Жаңалықтар

ӨНЕРТАПҚЫШТАР ӨРГЕ ЖҮЗДІ

Кеше елордада өнертапқыштар арасында «Шапағат-2015» жарысы  өтті.

Бәйгенің өтуіне Әділет, Білім және ғылым, Инвестиция және даму министрліктері үлес қосып, бес аталым белгіледі.
«Жыл сайын елiмiздегi өнертапқыштардың саны, олардың ойлап тауып жатқан әдiстерi мен құралдарының сапасы артып келедi. Болашақта өнертапқыштар елiмiздiң өнеркәсiбiне үлкен жаңалықтар әкелiп, Қазақстанды технологиялық, инновациялық дамыған әлемнiң алдыңғы қатарлы елдердiң қатарына қосуына септiгiн тигiзедi деп ойлаймын» дедi ҚР Инвестициялар және даму министрлiгi техникалық және инвестициялық даму департаментi директорының орынбасары Құралбай Бұхарбай.
Өнертапқыштар жарысында «Роторлы-поршендi iштен жану қозғалтқышын» жасап шығарған Федор Олифиренко – «Ең үздiк жыл өнертабысы», желдi генераторлардың патенттерiне қосанжар автор Альмира Жилкашинова – «Ең үздiк өнертапқыш әйел», жаңартылған энергия саласында он бес патенттiң иесi Александр Сложеникин – «Ең белсендi өнертапқыш», 17 жасар Нұркен Маратов – «Ең жас өнертапқыш» атанды. Ал, Қызылорда облысының тумасы, 11-сынып оқушысы Бағлан Төлебай тоғызқұмалақ ойынының электрондық әлiппесiн жасап, «Жас дарын» аталымын жеңiп алды. Жеңiмпаздармен қатар осы саладағы бiрқатар азаматтарға Қазақстанның инновациялық дамуына қосқан үлесi үшiн «Шапағат» дипломдары табыс етiлдi.

Сағи ОРАЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button