Әлеумет

Өлік жөнелтудің жолы ауыр

Жақында іргеміздегі ерейментаулықтар қазаға байланысты аста берілетін етті мүшелеп беруден бас тарту туралы пәтуаға келіпті. Оқырмандарға түсінікті болуы үшін айта кетейік, әсіресе Арқа қазақтарының қонақжайлылығы айта жүретіндей. Той болсын, ас болсын, үйеме табаққа қазы мен шұжықты бітеу салып, жілігінің етін ажыратпай, бүтін тартылады. Қонақтардың арасынан епті деген бір жігіт шығып, асылған еттің бір бөлігін турап, қалғанын сол күйінше пакетке салып, қонақтардың алдына қояды. Осы дәстүрге берік арқалықтар бір аста екі жылқы сойып жатады. Қандай қажеттілік бар? Дәстүрге адалдық па, әлде халқы аш па?

Енді, міне, мұның бәрі артық шығын екеніне көзі жеткен ереймендіктердің пәтуасы өлім-жітім ісіне басқа көзбен қарауды міндеттегендей. Індет кезінде біршама тыйылып қалған халық қазір той түгілі, өліктен де аянбайтын болды.

Жақында танысымыздың отбасында жас өлім болды. Қайғыдан қан құсқан ағайын­дары көзі тірісінде жасай алмаған жақсылықтарын көрсеткісі келді ме, тартынған жоқ. Үш миллиондай батаға түссе, шығысы содан асып түсіпті. Мұның не, қалай деген жанашырға «халықтың өзі әкелгенін өзінен аяймыз ба?» десе керек. Марқұмның қырқы, жылы бар, тамын көтереді. Мұның бәрі қаражатқа түспей ме? Оны ойлаған ағайын бар ма? Басын ашып айту керек, батаға түскен әр тиынның өліктің артында қалғандарының мойнына қарыз екені белгілі. Өмір болған соң, қуанышы мен қайғысы қатар жүреді. Сондай күндерде өзіңе келгенін еселеп апарып қайтаратының бар. Ендеше елдің алып келгенін сол сәтте шашып жіберсе, артында қалғанға тым ауыр емес пе?!

Жасарын жасап, топырақты өлім бұйырған қария емес, жас өлікке деген, жас ғұмырды көктей қиған ажалға қарсылық ретінде оны ықшамдап атқарудың да жөні бар емес пе?! Оң босағада әлі суымаған өліктің үстінде қазан-қазан ет асылып, аста-төк дастархан жайылып жатады. Жоқтау айтып азалаудың орнына ет-жақын туыстары дүнияуи тірлікті түгендеу үшін базар аралап жүргені қаншалықты жарасымды?! Дүниеде ұйқы арсыз, күлкі арсыз дегендей, асқа келіп әңгімені гулетіп, әдептен шығып жатқандар да жоқ емес. Бәрінен жаманы, өлікке де тәуір көйлегін киіп, тойға келгендей асын ішіп, шайын сораптап, кетерінде үстел үстінде ештеңе қалдырмай салып алып кеткені азалы үйге көрсеткен қай құрметі?! Ойланып көрдік пе? Рас, қазанға түскен қапқа түспейді. Егер тасып кетуді қойсақ, дастархан да мөлшермен жайылмас па еді. Жағдайы келгендер марқұмның қырқын, жылын мешіттердің асханасында емес, тәуір деген айналары жарқыраған мейрамханаларда өткізіп жатады. Ажалға қарсылық қайда?! Бар бол, бай бол, өлім бәрін теңгермеуші ме еді?! Артында қанша жерден малын шашып, ала шапқын болғанынан, түсінуімізше, марқұмға тиетіні – оқыған дұға ғана.

Өлім-жітім түгілі, қазақтың тойы да халықтың пайдасына емес екені талай айтылып жүр, кезінде мүфтият ас дастарханының мәзірін жасап, халықты тәртіпке шақырған да еді. Кейбір жерлерде ол да аяқсыз қалды. Баяғы даңғаза, жыртылып-­айырылып асып-тасуымызды тоқтатар емеспіз. Ендігі күнде мемлекет қарауына алып, тыйым қоймаса, шашылған қазақ несиеге той жасап, өлігін несиемен атқарып жатыр.

Өзге елдердің өлік жөнелту дәстүріне тоқтала кетелік. Татарлар өлік шыққан үйде үш күнге дейін қазан аспайды, қазір қалалық жерлерде бір күнге дейін қысқарыпты. Өзбектер де үш күнге дейін қазанын төңкеріп қояды. Келген адамдар көңіл айтып, наннан ауыз тиіп, кідірмей кете береді. Тәжік ағайындар өлік жөнелтудің жаңа тыйымдарын бекітті. Соған сәйкес, өлік жөнелтетін күндері ет жақын туыстарынан басқа адамдардың жиналуына тыйым салынды. Қырғыздар да соңғы бес жылда жаңа ережелер енгізді.

Әрине, қайғыны бөліссе азаяды дейді. Көңіл айта келгендерге ас беріп, қонақ етіп күту де соның қарымы болар. Одан басқа, ағайындығымыз «бір той, бір өлікте» көрінеді. Жайшылықта араласа алмай арасы суып кеткендер өліктен қалып қоймауға тырысады. Мұны да ескеруіміз керек. Алыс­тан келгендерге қонақасы бермей тағы болмайды. Дегенмен адамшылықтың таразысына салып, ел не дейді дегеннен қорықпай, жаназаны мерекеге айналдырмасақ не болады?! Меніңше, бәріне кедергі болып тұрған қазақы санамыздағы бір кілтипан бар. Адамның жеткенін, өсіп-жетілгенін, ағайын­дарының ауызбіршілігін, өзінің ортадағы құрметін тойы мен өлік жөнелтудің өлшемімен бағалайды. Бұл өлшемді өзгертетін уақыт жетті. Сайып келгенде, бұл бір қарынды тойғызғаннан аспай тұрғанын түсініп, өзгертетін де, өзгеретін де уақыт жеткен сияқты.

Ереймендіктердей ортақ пәтуаға келіп, өлік түскен үйге барынша салмақ салмай, өзге де көрші елдердегі ағайындардай ереже бекітіп, шын жанашырлық білдірсе, одан сыйластығымызға сызат түсе қоймас. Ал бәріміздің де баратын жеріміз белгілі – пенде болып жаратылғаннан кейін, тумақ бар, өлмектің де басымызға түсетін іс екенін білгеніміз жөн.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button