ЖаңалықтарСұхбат

МЕКТЕБІМІЗ – ДАРЫНДЫЛАР ОРДАСЫ

;

 

 

 

 

Сәулеш
ҚАНАПИЕВА,
Астана қаласындағы
№1 музыка
мектебінің
директоры:

 
 
 
Айдана Жанатқызы:

– Сәулеш Төлегенқызы, ұзақ уақыттан бері елор­да­мыздағы №1 музыка­ мек­те­­бінің директоры қызметін атқарып келесіз. Осы ретте өнерлі шәкірт тәрбиелеуде қандай қиындықтар бар?
–Иә, Астанадағы №1 балалар музыка мектебінің директоры лауа­зы­мында 1992 жылдан бас­тап­ қызмет атқарып келемін. Өнерлі шәкірт тәрбиелеу ісіне кел­сек, оқуға қызығушылығы бар жасөспірімге жоғары білім, эстетикалық тәрбие беруде кәсіби деңгейлі маман мен ата-ана арасында шығармашылық бірлестік қалыптастыру керек деп ойлаймын. Осындай үндестікпен жұмыс істейтін мектебімізде көптеген талантты жас музыканттардың оқуда жетістікке жетуіне барлық жағдай жасалған.

 

Самат Дүйсебаев:

– Шәкірттеріңіз өзге мем­­ле­­кеттерде өтетін байқау­­лар­ға белсене қаты­сып, Аста­на­ны ай­дай­ әлем­ге паш­ етіп жүр. Шетел­дік­тер­ осы­ ба­ла­лар­дың өне­рін­ қалай баға­лайды?
– Мектебіміздің оқушылары көп­теген шетелдерде өтетін бай­қау­­лар­дың лауреаттары екені рас. Біздің балалар, атап айтсақ, Болгария, Франция, Ресей, Түркия, Испания мемлекеттерінде болып, өнер көрсетіп жүр. Шетелдіктер қазақ өнерін, соның ішінде домбыра,­ қобыз аспаптарында орындалатын шығармаларды үлкен ықы­ласпен тыңдап, қызы­ғу­шылық білдіріп, әрқашан жоғары бағалайды.

 

Айсұлу Маратқызы:

– Шәкірттеріңіздің шетелге жиі шығып, өнер көрсетіп жүргендері белгілі. Олармен тәжірибе алмасу бағытында қандай жұмыстар жүзеге асырылуда?
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлттық білім жүйесін сақтай отырып, басқа мемлекеттердің жақсы тәжірибесін ендіру керек» деген болатын. Сондықтан, Елбасының тапсырмаларын басшылыққа ала отырып, біздің мектеп педагогтары мен оқушылары шетелдерге конференция, фестиваль, конкурстарға қатысу арқылы сол елдердің өнер топтарымен тәжірибе алмасып, музыкалық білім жүйесін зерделеуде. Осы бағыт­та мек­те­бі­мізде тәжірибе алмасу мақ­са­тын­да шеберлік сабақтары, семинарлар өткізіліп отырады.

 
Маржан Ерімбетова:

– Бүгінде балаларын­ му­­зы­ка мектебінде оқы­т­­­­қы­сы келетіндер көп шы­ғар.­ Мен де неме­рем­нің өнер­ді үйрен­генін, музыка мек­те­­біне жазылғанын қалай­­мын. Жалпы, мекте­біңіз­де қандай үйір­мелер бар?
– Мектебіміз 1991 жылы ашылды. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігімен құрдас. Әрине, алғашқы жылдары көптеген қиындықтар кездесті: мемлекеттік тілді меңгерген мамандар жетіс­пе­ді, қазақ тілінде жазылған оқу­лық­тар мен бағдарламалар, аспаптар, оның ішінде көне аспаптар қобыз, қылқобыз, т.б. мүлдем болмады. Әлі есімде, сол кезде барлық бағдарламаны қазақ тіліне өзіміз аударып, өзіміз бағдарлама құрастыратынбыз. Ол тұста тіпті ғимаратымыз да болған жоқ, әр жерге көшіп жүрдік. Сондықтан, алғашқы кезде оқушылар саны да аз болды. 2000 жылы қазіргі кезде отырған үйге ие болдық. Соның арқасында оқушыларымыздың саны да ұлғайды. Бүгінде қабілетті, дарынды оқушыларымыз көп. Мәселен, биыл біздің мектепте оқуға 300-ге жуық өтініш түссе, солардың 150-і ғана талапқа сәйкес тыңдаудан өткізіліп қабылданды.Қазіргі уақытта 700-ге жуық бала домбыра, домбырамен ән айту, қобыз, қылқобыз, эстрадалық вокал, фортепиано, флейта, скрипка, баян, жетіген, сазсырнай, шертер, хореография сыныптары бойынша дәріс алады. Мектебімізде «Астана» халық аспаптар оркестрі, «Балауса» фольклорлық ансамблі, «Еркеназ» қобызшылар ансамблі, кіші және ересектер хоры, «Dolce» скрипкашылар ансамблі, флейташылар ансамблі бар. Олар – әртүрлі деңгейдегі байқаулардың жеңімпаздары.2011 жылы мектебіміз Астана қаласы әкімінің грантын жеңіп алды. Сонымен бірге ЮНЕСКО клубының мүшесіміз. Біздің мұғалімдеріміз де шетінен талантты: халықаралық деңгейдегі сайыстарға қатысып, өз жобаларын қорғап жүр. Мен өз мектебімнің, оқушылар мен педагогтар ұжымының жетістіктерін мақтан тұтамын. Біздің мектепте оқу-жұмыс жоспары, оқу бағдарламалары Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сының Білім және ғылым министрлігі бекіткен арнаулы үлгілік құжаттамалар негізінде ұйымдастырылып жүргізіледі. Әр аспаптың өз оқу бағдарламасы бекітілген. Академиялық концерт, тыңдау, емтихан – барлығы талаптарға сай. Ал, немереңізді біздің мектепте оқытқыңыз келсе, алдымен бекітілген үлгіде ата-ана өтінішін толтырасыз. Сонымен бірге учаскелік дәрігерден медициналық анықтама, неме­ре­ңіздің 3х4 үлгідегі фотосы, туу туралы куәлігінің көшірмесін, ата-анасының (біреуінің) жеке куәлік көшірмесін тапсыруыңыз қажет.

 
Бақыт Сарыбайұлы:

– Бүгінде кейбір жас­тар­дың дауысым бар не­ме­се келбеттімін деп, сах­на­ға, эфирге шығуға, қыс­қа­сы, танымалдыққа әуес­те­ну­ші­лі­гі басым. Мұны ешкім де­ жоқ­қа шығара алмас. Соның салдарынан қазіргі кезде жеңіл ән, мағынасыз мә­тін­дер белең алып барады. Осы тұрғыда болашақ өнер адамдарын тәрбиелеп отырған ұстаз ретінде не айтасыз?
– Мектебімізде эстрадалық вокал сыныбы болғандықтан, оқушы­ла­ры­мыздың бағдарламалық репер­туар­ла­рына көп көңіл бөлеміз. Мұға­лім­дер жасөспірімдерді ән арқылы патриоттыққа баулу мақсатында ана, әке, туған жер, Отан, Астана, мектеп,­ балалық шақ туралы әндермен су­сын­да­туға тырысады.­ Себебі, ән ар­қылы, әннің сөзі арқылы балада үлкенге құрмет, кішіге ізет, елге сүйіс­пен­шілік сезімдері оянуы тиіс. Ал сахнада, теле­ди­дарда өзін әнші санап жүрген әуес­қой әншілердің бағасын халық береді. Егер халық ол әншіні сүйіп тыңдаса, оның еңбегі еш кетпеді деген сөз. Дегенмен, тың­да­мал­майтын әншілер де жоқ емес. Бұдан былай сахнаға шығудың қажеті бар ма, жоқ па­ – оны әркім өзі шешуі керек деп ойлаймын.

 
Құралай Тұрсынжанова:

– Музыка мектебінің оқыту жүйесінде патриоттық тәрбие беру үрдісі қалай жүргізіліп жатыр?
– Мектебіміз Білім және ғылым министрлігінің ғылыми жобалар байқауына қатысып, «Этно­мә­дениеттік дәстүрлерде БММ оқу­шыларының қазақстандық патрио­тизмін тәрбиелеу, музы­ка­лық­ қабі­лет­терін қалыптастыру мәсе­лелері» тақырыбы бойынша­ Білім және ғылым министр­лі­гі­нің­ грантына ие болды. Ұжым­да­ғы тәрбие жұмыстарының бір бағыты патриоттық тәрбие беру бол­ған­дық­тан, осыған орай көптеген іс-шаралар, соның ішінде қалалық «Менің елім» патриоттық ән бай­қауы­ дәс­түр­лі түрде өткізіледі. Соны­мен бірге жыл сайын Наурыз мере­кесіне, Рәміздер күніне, Тіл мере­ке­сіне байланысты түрлі кездесулер ұй­ым­дас­тырылып, мерекелік шаралар өткізілуде. Бұл ретте «Бал­дәу­рен­ге базарлық» атты бала­лар­­ға арналған патриоттық әндер жи­на­ғының және үстіміздегі жылы Балалар музыка мектептерінің оқу­шы­ла­рына арналған «Шаттан, елім» жи­на­ғының жарыққа шыға­рыл­­ға­­нын да айта кеткенім орынды болар.
Қазақстан, Ресей, Украина, Белорусия­ мем­ле­кеттерінің арасында өткізілген Халықаралық мәдениет саласындағы білім рейтингі бойынша біздің №1 Балалар музыка мектебі «2013 жылдың сала бойынша лидері » ұлттық сертификатына ие болды. Мектептегі тәрбие ісінің меңгерушісі Ж.Файзулина «2013 жылдың маманы» аталымы бойынша ұлттық сертификатқа ие­ болып, оқу ісінің меңгерушісі Ү.Мырзақұлова «Еңбек жолындағы тиімділігі» аталымы бойынша үздік шығып, медальмен марапатталды. Көп жылғы еңбегім ескеріліп, мен де орден тақтым. Мұның бәрі, әрине, ұзақ жылғы еңбек пен маңдай теріміздің нәтижесі деп ойлаймын.

 

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button