ЖаңалықтарРуханиятТаным

Ғасыр жасаған «Арқа ажары»

Тарих безбеніне салсақ, жүз жыл – адам баласы үшін ауыз толтырып айтатындай ұлағатты ғұмыр. Ал осы өлшемді баспасөздің шығу дерегімен байланыстырсақ, бұл – ұзақ шежіре, ұлттық мұра, тарихи құндылық. Ақмола облысының «Арқа ажары» газеті бүгінгі таңда осындай дәрежеге жеткен басылымға айналды.

Газеттің бастауында тұрған көр­некті мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» романында «Әр жерде газет шығара бастады. Семейде – «Сарыарқа», Тәшкентте – «Алаш» газеті, соңынан «Бірлік туы», Бөкейлікте, Астрахань қаласында – «Ұран», Ақмолада – «Тіршілік» газеті, Орынборда – бұрынғы белгілі «Қазақ» газеті.
Ал газеттің қалай шыққаны жөнінде айтар болсақ, Сәкен Сейфуллин 1917 жылдың көктемінде кезекті бір жиналыс­та «Жас қазақ» ұйымының үні ұлт тілінде газет шығару керектігін ұсынады. Бұл ұсыныс­ты көпшілік қолдап, қолма-қол ақша жинап, баспахана ұйым­дастыру қолға алынады. Көп ұзамай Қазаннан түйеге артылып баспахана жабдықтары жеткізіледі. Осылайша, Арқа өңіріндегі тұңғыш қазақ тілді басылым – «Тіршілік» газеті жарыққа шыға бастайды.
Міне, сол уақыттан бері талай сыннан өткен «Тіршілік» бүгінде ғасыр жасаған ғибратты басылымға айналып отыр. Әр жылдарда «Жаңа Арқа», «Колхоз екпіндісі», «Ақмола екпіндісі», «Сталин туы», «Есіл правдасы», «Тың өлкесі», «Коммунизм нұры» деп атауын өзгертіп отыр­ған, бүгінгі таңда «Арқа ажа­ры» деп аталатын газет өзі­нің шыққан мерзіміндегі саяси-қоғамдық өмірдің жаршы­сы болып келе жатқанын, тарихи сабақтастықты үзбей жалғас­тырып келе жатқанын атап айтқанымыз жөн.
«Арқа ажары» газе­тінің тарихына үңілсек, осы басылымның бүгінгі күнге дейін үзілмей жетуіне айрықша үлес қосқан редактор-басшылардың өлшеусіз еңбегін көреміз. Мәселен, Мұқат Мейірманов, Қасым Сүлейменов, Баязит Боранбаев, Әбу Айзахметов, Өмірзақ Өкішев, Абылай Мұздыбаев, Кеңес Үсебаев, Ахмедия Әлғожин, Сүлеймен Сейітов, Сапаржан Хайдаров, Әнуар Ипмағанбетов, Әмірғали Нүркішев, Октябрь Әлібеков, Жомарт Әбдіхалық және басқа да қаламгерлердің есімі ел санасынан өшкен жоқ.


Осы газетке өз басым «Коммунизм нұры» кезінде келген едім. Бұл ел ішінде тәуелсіздіктің елесі екпін алған шақ болатын. 1990 жылдың күзінде облыстық газеттің есігін имене ашып, кеңпейіл бас редактор Октябрь Әлібеков ағаның қабылдауында болған сәтімді ешқашан ұмытпаспын. Жаны жайсаң Жомарт Әбдіхалықов аға жетектеп алып барған еді. Алдында редакцияға екі мақала жазып жолдап жібергенмін. Ауған соғысына қатысып, одан кейін Целиноградтағы педагогикалық институтты бітіріп, үй аламын деп құрылыста жүрген жерімнен осылайша шақырту алғаным ғой. Содан бас редактор әңгімені көп созбай, «мына жазғандарың бізге ұнады, газетке жұмысқа келуге қалайсың?» деп төтесінен бір-ақ қойды. Бала кезімнен өлең жазып, әңгіме оқудан жалықпайтын мен үшін бұл «күтпеген бақыт» болды. Осылайша, менің журналистік өмірім де басталып кеткен еді. «Коммунизм нұры» газетінің атауы «Арқа ажары» болып өзгерген күнгі, яғни осы оқиғаға байланысты бас редактормен сұхбатымның бірінші бетке шығуы, еліміздің тәуелсіздік алған күні газетте кезекші редактор болғаным жадымда мәңгілік сақталып қалды.
Осы газетте жүріп Мәди Хасенов, Сапар Сайдалин, Үкімет Сүйінжанов, Рамазан Ахметов, Алдан Смайыл, Жылқыбай Жағыпарұлы, Бәдуан Имашұлы, Баймұрат Есмаханов, Ілияс Қарағозин, Кәкібай Жүсіпов, Амангелді Жұмабек, Мағжан Садыханұлы, Төлеген Ілдебаев, Амантай Есілов, Марат Дәдікбаев, Мұратбек Тоқтағазин, Талғат Қасен, Талғат Сансызбай, Орынбай Балмұрат, Рақия Әлібекова, Нағима Қойшыбаева, Бақыт Мұқышева, Раушан Досхожина және басқа да қарымды қаламгерлермен, баспасөз мамандарымен әріптес болғанымды мақтан тұтамын. Осындай қазақ баспасөзіне, оның ішінде облыстық газетке өлшеусіз еңбек сіңірген шығармашыл азаматтардың әрқайсынан тәлім алғаным сөзсіз. Төрт жыл осы газетте қызмет істеп, 1995 жылы «Ақмола ақиқаты» газетіне ауысқан едім. Содан бері елордамыздың «Астана ақшамы» газетінің «отымен кіріп, күлімен шығып» жүрген жайымыз бар.


2005 жылдан бері «Арқа ажары» газеті Ақмола облысының қазіргі орталығы Көкшетау қаласында шыға бастады. Газет тізгінін көрнекті қаламгер, майталман журналист Жабал Ерғалиев басқарды. Газет жаңа келбетке ие болып, оқырмандарының ілтипатына бөлене берді. 2011 жылы ҚР Парламенті Сенатына депутат болып сайланған бас редактор Ж.Ерғалиев Астанаға аттанар алдында «Мен бүгінгі өз биігіме қос қанатыммен ұшып барамын. Біреуі – менің «Көкшетау» газетім, екіншісі – өзімнің «Арқа ажарым» деп, редакцияның естелік кітабына қолжазбасын қалдырыпты. Бұл газетке деген, кәсіпке деген сүйіспеншіліктің белгісі болса керек. Соңғы алты жылда «Арқа ажарының» бас редакторы қызметін қарымды қаламгер, білікті баспасөз маманы Қайырбай Төреғожа абыроймен атқарып келеді. Газет осыған дейінгі бағыт-бағдарын сақтай отырып, заман талабына қарай түлеп, көріне білді.
Түптеп айтқанда, бүгінгі күнде 100 жылдығын атап отырған Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеті қазақ еліндегі баспасөз кеңістігінде өз биігін бағындырып, жаңа белестерге бет алып барады.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button