Мәслихат

Инженерлік желілер қашан реттеледі?

Өндіріс» және «Кирпичный» тұрғын алаптарында нөсер сулары кәрізінің құрылысы толығымен аяқталмағандықтан жаңа желілерге қосылмаған. Жақында Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты Зейнолла Шібкенов мәслихаттың құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында осы мәселені көтеріп, «Шұбар» шағын ауданында да тиісті жұмыстар жүргізілмегенін атап өтті.­

– «Өндіріс» пен «Кирпичный­ды» жаңа желілерге қосу ниеті болған. Бірақ су қысымы қатты болғандықтан, желілер шыдамады. Сондықтан бұл жұмыс тоқтатылды. Бұл тұрғын алаптар аумағын өндірістік аймаққа айналдыру туралы айтылды. Бірақ нақты әрекеттер жасалмаған. Оның үстіне сол кенттерде орта мектеп салынайын деп жатыр. №23 орта мектепке өте жақсы жапсаржай салынды. Оның жанында тағы №34 орта мектеп бар. Онда жаңа мектепті неге саламыз? Бұл қыруар қаржыны қажет етеді ғой. Аумақ өндірістік аймаққа айналатын болса, қаншама қаржы далаға кетеді ғой. Ал «Шұбар» шағын ауданы қаланың орталығында орналасқан. Мұнда кәріз жүйесі жоқ. Сумен жабдықтау да тиісті деңгейде емес. Шағын ауданды сүру жоспары бар. Бірақ бұл іс тым созылып кетті. Сол себептен оның инженерлік желілерін ретке келтіру ісі өте өзекті болып отыр, – деді депутат.
«Интернациональный» тұрғын алабында да кәріз жүйесі бойынша мәселе туындап отыр. Тұрғындар осы мәселеге қатысты қалалық мәслихатқа шағым түсірген. Мұны мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Мәжит Шайдаров айтты.
Жуырда ол азаматтарды онлайн форматта қабылдады. Сол кезде «Үркер» көппәтерлі тұрғын үй кешенінің тұрғыны Төлеген Ибраев оған өзі тұратын Е 583 көшесінің жағдайын жеткізді. Зейнеткердің айтуынша,үш жыл бойы бұл көшені кәріз қалдықтары басып жатыр. Бірақ әртүрлі жауапты органдарға қанша шағымданса да, мәселе әлі шешілмеген күйі тұр. Қолқаны қабатын иіс төңіректі алып кеткен. Бұған қоса су басады. Тұрғындар сол себептен күнде 109 нөміріне шағымданады. Бұл мәселе бойынша М.Шайдаров қалалық Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруа­шылық басқармасының басшысы Төлеген Құлышев пен Есіл ауданы әкімдігінен тұрғындар өтінішін жерге тастамауын сұрады.
Мәслихат депутаты Мирас Шекенов қаланы сумен қамту жайын көтеріп, Талдыкөлді құрғату жобасы қашан аяқталатынын сұрады. «Үркер» тұрғын алабының инженерлік желілері жайын қозғап, соның ішінде КНС-39 бойынша мәселе туындап жатқанын айтты.
Т.Құлышевтің мәлімдеуінше, «Үркер» тұрғын алабының инженерлік желілері мәселесімен екі мердігер айналысып жатыр. 10 сорғының жанып кетіп, кейбіреуінің ұрлануы жұмысты жеделдетуге кедергі келтірген. Тиісті тапсырыс берілді. 10-15 күннің ішінде жаңа сорғылар жеткізіліп, ауыстырылады. Ал Талдыкөл Есіл ауданы әкімдігінің балансына берілген. Болашақта көл жағасында саябақ салу жоспарланып отыр.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button