Қоғам

Ғылым жолындағы бизнес

Бақытжан Нұрматов еліміздегі іргелі жоғары оқу орындарының бірі – Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ақпараттық жүйелер факультетін 2014 жылы тәмамдаған. Қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы TNS-INTEC компаниясында компьютер бағдарламашысы болып еңбек етіп жүр.Білімге құштар жас жігіттің негізгі жұмысынан басқа химия ғылымына деген қызығушылығы ұшан-теңіз. Осы қызығушылық уақыт өте келе өрши түсіп, оның өмірінің мәніне айнала бастады. Жастайынан беймәлім нәрсенің сырына қанығуға, түрлі реактивтермен сынақ өткізуге деген құмарлық Бақытжанды тың бастамаға жетеледі.
Талапты жас осыдан 1 айдай бұрын «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттен 3 млн теңге грант алып, «Фарадей» жас химиктер клубын ашты. Осы ақшаға клубтың жұмысына қажетті құрал-жабдықтар, ұйымдастыру техникаларын және түрлі шикізаттар сатып алды. Клуб «Прага» бизнес орталығында орналасқан. Мұнда 6-14 жас аралығындағы 48 бала аптасына 4 рет химия ғылымының «құпияларын» ашумен айналысып жүр. Олар 6 баладан 8 топқа бөлініп оқиды.
– Топты шағын жасауымыздың себебі – әр баламен жеке-жеке шұғылдануымыз керек. Бұл үйірмеге қатысушы әр баланың өткізілген дәрістерді, жасаған тәжірибені толық игеруіне жағдай жасайды. Оның үстіне, баланың аты – бала! Химиялық реактивтермен жұмыс істеу қауіпсіз емес, біз олардың тәжірибелік жұмыстар кезінде жарақат алып қалмауын аса қатты қадағалаймыз. Ол үшін топтың шағын болғаны дұрыс, – деді Б.Нұрматов.
Бүгінде клубта балалармен Бауыр­жанмен бірге ЕҰУ 4-курс студенті Наталья, Аграрлық университеттің 4-курс студенті Қуаныш жұмыс істейді. Олар да болашақ химиктер. Сабақта 4-5 тәжірибелік сынақтар ұйымдастырылып, физика, химия пәндері бойынша танымдық ойындар өткізіледі. Тәжірибелік жұмыстар судың, топырақтың, құмның, т. б. материалдардың қасиеттерін тексеруге, сол арқылы олар қандай мақсаттарда қолдануға болатындығын анықтауға бағытталған. Сондай-ақ электрохимиялық, биохимиялық тәжірибелер, басқа да сынақтар жүргізіледі. Бұл сабақтар балалар үшін аса қызғылықты және ол өсіп келе жатқан жас өскіннің ой-өрісін дамытуға өте жақсы әсер етеді.
– Әзірге жұмысымыз жаман жүріп жатқан жоқ. Әр сабақта қызықты тақырыптар өтіп, қызықты тәжірибелер жасауға тырысамыз. Сондықтан біздің үйірмеге қатысқысы келетіндердің саны күннен-күнге көбейіп келеді. Келесі жылы астананың солтүстік жағалауынан клубтың тағы бір кеңсесін ашсақ деген ниеттеміз, – деді Бақытжан алдағы жоспарымен бөлісіп.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button