Жаңалықтар

Мемлекеттік марапаттар тапсырылды

ERA_4921

Кеше Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков Жеңістің 70 жылдығына орай елордалық бір топ Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларын тапсырды.

Жиналған қауымды Жеңістің  70 жылдық мерейтойымен құттық­таған қала басшысы: – Жеңіс күні – қасиетті де, қас­терлі мереке. Отан үшін от кеш­кен қазақстандық жауынгерлер жеңіс күнін жақындатуға аз үлес қосқан жоқ. Сіздердің ерліктеріңіз, қаһармандық пен отансүйгіштік қасиеттеріңіз – кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Соғыстан кейін құл­дыраған экономиканы қалпына келтіруге де ардагерлеріміз қажыр­лылықпен атсалысты. Осынау мейрам қарсаңында Елбасының Жарлығымен еліміздің өркендеуіне ерекше үлес қосқан азаматтарға жоғары мемлекеттік марапат тапсырылатын дәстүр бар. Биыл да бір топ астаналық ардагер сондай құрметке ие болып отыр, – деп атап өтті.
Бұдан кейін Әділбек Рыскелдіұлы мемлекет алдындағы ерен еңбегі, белсенді қоғамдық қызметі үшін және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығының құрметіне орай соғыс ардагері Шағила Құсановаға «Парасат» орденін, майдангерлер Тезекпай Әбдірахмановқа, Владимир Кальсинге, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Астана қаласындағы бөлімшесінің төрағасы Амангелді Сыздықовқа «Құрмет» орденін тапсырды. Қарт сарбаздар Баймұхан Әбілов, Бақтыбай Алмабеков, Александр Морунов, Шәріп Рахымжаров, еңбек ардагері Қали Мұқатаев, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Астана қаласындағы бөлімшесі төрағасының орынбасары Есболат Дүйсенов «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды. Ал соғыс ардагерлері Сихымбай Мамыров пен Жанияз Шалболовқа Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасы табысталды.
Осы күні марапатталғандардың бірі – Есіл ауданы мүгедектер қоға­мының төрағасы Бақытжан Сәр­сенбаев. Ол «Қазақстан халқы ассам­блеясының – 20 жылдығы» мерей­тойлық медалімен марапатталды.
– Сіздердің Отан үшін жасаған ерліктеріңіз ешқашан ұмытылмайды. Өздеріңіз сыйлаған бейбіт өмірдің арқасында еліміз үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Аға ұрпаққа қашан да тағзым! Мерекелеріңіз құтты, дендеріңіз сау, отбастарыңыз аман болсын, – деп сөзін түйіндеді елорда әкімі.
Салтанатты жиынға қатысу­шы­лардың атынан сөз алған соғыс арда­гері Тезекпай Әбдірахманов өздеріне деген мемлекеттің ілти­патына риза екендігін жеткізіп, алғысын білдірді.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button