Руханият

Елордамен бірге еңсе тіктеген

«Осыдан отыз жыл бұрын, 1990 жылдың қоңыр күзі… Михаил Горбачевтың Кеңес Одағы деген алып елдің тізгінін ұстағанына бес жылдан асқан, қайта құру, жеделдету, жариялылық сияқты тың науқандар нәтижесінде қарыштап ілгері басып, гүлдене, өркендай береді деген қызыл империя керісінше кері кетіп, кобесі сөгіле бастаған сәт еді. Жетпіс жылдан астам айдай әлемнің жартысын уысында, ықпалында ұстаған, айтқанын істеткен социализм қорғаны қалжырай бастаған еді бұл тұста.

Құрамына енетін одақтас елдердің өзі еркіндікті сезіне бастаған, үні шыға бастаған, өзін-өзі тани бастаған, тәуелсіздік елесі кезіп жүрген кез еді алып империяны. Міне, осындай сәтте Одақ құрамындағы Қазақстан Тәуелсіздік декларациясын жария етті. Бұл 1990 жылдың 25 қазаны болатын. Мен ол кезде облыс­тық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде тілшілік қызмет атқарып жүргеніме бес жылдан асқан, көп ұзамай «Социа­листік Қазақстан» газетінің Шымкенттегі меншікті тілшісі болдым.
Қызыл империя шеңгелі босаңсып көбесі сетіней бастаған сәтте әр ұлт өткеніне көз жүгіртіп, жоғалғанын түгендеуге кірісті. Ғасырлар бойы еңсесі езілген қазақ жұрты да қарап қалған жоқ. Ең алдымен, газет ашты. «Газет ұлттың өзімен өзі сырласатын, сөйлесетін құралы» деген екен өткен ғасыр данышпаны. Сондықтан дауыс далаға жайылмау үшін, қағазда қатталу үшін, ортақ шешім іздеп табу үшін газет қажет еді. Бұрын Орталық комитет облыс пен аудандарда ғана партиялық басылым ұстау­ға рұқсат берген, енді облыс орталықтары – ірі шаһарлар өз газетін аша бастады. Мұндай ірі шаһарларда жергілікті ұлт саны 10-20 пайыздан аспайтын, Кеңес билігі түрлі шектеу, амалдармен ауыл қазағын қалаға қоныстандыруға қарсылық білдіріп келді. 1989 жылы еліміздегі ірі шаһар – Шымкентте «Шымкент келбеті» басылымы дүниеге келсе, 1990 жылдың 13 қазанында Халық депутаттары Целиноград қалалық кеңесінің шешімімен «Ақмола ақиқаты» апталық газеті оқырманға жол тартты. Қала ол кезде Ақмола емес, нағыз ақиқаттың да ауылы алыстау. Қазақы рухтың, тәуелсіздіктің ақжолтайындай болған басылым қазағы да, қазақылығы да аз қалада ұлттың еңсесін түзеп, жоғалғанын түгендеуге алғашқы нөмірлерден-ақ атсалыса бастады. Жариялылық заманы қанат бітіріп, жел берген жергілікті зиялы қауым өзекжарды өткір пікірін үстін-үстін жолдап жатты басылымға. Сол тұстағы шаһар басшысы, ұлтжанды азамат Аманжол Бөлекбаев пен алғашқы редактор – Кенже Жұмағұловтың басылым бағытын айқындап, жолын нақтылаудағы еңбегі ерекше.
Арқа төсіндегі қаланың орны мен маңызы артқан сайын оның ресми басылымына жүктелер міндеттер де ауқымды бола береді. 1994 жылы шілденің 6-сы күні Жоғарғы Кеңес Президент Н.Назарбаевтың мемлекет астанасын Ақмола қаласына көшіру туралы ұсынысын мақұлдап, қаулы қабылдады. Ал соңыра Елбасы қаулысына сәйкес Ақмола қаласы 1997 жылғы 10 желтоқсаннан бастап ел астанасы болып жарияланды. Келесі жылы жазда ерке Есіл жағасындағы шаһардың – Қазақ елі жаңа астанасының халықаралық тұсаукесері өтті. Ұлы көш басталды қазақ даласында. «Құдіреті бөлек, құты бар, Сарыарқа бүгін ән сап тұр. Вокзалдарыңнан күтіп ал, бақ іздеп келе қалсақ бір» деп Алматыда жатып атақты Тұманбай ақынның жыр жазатыны осы кез. Мен бұл кезде «Егемен Қазақстан» газетінің орталық аппаратына Алматыға ауысқанмын.
Ғасырлар алмасып жатқан тұста ел газеті – «Егемен Қазақстан» жаңа елордаға алғашқылардың қатарында көш түзеуге қамданып жатты. Алдымен осында бөлімше құрылды да, көп ұзамай бұрын аудандық әкімдік орналасқан екі қабатты ескі ғимаратты редакцияға бөлген соң соны жөндеп, жасқаудың қамына кірісіп кеттік. Осы сәтте «Егемен Қазақстанның» тізгінін Ержұман Смайыл ұстаған еді. Мен бас редактордың бірінші орынбасары ретінде шұғыл түрде Ақмолаға қоныс аудардым. Бір жарым ғасырдай бұрын менің бабам орыс патшасы ізіне түскен Кенесары сарбаздарымен бірге осы өңірден Сырдария жағалауына кеткен екен, жаңа астана іргесі қаланып жатқан тұста тағдыр мені қайтадан Ақмолаға әкелді. Бабаларымыз қазақтың соңғы ханына ілесіп кетсе, тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті бастаған ұлы көшке еріп, ғасырлар тоғысында Мәңгілік елдің бас қаласына қайта оралдық. Жасыл желекке оранып, асқар тауларға сүйенген Алматыдан кейін тыңгерлер қаласы сұрқай, кейіпсіз көрінгенімен, еңсе биік, көңіліміз шат болатын.
Ұлт көшінің керуендері тоғысқан Ақмола үлкен құрылыс алаңына айналды, «Тақ ауған жаққа бақ ауады» дегендей еліміздің түкпір-түкпірінен жаңа өмір бастауға келгендер қала тұрғындарының қатарын арттырды, оның күн санап, ай санап келбеті өзгеруіне өзіндік үлес қосты. Осы тұста қалам-қағазды жиып қойып, басшымыз Сауытбек Абдрахманов тапсырмасымен біз де құрылысқа бел шеше кірісіп кеттік. Целиноград ауданы әкімдігі бас газетке сыйға тартқан екі қабатты ескі ғимарат күрделі жөндеуден өткізуге келмегендіктен, ескіні жамап ес кетірмей, бәрін сырып тастап, жаңадан салуға тура келді. Нәтижесінде айналасы 5-6 жыл ішінде редакцияның 8 қабатты кеңсе ғимараты, 2 жатақхана, 2 тұрғын үй салынып, қызметкерлер жатын орынмен толық қамтамасыз етіліп қана қоймай, қаланың ескі ауданының келбеті өзгеруіне «егемендіктер» ерекше үлес қосты. Кейіннен редакция қоныстанған көше – «Егемен Қазақстан» газеті атанды.
Айналасы 8 жыл ішінде облыс орталығы – шағын шаһар газеті – бас қаланың бас басылымы деген дәрежеге жетті. Әуелі «Ақмола ақшамы», ал 1998 жылғы 12 мамырдан «Астана ақшамы» аталды, сөйтіп республикаға тарайтын басылымға айналып, аптасына 3 рет шыға бастады.
Қала тіршілігіне қатысты мәселелер ұсақ-түйек демей түгел қамтылып отырды. Олқы соққан тұстар да көзден таса қалған жоқ. Ұлтқа, руханиятқа қатысты мәселелер де жүйелі, жоспарлы түрде жарық көрді. Сондықтан да газет оқырмандары тек бас қаламен шектелмей аймақтардан да табылып жатты. Басылым катологқа республикалық басылым ретінде еніп, елге тарала бастады.
Басылымның қалыптасып, өз бағытын, өрнегін орнын табуына бас редактор – Жұмагүл Саухат, Мағжан Садыханов, Нұртөре Жүсіп, Амантай Шәріп, Ерболат Қаменовтен өзге ұзақ жыл басшылық қызметте болған Бауыржан Омаров, Ғалым Қожабеков, Талғат
Батырханұлы үлкен үлес қосты. Дихан Қамзабекұлы, Кәмел Жүністегі, Зиябек Қабылдинов, Қасым Таукенов, Алдан Смайыл, Сайын Назарбекұлы сияқты айтары бар, ойы ұшқыр авторлар газет мазмұнын байытып, тартымдылығын арттыра түсті.
Облыстық және республикалық басылымдарда отыз екі жыл еңбек еткен соң тағдыр тартуымен 2017 жылы «Астана ақшамының» табалдырығын аттадым. Өзіндік дәстүрі қалыптасқан ұйымшыл ұжым үнемі ізденіс үстінде. «Қала мен сала» айдары арқылы үлкен мегаполис тіршілігінің сан қатпарына үңілсек, «Шаһар шежіресі», «Талайғы тарих» арқылы өткенге көз жібердік, ескі ғимараттар тарихын бедерледік. Өзге үлкен қалалардан не үйренуге болады деп тұрақты айдар аштық. Ал «Көрші ақысы» деген бетте бауырлас, іргелес елдердегі назар аударып, үлгі алатын мәселелер ортаға салынды. «Ұлт ұпайы», «Ақтаңдақтар ақиқаты» еліміздің киелі жерлері, агломерация, инновация, цифрландыру, қазақыландыру сияқты тақырыптар үнемі қатталып отырды. Ұжым ізденісі бағаланып, 2018 жылы Қазақстан Президентінің Алғыс хаты мен республикалық «Нұр – Сұңқар» сыйлығына ие болдық.
Отыз жыл бойы бас қаламен бірге жасап келе жатқан, елордамен бірге еңсе тіктеген басылым – «Астана ақшамы» алда да шаһар шежіресін шынайы сипаттап, оқырман ықыласына бөленуді мақсат тұтады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button