлері, алдыңғы буын аға-әпкелеріміз қызмет етеді. Сол сияқты дәстүрлі әндеріміз де шет қалған емес. Халық әні бөлімінде кезінде Қайрат Байбосынов сынды ағаларымыз өнер көрсеткен. Солардың қаншама шәкірттері бүгінде осы бөлімде қызмет етіп келе жатыр. Ғазиза Жұбанова атындағы шекті аспаптар квартетінде төл туындыларымыз, соның ішінде күйлеріміз заманауи тұрғыда өңделеді, – дейді филармонияның қоғаммен байланыс және халықаралық қатынастар бөлімінің жетекшісі Мейрамғазы Сапарғалиев.

Сонымен қатар ол филармо­нияда дәстүрлі ән де, заманауи би де шет қалмағанын айтады.
– «Шалқыма» халықтық би ансамблі – ұлттық билерімізді нақышына келтіріп, ұлттық өнерімізді шетелдік қонақтарға таныстырып жүрген топтың бірі. Жастардың да әуені, олардың ритмі де шетін қалған жоқ. «Әлем би» эстрада ансамблінің өнері заманауи биге көбірек бағытталған. Филармонияның осы 11 бөліміне қосымша техникалық қолдау көрсететін мамандар, сахнаның сыртында киім жөнінде стилист және грим бөлімдерін қосқанда филармонияда 740-қа жуық адам қызмет етеді, – дейді Мейрамғазы Сапарғалиев.
Елордалық филармония биыл бас-аяғы 678 іс-шара өткізді.
– Мемлекеттік академиялық филармония пандемияға дейін бірнеше іс-шара ұйымдастырды. Қаңтар айының соңынан наурыз­дың 8-іне дейін, яғни елімізде төтенше жағдай режимі жарияланғанға дейін көрермендер ондаған іс-шараны тамашалады. Карантин басталған уақыттан көптеген концерт онлайн форматта өтті. Соның ішінде туысқан түркі жұртындағы халықаралық ұйымдармен бірлесіп өткізілген іс-шаралар бар. Мәселен, симфониялық оркестр біраз туындыларды онлайн форматында көршілес мемлекеттердің ұйымдарымен бірге жазды. Жиыны 678 негізгі шара өткізіппіз. Соның 192-сі – офлайн, яғни көрерменсіз өткен, – дейді Мейрамғазы Сапарғалиев.
Оның айтуынша, өнерпаздар онлайн форматта шеберлік сабақтары мен шағын концерттер ұсынған.
– 1 мамыр, 7 және 9 мамыр, Астана күні сынды айтулы мерекелер қарсаңында жағдайды барынша пайдалана отырып, әртүрлі бейнебаяндық туындылар ұсынылды. Әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде онлайн концерттер өткізілді. Онлайн өткен барлық шараларды қосқанда 1,5 миллион көрерменге туындыларымызды ұсындық, – дейді Мейрамғазы Сапарғалиев.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button