Денсаулық

МӘМС енгізілгелі не өзгерді?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген сәттен бастап елімізде өте қымбат зерттеулер мен жоғары технологиялық қызметтерді пайдалану мүмкіндіктері пайда болды. Өйткені көрсетілетін қызметтер саны әлдеқайда кеңейді және жоғары технологиялық, зертханалық қызметтер тізімі енгізілді.

Ең пайдалысы зерттеудің қосымша әдістері, зертханалық зерттеулердің басқа да түрлері, консультациялық-диагностикалық қызметтерді алудың мүмкіндіктері, КТ, МРТ және т.б. өте қымбат зерттеулер енгізіле бастады. Бұрын болмаған консультациялық-диагностикалық қызметтерге жеке қаражат бөлінді. Соның арқасында медициналық қызмет көрсету сапасы жақсарды. Бұған дейін олар емханаларда жан басына шаққандағы кешенді нормативке енгізілетін.

МӘМС енгізілгеннен кейін Қазақстанның қазіргі заманғы денсаулық сақтау жүйесіндегі қызметтер пакетіне барлық жоспарлы стационарлық көмек, сондай-ақ оңалту ісі кірді. Сонымен қатар қазір қаржыландыру схемасында мектеп медицинасы мен шұғыл медициналық көмек көрсетілген. Балалар жылына екі рет, соның ішінде тіс дәрігерлерінен тексеруден өтеді. Көптеген жоспарлы, құны бірнеше миллион теңге тұратын жоғары технологиялық оталар қолжетімді болды. Барлық емханаларда қымбат жабдықтар, бейінді мамандар болмағандықтан басқа ұйымдармен келісімшарт жасау мүмкіндігі бар. Басты талап барлық жеке медициналық клиникалар лицензияланған және міндетті медициналық сақтандыру қорының провайдерлер тізілімінде болуы керек.

Алайда өкінішке қарай, қаржыландыру бойынша белгілі бір мәселелер бар. Бұл, әрине, қордың нашар жұмыс істейтіндігімен емес, халықтың салымдары есептелгендей жүз пайыз түспегендігімен байланыс­ты. Көптеген науқастар «Мен емханаға қаралған жоқпын, неге жарна төлеуім керек?» дейді. Ақпараттық-түсіндіру жұмыс­тары жүргізіліп жатқанына қарамастан өз емханамыздың мысалында біз күн сайын жылдар бойы жарна төлемейтін науқастарды (жұмыс істемейтіндер, әдейі төлемегендер және т.б.) кездестіріп келеміз.

Ал шындығына келгенде, бір науқастың жүз мыңнан көп жалақысы бар болса, ол МӘМС үшін жылына 40-50 мың теңге төлей алады деп саналады. Сол адам медициналық көмекке мұқтаж болған сәтте, айталық, 2-3 жылдан кейін оған толық тексеру қажет болса, мысалы, МРТ, КТ-дан өту, жалпы клиникалық зерттеулер, ЭКГ, ультрадыбыстық және т.б. тексерулер керек жағдайда бұл зерттеулердің барлығының құны шамамен 200 000-300 000 теңгені құрауы мүмкін. Осы кезде МӘМС жарналарын үнемі төлейтін және «сақтандырылған» мәртебесі бар азаматтар медициналық қызметтер үшін қосымша ақы төлемеуіне болады.

Қор анықтаған тарифтер бойынша науқастарды стационарға бір рет жатқызу, ауруханаға жатқызу алдындағы тексеру 200 мың теңгеден, кейде одан да көп қаржыдан асады. Стационарда жасалатын кез келген ота, оның ішінде жоғары технологиялық оталар, мысалы, коронаграфия құны 1 миллион теңгеден көп  шығады. Қазір мұндай оталар МӘМС шеңберінде жасалады.

Бұрын КТ, МРТ, ПЭТ-КТ, зерттеу аппараттары, қымбат талдау сияқты жоғары технологиялық медициналық қызметтер барлығына бірдей қолжетімді болмады. Бүгінде халықтың көптеген медициналық қызметтерді кедергісіз алатынын көріп жүрміз. Астана қалалық №5 емхананың тәжірибесін алсақ, біздің емханада жылына 60 000 адамға 2800 КТ, 200 ПЭТ КТ, 2000 МРТ, 400-ден астам ПТР талдау жасалады екен. Бұл – бір жыл ішіндегі бір ғана емхана жасаған тексерулер.

Алайда сұраныстың да көп екендігі жасырын емес, сонымен бірге медициналық қызметтерді уақтылы пайдалану, кезек күту және т.б. проблемалар бар. Мысалы, қордың шарты бойынша пациенттерге 10 күн ішінде консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсетілуі тиіс. Яғни, бейінді мамандар жоспарлы түрде пациентті 10 күн, учаскелік дәрігер 3 күн ішінде тексеруі керек. Ал «Жабдықтар, аппараттар бар ма, мамандар жеткілікті ме, дәрігерлердің қабылдауға уақыты бар ма?» деген және т.б. сұрақтардың туындауы бөлек мәселе, оны зерттеу керек. МӘМС тиімділігіне қарай мұндай жайттарды қайта қарау қажет деп ойлаймын. Медициналық қызметтердің тарифтері мен көлемі сәйкесінше есептелуі тиіс. Президент денсаулық сақтауды қаржыландыруды ЖІӨ-нің 5%-на дейін жеткізу туралы айтты. Мұның өзі осындай мақсат қойылғанын көрсетеді және жақын арада қаржы ағындары реттеліп, бәрі тұрақталады деп үміттенеміз.

Алтыншаш ТАБУЛДИНА,

 №5 қалалық емхананың директоры,

 Астана қаласы мәслихатының депутаты

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button