Мәдениет

Көңілім марқайды

23 сәуір – Бүкіләлемдік кітап және авторлық құқық күніне орай Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада қарағандылық журналист-­аудармашы Марал Хасеннің кітапхана қорының көрмесі ұйымдастырылып, қалам­гердің Нобель сыйлығының лауреаттары сериясымен шыққан екі том кітабының таныстырылымы ұйымдастырылды.

Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы Нұрғожа Ораз бен Марал ­Хасеннің кітапхана қорларына арналған №301 кабинет үлкен оқу залына арналып қайта жасақталыпты. Кітапхана қорының тізімдемесіне алынғаннан кейін, кітаптарға арналған шкафтар саны көбейіп, барлық кітап кітапхана тәртібі бойынша топтастырылып қойылған екен.

Ал өзім топтастырған жеті томдық кітаптарым бөлменің ажарын ашып тұрғандай болып көрінді маған. Осы залда оқыр­мандар кітап оқумен қатар, оқушылар мен студенттерге сабаққа дайындалуға барлық жағдай ойластырылғанына көзім жетті.

Өткен Балалар жылының аясында жергілікті жазушымыз, инженер Нұрайна Сәтпаеваның «Серебряная тамга Альки» деген әңгімелер жинағын мен аударып, Алматы қаласындағы «Тентек» баспасынан шыққан кітабымды кітапхананың балалар бөліміне сыйға тарттым.

Бұл кітаптың безендірілуі ерекше және мазмұны балалар түгілі, ересектерді қызықтыратынына көзі жеткен бөлім басшысы Нұрбала Нұртайқызы осы жылдың 18 мамыры күні кітап оқырмандарына аудармашымен кездесуді ұйым­дастырамыз деп шешті. Баспа қызметкерлері Алматыдан келе алатын болса, бұл іс-шара өте тартымды өтетініне кәміл сенемін.

Кітап қазақша-орысша бірдей басылғандықтан, екі тілді де меңгергісі келетіндерге өте пайдалы, келіңіздер!

Рымбала СМАИЛОВА, аудармашы, Қарағанды қаласының тұрғыны 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button