Денсаулық

Соқырлықтан сақтаныңыз!

Көз ауруларының арасында тұқым қуалайтын түрлері де бар. Олар – туа біткен катаракта, тұқым қуалайтын немесе туа біткен миопия. Торлы қабаттың түрлі дегенеративті аурулары, торлы қабаттың ісігі, яғни ретинобластома тұқым қуалайды. Ал ересектердің арасында кездесетін аурулардың бірі – біріншілік ашық бұрышты глаукома.

Глаукома көз ішінің прогрессивті қысымының оқтын-оқтын жоғарылауынан немесе көру қабілетінің төмендеуінен, сондай-ақ көз жарақаттарына немесе көздің қабыну ауруларына, миопияға және басқа көптеген себептерге байланыс­ты пайда болуы мүмкін. Бұл – тұқым қуалайтын аурулардың бірі. Азия халқында, өзіміздің халқымызда да жиі кездесетін глаукоманың түрі – бұл көздің алдыңғы бөлігінің тар болғанына байланысты дамитын жабық немесе тар бұрышты глаукома. Мұның себебі жас келе көз бұршағының көлемі өседі, көздің алдыңғы камерасының тереңдігі азаяды. Көздің алдыңғы бөлігі тар болып, көз қысымының жоғарылауына әкеледі. Ауруды анықтап және ем нәтижелерін салыстыру үшін көз іші қысымы жиі өлшену керек. Сонымен қатар көру жүйкесінің дискі, көз түбі, көру кеңістігі де тексерілуі қажет. Глаукоманың емі консервативті және хирургиялық болуы мүмкін. Глаукома емінің мақсаты – көз іші қысымын қалыпты жағдайға келтіру және көру қабілетін тұрақтандыру.
Катаракта, яғни көз бұршағының бұлыңғырлануы мұның бір себебі. Ересектерде катаракта жалпы жас ұлғаюына байланысты дамуы мүмкін. Сонымен қатар көздің қабыну ауруларында, миопияда, глаукомада, көздің жарақаттарында катаракта дамиды. Жалпы, ағзаның соматикалық ауруларында да, мысалы, қант диабеті сияқты және басқа соматикалық ауруларда да катаракта дамуы мүмкін. Бүгінгі таңда кең тараған катаракта ауруы тек хирургиялық жолмен ғана емделеді. Операция кішкентай және микротілімдер арқылы жасалынып, көз ішіне жетік жасанды бұршақ енгізіледі. Бұл техниканың арқасында операция уақыты 10-15 минутқа дейін қысқартылып, науқастарымыздың көру жітілігі операциядан кейінгі бірінші күні-ақ жоғарылауға мүмкіндік береді.
Көздің торлы қабаты бұзылуының жиі кездесетін себептері – бұл диабеттік ретинопатия, миопияда кездесетін түрлі дистрофиялық өзгерістер, торлы қабаттың сылынуы, торлы қабаттың ортаңғы тамырының тромбозы, жалпы қан қысымының жоғары болуына байланысты дамитын ретинопатия, макула деп аталатын көз түбіндегі сары дақтың жарылуы, көздің шыны тәріздес денесіне қан құйылуы. Адам жанарында белгілі өзгерістер пайда болғанда профилактикалық немесе емдеу барысында лазерлік торлы қабаттың коагуляциясы жасалады. Оның мақсаты – пайда болған өзгеріс­тердің ұлғаюын тұрақтандырып, асқынулардың алдын алу. Сонымен қатар торлы қабаттың ауруларын емдеу барысында клиникамызда тиімділігі және қауіпсіздігі дәлелденген луцентис препаратымен интравитреалды инъекция жасалынады.
Көз қарашығына ет өсу дегеніміз – бұл птеригиум. Қазіргі таңда жастардың арасында да жиі кездесетін болды. Бұл патологияны тек хирургиялық жол арқылы емдейді. Тіпті жақсы жасалынған отадан кейін де птеригиум қайталануы мүмкін. Сондықтан мұның алдын алу үшін арнайы пластика да жасалынуы керек.
Конъюнктивиттер – бұл тіптен жиі кездесетін шырышты қабаттың қабыну сырқаты. Жиі кездесетін себептерінің бірі де – вирустар, бактериялар немесе аллергия. Емдеу барысында себебіне байланысты арнайы көз тамшылары тағайындалады.
Көз ауруларын емдеу және асқынулардың алдын алу үшін офтальмологқа уақытылы барып, тексеруден өту керек. Тіпті көз жанары ауырғанда ғана емес, ауырмайтын кезінде кеңес алған жақсы. 40-тан асқан адамдар немесе тұқымында глаукомамен ауырғандар бар болса, олардың да алдын ала сақтанғаны абзал.

Әйгерім ТӨЛЕТОВА,
Көз аурулары ҒЗИ Нұр-Сұлтан қалалық
филиалының директоры, жоғары санатты
офтальмолог-хирург

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button