Мәдениет

Кездескен сайын жігерленемін

– Менің өмірімде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлымен өткен кездесулер ерекше есте қалды. Үлкен белестерді бағындырып, еліміз үшін аянбай еңбек етуге жігер берді.
Алғаш рет маған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентін көру бақыты Қазақстан халқы ассамблеясының 2009 жылы өткен «Ұлттық бірлік – біздің стратегиялық таңдауымыз» атты 15-сессиясында бұйырды. Ол кезде мен елордалық өзбек этномәдени орталығы төрағасының орынбасары лауазымында қызмет етіп жүрдім. Сессияның барлық қатысушылары секілді Қазақстан Президентін осындай жоғары деңгейдегі іс-шарада көріп, тәлімі мен кеңестерін тыңдап, өзімді Қазақстан халқының бірлігі мен келісімінің қажетті құрамдас бөлігі ретінде сезіндім.
Сессия соңында Тұңғыш Президенттің сөзін тыңдай отырып, зор шабыт алып, ынталандым. Дәл сол кезде мен елдегі бейбітшілік, келісім және тұрақтылық саясатын іске асыруға жан-жақты өз үлесімді қосып, көмек көрсетуім керек деп шешім қабылдадым. Менің алдымда тұрған ең бірінші міндет елордалық өзбек этномәдени орталығының қызметін жақсартып, оны тиісті деңгейге жеткізу болды.
Бұдан кейін де Елбасымен Қазақстан халқы ассамблея­сының өкілдері қатысқан түрлі алаңдарда, Наурыз мерекесі, Қазақстан халқының бірлігі күні, сондай-ақ ҚХА-ның жыл сайынғы ­сессияларында бірнеше рет кездесу бұйырды.
2014 жылы Қазақстан халқының бірлігі күнін тойлау кезінде елорда әкімдігі салған этноауылда этностық ғимарат үйлері алдында дастарханымызды жайып, Тұңғыш Президентті қарсы алдық. Нұрсұлтан Әбішұлы бізге жақындағанда, қошемет көрсетіп, ақсақалдарымыз оның дана саясаты үшін үлкен алғыстарын білдірді. Елбасымызға алтын жіппен кестеленген хан шапанын сыйға тартуды және шығыс билеушілерінің (салля) бас киімін тапсыруды өтінді. Үлкендердің бұл ризашылығына Елбасы қатты қуанды. Бізге алғысын білдіріп: «Ал енді мен сұлтанға ұқсадым ба?» деп әзілмен жауап берді.
Дәстүр бойынша елордадағы барлық үлкен іс-шаралар өзбек палауынсыз өтпейді. Үлкен қазандарда осы ұлттық тағамды дайындап, елорда тұрғындары мен қонақтарына дәм ұсынамыз. 2014 жылы Бірлік күнін тойлау кезінде тағы да палау дайындадық. Біздің ауылымызға Тұңғыш Президент келіп, үстелдің ортасында тұрған өзбек шелпегі мен палауының дәмін татқаннан кейін орталығымызға келушілер саны күрт артты. Елбасы келгенде біз аздап абдырап, асқа қажетті құралдарды ұсына бастадық, бірақ ол: «Біздің ата-бабаларымыз әрқашан қолымен тамақтанған және сол дәстүрлерді ұмытпауымыз керек» деп, өз қолымен өзбек шелпегін сындырып, біздің палауымыздың дәмін татты. Біз үшін бұл сәт өмір бойы жадымызда қалды.
Маған Елбасымен түрлі іс-шараларда, соның ішінде діни сипаттағы кездесулерде жолығуға мүмкіндік берген тағдыр үшін Аллаға шексіз алғыс айтамын. ­Нұрсұлтан Әбішұлы жыл сайын қасиет­ті Рамазан айында ораза ұстаған жандарды ауыз­ашарға шақырады.
Осы жолдағы еткен еңбегім мен Отанға деген сүйіспеншілігім назардан тыс қалған жоқ. 2019 жылдан бастап мен Нұрсұлтан Әбішұлының ассамблеядағы қоғамдық орынбасары лауазымында өз үлесімді қосып келемін. Еліміздегі бейбітшілік пен келісім идеясын жүзеге асыруда үлкен күш-жігерімді жұмсап, көмегімнің тиіп жүргеніне қуаныштымын. Мен үшін Елбасымен серіктес, жолдас және пікірлес болу – үлкен абырой және жауапкершілік. Өйткені ол кісінің барлық ойлары мен тілектері әрқашан халық пен ел қамқорлығына бағытталған. Елбасының сөзінен халқымыздың болашағына шынайы алаң­дау­шылық пен ниеттестік әрқашан байқалады.
Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның барлық этностарын бір шаңырақ астына біріктіруде көп жұмыс атқарды. Соның арқасында біз тату, ынтымақтастықта өмір сүрудеміз. Біздің ендігі міндетіміз – бейбітшілік пен келісімді ұзағынан сақтау үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасау. Бұл – дәстүрді болашақ ұрпаққа табыстау.

Шерзод ПУЛАТОВ,
Қазақстан халқы ассамблеясы мүшесі,
Нұр-Сұлтан қаласы өзбек
этномәдени орталығының төрағасы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button