Елорда тынысы

Мектеп салу – өзекті мәселе

Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов елорданы аралау барысында бірқатар мектептің құрылысымен танысты.

– Мектеп салу – өзекті мәселе. Елорда тұрғындарының жыл сайын артып келе жатқаны ескеріліп, оқу орындары орналасатын жер учаскелерінің де санын көбейттік. Қазіргі уақытта мектеп салынатын 102 жер учаскесін белгіледік. Жер учаскелері әлеуметтік нысандардың қажеттілігіне орай қаланың барлық ауданында орналасқан. Мәселен, елорда тұрғындары көбірек шоғырланған және қарқынды дамып келе жатқан Есіл ауданында мектеп салынатын – 49 учаске, Алматы ауданында – 29 учаске және т. б., – деді әкім.

Мектеп пен өзге де маңызды әлеу­меттік нысандар салу үшін бөлінген жер учаскелері қаланың барлық ауданында орналасқан. Олардың саны жыл сайын артады. Әр ауданда және шағын аудандарда оқу орындары болуы үшін егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына арнайы бағыт бекітілетінін айта келе, елорда әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 23 аса ірі мектептің жобасын жүргізіп жатырмыз. Бұл 23 мектеп 2 ауысымда 84 мыңнан астам оқушыны қамтуға мүмкіндік береді. «Жайлы мектеп» жобасы аясында білім ошақтарының құрылысын келесі жылы бастаймыз. Осылайша, біз ауқымды мектептер салуды жалғастырамыз. Осыған дейін Астанада 6 ірі мектеп аштық, олардың әрқайсысы 4 мың оқушы орнына (6 мектептегі оқушы орындарының жалпы саны – 2 ауысымда 24 мың) есептелген, – деді А.Көлгінов.

Қаланы аралау барысында бас шаһар басшысы Ұлы дала даңғылында, Ұлы дала мен Сауран даңғылының қиылысында, 187-көшеде және Қарасай батыр көшесінде орналасқан бірқатар мектептің құрылыс барысымен танысты.

– Ұлы дала даңғылында, Ұлы дала мен Сауран даңғылының қиылысында, 187-көшеде және Қарасай батыр көшесінде орналасқан мектептерді биылғы оқу жылында ашуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, елордада 2019 жылдан бастап 93 мың оқушы орнына арналған 2 ауысымды 45 мектеп салынды. Оның 9-ын биылғы оқу жылында ашамыз, – деді қала басшысы.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button