ЖаңалықтарМәслихат

ЕЛОРДАНЫҢ ӨРЛЕУ КӨРСЕТКІШТЕРІ

Астана қаласы мәслихатының заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында екі мәселе қаралды.

2011-2015 жылдарға арналған Астана қаласын дамыту бағдарламасының қорытындысы бойынша Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары А.Түгелбаева баяндама жасады. Ал Астана қаласының 2015 жылға арналған бюджетінің орындалуы туралы Қаржы басқармасының басшысы Р.Досаев есеп берді. Астана қаласы Тексеру комиссиясының төрағасы Ғ.Молдаштың баяндамасы талқыланды.
Астана қаласының Даму бағдарламасын жүзеге асырудың негізгі қорытындысы жөнінде айтқанда, осы мерзімде ішкі істер органдарының қылмысты 100 пайыздық тіркеуге қол жеткізу мен құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» қағидаларын белсенді түрде жүзеге асырылғаны айтылды. Бұл өз тарапынан қалыпты криминогендік жағдайды қамтамасыз етіп отыр. Құқық қорғау органдары қызметкерлерін талапқа сай материалды-техникалық жабдықтау бойынша дер кезінде бөлінген қаржылық шығындар қоғам тыныштығы күзетшілерінің қызметінің тиімділігінде көрініс тапқанын мәлімдеді. Атап айтқанда, 2015 жылы қылмысты ашу үлесі 91 пайызға, аса ауыр қылмысты ашу 91,5 пайызға, ауыр дене жарақатын салу бойынша 96,6 пайызға және көлік ұрлау қылмысы 100 пайызға ашылған. Есірткі және есірткі бизнесіне қарсы ауқымды іс тындырылған. Соңғы бес жылда 1,3 мың келі есірткі, ал соның ішінде 61 келі героин тәркіленіп, заңсыз есірткі саудасының 14 арнасын жойып жіберген. Тұрғындар арасында нашақорлар саны 20 пайызға төмендеген.
Төтенше жағдайлар департаменті өз бағыты бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын, бақылау қызметін жолға қойған. Соның нәтижесінде төтенше жағдайлар оқиғасы 26 пайызға төмендеп, оның салдарынан келетін материалдық шығындар екі есеге кеміп, өрттен қаза тапқандар саны да 13 пайызға төмендеген. Осылайша, бес жылдық есебі қаралған басқармалардың азаматтық қорғаныс пен қоғамдық тәртіпті сақтау қызметтерінің тиімділігі артып, елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуының тұрақтылығына қол жеткізіліп отыр.
– Бағдарламада қарастырылған шаралардың іске асырылуы әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі бойынша аймақтар арасында Астананың көшбасшы атануына мүмкіндік берді, – деді Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары А.Түгелбаева.
Қалалық мәслихаттың Бюджет, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия мүшелері бас қосқан жиында да 2011-2015 жылдарға арналған Астана қаласын дамыту бағдарламасының қорытындысы талқыланды. Күн тәртібіне қарай, депутаттар Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары А.Түгелбаеваның, Астана қаласының 2015 жылға арналған бюджетінің орындалуы туралы Қаржы басқармасының басшысы Р.Досаевтың және Астана қаласы тексеру комиссиясының төрағасы Ғ.Молдаштың баяндамасын талқылады.
Есепті кезеңде елорданың маңызды салалары, атап айтқанда, машина жасау өнеркәсібінің дамуы 21 млрд теңгеден 62 млрд теңгеге, металлургия саласы 92 млрд теңгеге, металды емес минералдық өнімдер көлемі 70 млрд теңгеге дейін артқан.
«Астана инновейшн» АҚ базасында инновацияны дамыту шеңберінде Астана қаласын әлемнің 50 ақылды қалалары қатарына енгізу тұрғысында бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Қазіргі күнде әлеуметтік-көліктік құрылымдарды басқару жүйесін автоматтандыру есебінен Астана қаласы 21-ші орында тұр. Елордада шағын және орта бизнес көрсеткіштері екі есеге артты. Халықтың алпыс пайыздан астамы жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Кәсіпкерлікті дамыту мен қолдаудың «Жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 84,7 млрд теңге құрайтын 480 жоба қаржыландырылған. Өткен жылдың өзінде жастарды кәсіпкерлікке тарту мақсатында «Аstana –ZhasStarT» бағдарламасы іске қосылып, 177,8 млн теңге құрайтын 11 жоба мақұлданды.
Бес жылдың көлемінде экономикаға 3,2 триллион теңге инвестиция құйылған. Бұл – 1997 жылдан бері тартылған барлық капиталдың тең жартысы. Жыл сайын капитал салымдары 1,5 есеге артып отырды. Мемлекеттік бюджет шығындары 59 пайыздан 30 пайызға дейін қысқарды.
Экономиканың жалпы құлдырауы кезінде әкімдік бірнеше экономикалық көрсеткіштер бойынша өсімдерге қол жеткізуді қамтамасыз етті. Осы бағдарламаны жүзеге асыру елордаға аймақтар бойынша жетекші орынға шығуға мүмкіндік берді.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button