Жаңалықтар

МАҢДАЙАЛДЫ ҚАЙРАТКЕРЛЕР МАРАПАТТАЛДЫ

IMG_3143

«Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының мәжіліс залында аталмыш ұйымның 15 жылдығына арналған
салтанатты шара өтті.

Шара барысында партия өкілдерін айтулы күнмен шын жүректен құттықтаған «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сапар Ахметов партияның 15 жылдығын мерекелеу өте жауапты кезеңге сәйкес келіп отырғанын, өйткені, қоғам «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын басшылыққа ала отырып, Елбасы айқындаған әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену мақсатын қолға алғанын айтты.

«Халықпен бірге табысты да ауыр жолдан өткен партия он бес жыл ішінде маңызды қадамдарға бара отырып, көптеген игілікті істерге бастамашы бола білді. Ең бастысы, халық сеніміне ие болды» деген қалалық филиал төрағасының бірінші орынбасары «Қа­зақстан-2050» стратегиясы мен «Нұр Отан» партиясының бағдарламалық мақсат­тарын орындауға, партияның бүгінгідей жағдайға жетуі­не үлес қосқандары үшін әріптестеріне  шынайы алғыс білдірді.

Сол күні партия қатары тағы алты адаммен толықты. Оларға партия билеттерін салтанатты жағдайда табыс еткеннен кейін Сапар Қайратұлы «Нұр Отан» партиясы сая­си кеңесі бюросының қаулысына сәйкес, бір топ әріптестерін «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен марапаттады. Олардың қатарында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті халықаралық қатынастар кафедрасының доценті Әміржан Әлпейісов, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиа­лы ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің кеңесшісі Қымбат Бұланбаева, «Цесна» корпорациясы АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы, Астана қалалық мәслихатының депутаты Серік Жақсыбеков, Есіл ауданының әкімі Сәбила Мұстафина және т.б. болды.

Ұлт көшбасшысы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатын жүзеге асыруға атсалысып, партияның бағдарламалық мақсаттары мен міндеттерін орындауға қатысқан және азаматтық белсенділік танытқаны үшін Астанадағы №1 қалалық емхананың бас дәрігері Күлжан Анасова, №53 мектеп-лицейдің директоры Қазбек Әбдірәсілов, Интернациональный тұрғын алабы бастауыш партия ұйымының төрайымы Майра Әлімханқызы, №7 емхананың бас дәрігері Айгүл Қуанышева және т.б. «Алғыс хатпен» марапатталса, Елбасының стратегиялық бағытын және партияның бағдарламалық мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене атсалысқан тағы бір топ азамат «Құрмет грамотасына» ие болды.

Салтанатты шара соңында сөз алған Ә.Әлпейісов он бес жыл ішінде ел тәуелсіздігін нығайту жолында партия тарапынан үлкен жұмыстар атқарылғанын айтса, партияға жаңадан мүшелікке енгендер Елбасының идея­лары мен жоспарларын қолдайтындықтарын, Пре­зиденттің бастамаларына сенетіндіктерін, болашақта ел үшін, партия үшін жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді.

 

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button