Әлеумет

Көпшілік келетін ұйым еді…

Астанада 1951 жылдан қалалық зағиптар қоғамы толыққанды жұмыс істей бастады. Бүгінде бұл қоғамға мүше болып көздері көрмейтін және нашар көретін бес жүзге жуық мүгедектер тіркелген. Олардың қатарында ғылымдар кандидаты кезінде танымал болған әнші-күйшілер, спорт шеберлері, мұғалімдер мен дәрігерлер, жүргізушілер және басқа да мамандық иелері бар.

Бір ерекше қуанарлық сәт ұйымда көз жанарынан айырылған азаматтар үшін Брайль әдісімен оқитын (бедерлі нүктелі қаріптер арқылы) арнайы кітапхана ашылған. Дегенмен қазақ тіліндегі бедерлі қаріптегі оқулық кітаптар жоқтың қасы.

Сондай-ақ қоғамда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған өндірістік кәсіпорын, тігін цехтар, әртүрлі мамандыққа дайындап үйрететін үйірмелер жұмыс істейді. Әсіресе, көркемөнерпаздар үйірмесінің игі істерін атап өткен жөн. Бірнеше байқауларға қатысып, жүлделі орындарды жеңіп алған екі дауысты үлкен хор ұжымы «Халық хоры» деген құрметті атаққа ие болды.

Алайда қоғам мүшелерінің пікіріне қарағанда қалалық зағиптар қоғамы олардың сұраныстарын қанағаттандыра алмай отырған сияқты.

– Бұрындары көпшілік бағыттағы танымдық мәдени шаралар жиі өтетін. Наурыз, басқа да мерекелерде жиналып, бір-бірімізді құттықтап, концерт тыңдап, бір қуанып қалатынбыз. Әріптестеріміздің 50-60-70 жасқа толған туған күндері де елеусіз қалмайтын. Ал соңғы жылдары Наурыз түгілі, қазан айындағы мүгедектер күні атаусыз қалды, – дейді топ жетекшісі болған Бақыт Телжанова.

– Мен 2003 жылдан қоғам мүшесімін. Жыл сайын мүшелік жарнасын төлеймін. Әр жылда оның да құны өседі. Бірақ, қоғам жұмысында ешқандай оң өзгерістер байқалмайды. Жиналып дайындалатын, репетиция өткізетін орын жоқ. Кезінде қоғамның жеке ғимараты, жиналыс, концерт өткізетін үлкен акт залы да болған. Қазір қоғам қызметкерлері өндіріс кәсіп­орнына көшіп алып, әкімшілік ғимаратын жалға берген бе, білмейміз. Бір қызығы, былтырдан бері қоғам мүшелерін жаңадан қайта тіркейміз, сол үшін 1200 теңгеден төлеңдер дегенді шығарды, – деп тағы бір қоғам мүшесі ренішін білдірді.

Біз осы мәселелер төңірегінде Астана қалалық зағиптар қоғамының төрағасы Ерғали Бұқаровқа бірнеше сауал қойдық.

– Қоғам мүшелерін қайта тіркеу туралы шешімді президиум қабылдады. Ал мұқтаж жандарға материалдық көмек беру азық-түлікпен жәрдемдесу немесе олардың туған күндерінде сыйлық тарту біздің міндет емес. Бұл ұстанымызды республикалық зағиптар қоғамы да қолдайды, – деді қоғам төрағасы. Қоғам мүшелерін қайта тіркеу (500 мың теңге) себептері туралы түсінік бермеді.

Жазмыштың жазуымен жарық дүниені жанарымен көру қабілетінен шектелген мүгедектердің рухани сұраныстарын қамтамасыз ету, олардың өмірге деген құштарлық талап-тілектерін қолдау – бүкіл қоғамымыздың абыройы әрі маңызды міндеті. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті халыққа Жолдауында әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлінген. Бүгінде мемлекет тарапынан демеушілер мен еріктілер ұйымдарының тұрмысы төмен адамдарға жаппай көмектесуі жақсы үрдіске айналды. Тек бұл игі істі ашық әрі дұрыс ұйымдастыра білген абзал.

Негізі қазіргі технология дамыған заманда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған оргтехника, дыбысты кітап, күн сәулесінің шуағын білдіретін аппараттар және басқа да жаңа шыққан құралдар мүгедектер үшін қолжетімді болу керек.

Жалпы зағиптардың, әсіресе көздері су қараңғы көрмейтін адамдардың өмір тыныс-тіршілігі ерекше, олардың басқан әр қадамы – күрделі құбылыс. Оны толық түсіндіріп, жеткізудің өзі қиын. Сондықтан, осындай жандардың әр эмоциясын сезіне білу, қарым-қатынас жасай алу, көңілдеріне кірбің түсірмеуге тырысу – бұл қоғам қызметкерлерінің кәсіби миссиясы, әрі басты міндеті.

Бименде ҚАЗАНҚАП,

зейнеткер

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button