Денсаулық

Ерте бастан қамданған жөн

Қазақы әдетімізбен баланың тілі мезгілінде шықпай немесе тез ширамай, дамуында кемшіндік көрінсе, «өсе келе жетіліп кетеді, тұқымымызда сондай» деп, дәрігерлердің сөзін қаперге алмаймыз.

Расында да, уақыт өте келе баланың кешеуілдесе де сөйлеп кетіп, қатарын да қуып жетеді. Бұл жақсы, әрине. Алайда мына бір дерекке мән берсек, қазіргі күні әлемдегі әрбір 59-ыншы бала аутист екен. Бұл жыл сайын 13 пайызға артып келеді дейді. Салыстырмалы түрде айта кетсек, өткен ғасырдың 70-жылдары 10000 баланың арасынан бір бала ғана осы аурумен тіркелген екен. Ал 2008 жылы 250 баланың біреуі болса, 2016 жылы америкалық дәрігерлер әрбір 7 минут сайын балаға осы диагнозды қояды екен.
«Әлемді жаулап келе жатқан індеттің елордалық сәбилерге қатысы бар ма?» деген сұрақпен Психикалық денсаулық аурулары медициналық орталығының №1 бөлімшесінің міндетін атқарушы дәрігер Назгүл Мұхатаевамен сөйлескен едік.
– Бір жаста баланың бойында психикалық бұзылуының бар-жоғын бірден айта қою мүмкін емес. Алдымен сәбидің анасынан баланың ерекшелігін анықтаймыз. Бала туғаннан мазасыз емес пе, көп жыламайтын, денесі тітіркеніп, сыртқы факторларды елемеуші ме еді деп сұраймыз. Жан-жағына көз тоқтатып, ойыншықтарға қызықпай, айналасындағы у-шуға елікпей, бейжай жата беретін болса не құлағы естімейтіндей әсер қалдырса, онда бұл осы аурудың нышандарынан. Әдетте, аутизм балалардың құлағы естиді, бірақ мұның өзі баланың эмоционалдық дамуының бұзылғанын білдіреді.
Бала 1 жасқа толғанда уілдеп, өзінің сыртқы әлеммен байланысын білдіріп, оның белгілерін қабылдап, белгілі бір реакциясын көрсете білуі тиіс. Бұл кезеңдегі өзгерістерге мән бермесе, ауру дами түседі. Аутизм белгілері баладағы басқа да психикалық қалыптан ауытқушылықтың белгілеріне ұқсас келеді. Дұрысы, қандай ауытқушылық болса да ерте бастан анықтап, жылдам түзету жұмыстарына кіріскен жөн. Бала дамуының психикалық ауытқушылықтары тек бір аутизммен өлшенбейді. Және баланы бір көргеннен «аутизм» деп бірден кесіп айтуға асықпаймыз. Оларды күндізгі стационарға жатқызып, бақылауымызға аламыз. Сонда барып бала дамуындағы барлық ерекшеліктерді анықтап, тиісті шешім шығарамыз, – дейді дәрігер.
Былтыр осы кезеңге дейін орталықта 65 бала аутизммен тіркелсе, биыл осы күнге дейін 112 балаға осы диагнозды қойыпты. Аз уақытта аутизмнің аспандап кетуінің себебін ата-аналардың белсенділігімен байланыстыруға болады деп орталықтың дәрігері түсіндіріп берді. Олар – уақытқа салмай, көңілдегі күдігін анықтауға батыл жеткендер. Ата-аналардың сауаттылығы, олардың дүниеге жаңа ұрпақ алып келуіне деген үлкен жауапкершілігі көп нәрселерді шешеді. Соның ішінде баланың психикалық жағынан жақсы дамуына алдымен ата-анасының денсаулығының маңызды екенін ескеруіміз керек.
Жасыратыны жоқ, соңғы бес жылда ауру балалардың 34 пайызға өсуі байқалады. 2015 жылы – 186 бала, 2019 жылы – 545 бала. Күндізгі стационарда психолог, логопедтер, дефектолог мамандар тартылған, психикалық түзету, сенсорлық интеграция қызметтері бар. Осы арқылы тәжірибелі дәрігерлер кесел жабысқан баланы әлеуметке икемдеуге бар мүмкіндігін салады.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button