Руханият

Мерейлі белестегі «Астана ақшамы»

Биыл «Астана ақшамына» 30 жыл толды. 2002 жылы Қазақстан журналистика академиясы «Алтын жұлдыз» сыйлығының лауреаты атанған, 2018 жылы Қазақстан Президентінің алғыс хаты мен республикалық «Нұр-Сұңқар» сыйлығына ие болған басылымның ұжымын, жалпы Elorda Aqparat ұжымын мерейлі датаға орай қала әкімі Алтай Көлгінов қабылдап, арнайы құттықтады. Сондай-ақ қос газет ұжымы дәстүрге сай отыз ағаш отырғызды.

Уақытқа ілескен басылым

Бүгінгі ақпараттық техно­логия­лар дәуірінде газетті ғаламдық желіге кіру мүмкіндігі болмағандықтан баяғыдай қажет болудан қалды деп ойлайтындар табылады, бірақ іс жүзінде газеттер өзектілігі мен танымалдылығын жоғалтқан жоқ. Біріншіден, газет демалуға көмектеседі. Өйткені бүкіләлемдік желі жақсы болғанмен, ондағы ақпарат тасқыны адамды шаршатуы мүмкін, ал газетте ақпарат жүйеленіп беріледі. Мысалы, «Астана ақшамының» сарғайған нөмірлерін парақтағанда, бүгінгі елорданың сонау жылдары алғаш астана атанғалы бергі кезеңінен бастап өрлеу-өркендеу жолдарынан сыр шертетін кішігірім жылнамасын оқып отырғандай болдық. Мұнда қаланың қоғамдық-әлеуметтік жағдайы да, мемлекеттің саясаты, басқару жүйесі, мәдениеті мен рухания­ты да түгел қамтылған. Газет ашылған кезден бастап қаланың келбеті, сәулет, құрылыс, абаттандыру, қала тазалығы үнемі көтеріліп отырған. Екіншіден, газет көптеген мәселелерді шешуге көмектеседі, тіпті ондағы жарнамаларды оқудың пайдасы бар. Ақпараттық жария­ланымдардың өзінен қызықты ұсыныстар таба аласыз, осы себепті де «Астана ақшамын» зейнеткерлер мен интернетке кіру мүмкіндігі жоқтар ғана емес, алдыңғы қатарлы студенттер, қоғам қайраткерлері, тіпті саясатқа жақын бизнесмендер де оқиды. Үшіншіден, газет таным көкжиегін кеңейтеді. Айталық, «Астана ақшамының» ұстамды, байыпты басылым болып қалыптасуына о бастан зиялы қауым үлес қосқан деуге болады. Бұл орайда газетте қызмет еткен ардагер журналист Кенже ­Жұмағұловтың естелігінен үзінді келтіре кетейік: «Парламент пен министрліктерде жұмыс істейтін ақын-жазушы, аудармашыларға жіберіп, олардың әңгіме, өлең, тәржімаларын алдырттық. Депутаттар ­Фариза Оңғарсынова, Арғынбай Бекбосын, Мырзагелді Кемел, Әкім Ысқақ, сол Парламенттегі аудармашылар Мәди Айымбетов, Махамбет Жәмекұлы, Бекен Шоланов, Ақпарат министрлігіндегі Шәрбану Бейсенова, Ербол Шаймерден, Қайсар Әлім, Нұрлан Қалқа секілді әріптес­теріміз қолда барын құшақтатып жіберіпті. Сөйтіп, олардан апталық жоспар жасап, запасты игеріп алдық. Міне, осыдан кейін қызметкерлер аса шұғыл жиын болмаса, берілген тапсырманы түске дейін, әрі кетсе түстен кейін бітіріп тастауға бейімделе бастады. Ал осылардың бәрі өз кезегінде газеттің баспаханадан кешікпей, белгіленген графикке сай шығуына қол жеткізді» дейді ол.

Ұлт қайраткерлерінің сөзі қалған

Міне, ардагер журналист айтқандай, отыз жылдан бері тарихи, танымдық мақалалар қатары көбеюіне, газеттің алғашқы жылдарында оның аудиториясының кеңеюіне сол кездегі жас журналистер мен қайраткерлер, ғалымдар, қаламгерлер де үлес қосқан. Яғни «Астана ақшамында» қоғам қайраткерлерінің сөзі қалған, мысалы, газеттің 1998 жылы «Намыс найзағайы» деп аталатын айдар болған. Сол 1998 жылдың 13 қазанында Шерхан Мұртаза жазған «Қажыгелдиннің қай сасқаны?» деп аталған мақаласын оқу өзіміз үшін өте қызық болды. «Әкежан мырза, әруақтардың сүйегі сырқырайды» дейді. «Орыстарға опасыздық жасадық, әруақтар кешірмейді» дейді. «Сонда сырқырайтын Көшім ханның, Сырым Датұлының, Исатай мен Махамбеттің, Кенесары мен Наурызбайдың, Сыздық сұлтанның сүйектері ше? Ұлы әруақтардың сүйегі сырқыраса, Әкежанның сол әруақтарға жала жапқаннан сырқырайды!» деп қатты айтады. Ашынған жазушы, қоғам қайраткері қазақ тілінің бейшара жетімнің күнін кешіп отырғанын нақты деректермен келтіреді. Әріден қозғап, біраз жайды айтқан жазушы мақаласын «Әкежан мырза қазақ еместерге жағынып, қазақтарға жала жабу үшін тағы қандай амалдарға барар екен?» деп аяқтайды. Шерхан Мұртазадан бөлек, Өмірбек Байгелді, Оралбай Әбдікәрімов, Мырзатай Жолдасбеков, Алдан Смайыл, Несіпбек Айтұлы, Серік Тұрғынбекұлы, Жамбыл Артықбаев, Диқан Қамзабекұлы, Бауыржан Омаров, Зиябек Қабылдинов, Ерлан Арын, т. б. азаматтар осы газет бетінде жас астананың оқыр­мандарымен жүздесіп отырған.

Жақсылықтың жаршысы

«Астана ақшамы» жаңа астананың жылт еткен әр жаңалығын халыққа жеткізіп отырған. Есіл жағалауын игеруге қатысты президент Н.Назарбаев басшылардан тың идея, жаңа бастама күтіп, «Астана әлемдік жетістіктерді сүйреп алып кететіндей локомотив қала болуы керек» деп үлкен міндеттер жүктеген кезеңді де, сол кезде қаладағы салынған әрбір жаңа ғимаратқа қуаныш білдіріп, жақсылықты жазып отырған – осы басылым. Өсу, өркендеу кезеңдерінен өтіп, қаланың тыныс-тіршілігі мен жетістіктерін қалың бұқараға жүйелі жеткізуші рөлінен мазмұны байыған, ойы кемелденген басылымға айналғанға дейін қаншама журналистердің шеберханасына айналған.
Мәселелер де батыл көтерілген. Мысалы, сонау 1998 жылдары «Астана ақшамында» «Көрмейін десем көзім бар» айдарымен «Мәтіні мәңгүрт жарнамалар» туралы айтылған. «Пуча» дүкенінің атауын сынаған, ол дүкен әлі күнге сол атаумен тұр. Ағылшынша, орысша қаптаған атаулар бұрынғыдан көбеймесе, азаймағанын көреміз. Сондай-ақ Бейбітшілік көшесіндегі шыршалардың құрылыс үшін текке қиылып жатқанын үлкен мәселе ретінде көтерген. «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Жұмагүл Саухат «Астана сәулетімен ғана көрікті емес» деген мақаласында елордадағы көше атаулары ұлт тарихын әйгілеп, қазақылықтың иісі шықса деген ойын білдіреді. «Көшелер мен аудандарға, тіпті жаңа ғимараттарға ат таңдауда барды қайталауды доғара бастаған дұрыс. Астана тың талғамды, ат қоюдағы өркениеттілікті қажет етеді» деп түйіндейді. Газет әлі де сол сергек те байқампаз қалпынан танған емес.

Ізденіс үстінде

Газеттің бүгінгі бас редакторы Еркін Қыдыр: «Облыстық және республикалық басылымдарда отыз екі жыл еңбек еткен соң тағдыр тартуымен 2017 жылы «Астана ақшамының» табалдырығын аттадым. Өзіндік дәстүрі қалыптасқан ұйымшыл ұжым үнемі ізденіс үстінде. «Қала мен сала» айдары арқылы үлкен мегаполис тіршілігінің сан қатпарына үңілсек, «Шаһар шежіресі», «Талайғы тарих» арқылы өткенге көз жібердік, ескі ғимараттар тарихын бедерледік. Өзге үлкен қалалардан не үйренуге болады деп тұрақты айдар аштық. Ал «Көрші ақысы» деген бетте бауырлас, іргелес елдердегі назар аударып, үлгі алатын мәселелер ортаға салынды. «Ұлт ұпайы», «Ақтаңдақтар ақиқаты» еліміздің киелі жерлері, агломерация, инновация, цифрландыру, қазақыландыру сияқты тақырыптар үнемі қатталып отырды» дейді. Иә, басылым мақсатынан жаңылмайды, неміс философы Артур Шопенгауэрша айтсақ, газет тек ұжымдық насихаттаушы, ұжымдық үгітші және ұжымдық ұйымдастырушы да.

Кітап жарық көрді

Бас редактордың орынбасары Ғалым Қожабеков отыз жылдыққа орай үлкен сый жасады – «Астана ақшамы» атты кітап жазып шықты. «Ақмола ақиқатынан» бастап «Астана ақшамына» де­йін» деген басты бөлімде басылымның 30 жылдағы белес­тері баяндалған. «Астана ақшамы» газетін елорданың энциклопедиясы десек, автордың кітабын «Астана ақшамының» артта қалдыр­ған отыз жылын түйіндеген еңбек деп айтуға толық негіз бар. Кітапта елорда өміріндегі ақжолтай оқиғалар дерек-дәйектермен айшықтап көрсетілген. Кітапта газеттің қандай соқпақ-белестен өткені, бас редакторлар мен журналистердің, газеттің өсуіне үлес қосқан азаматтардың еңбегі сөз болады. «Бас редактор бағаны» бөлімінде әр жылдары редактор болған азаматтар өз естеліктерімен бөліседі. Ол редакторлар бүгінде танымал тұлғаларға айналып отыр.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button