«Мисон» ансамблі – мақтанышымыз
Еліміздегі корей ұлттық мәдени орталықтары мемлекеттік және ұлттық мерекелерде өз өнерлерін көпшілік қауымға ұсынып келеді. Корей этномәдени ұйымының «Мисон» ұлттық ансамблі Қазақстандағы достық пен бірлікті насихаттайтын бірден-бір ұжым болып отыр.
«Мисон» корей ұлттық ансамблі 1994 жылы құрылған. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Светлана Теннің айтуынша, ансамбль корей диаспоралық орталығының басшысы Василий Кимнің ұсынысымен ашылған.
– Корейлер өз балаларын ұлттық биге қатыстырғысы келді. Бастапқыда корей биінің хореографы болған жоқ. Сол үшін «Алтын дән» ансамблінің жетекшісіне хабарластық. 18 жыл бойы Қазақстанның еңбек сіңірген мәдени қызметкері Людмила Гаценко ансамбль жетекшісі болды. Жаңа билерді қою үшін ҚР Халық әртісі Р.Кимді бірнеше рет шақырдық. 2013 жылдан бастап өзім жетекшілік етіп келемін. Қазіргі таңда ансамбльдің құрамында 40-қа жуық өнерпаз бар. Олар 4-25 жас аралығында болғанымен, барлық жасты қабылдай береміз. Екі жылдан бері карантинге байланысты топ ашпадық. Биылдан бастап жаңа құрамды қабылдаймыз. Биде корейдің ұлттық костюмі – ханбокты ыңғайлы етіп тіктіріп киеміз. Негізі ханбок – үйлену тойына, Жаңа жылға немесе Алғыс айту күніне орай киетін корей халқының дәстүрлі киімі. Әйелдер ханбогы дененің айналасында айналатын кең белдемшеден және болеро жакеттен тұрады. Ерлер ханбогы қысқа жакет пен кең шалбардан тұрады, – деді Светлана Тен.