Қала мен Сала

ЖЕР ТЕЛІМДЕРІ АУКЦИОНҒА ҚАНДАЙ МАҚСАТПЕН ШЫҒАРЫЛАДЫ?

thumblarge

Алдағы мамыр айында елордадағы мемлекет меншігіндегі 88 жер телімі бәссаудаға шығарылмақ. Оның жай-жапсарын Астана қаласы жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Назымбек КЕНЖЕБАЕВТАН білген едік.

Қателеспесек, елордада жер телімдерін бәссаудаға шығару ісі бірінші рет қолға алынып отыр. Бұған не себеп болды?  

– Ағымдағы жылдың басында Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 48-бабына өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес мемлекет меншігіндегі және пайдалануға берілмеген жер телімдерін бастапқы кезеңде иелікке беру құқығын сауда-саттыққа шығару, соның ішінде конкурстар, аукциондар өткізу арқылы жүзеге асырылады. Осы шарт жер телімдерін жалға бастапқы кезеңде беру ісіне де қолданылады. Бір атап өтер жайт, бәссауда оны өткізудің тиісті ережесі заңды күшіне енгеннен кейін ғана іске асырылады. Қазіргі таңда бұл ереже белгіленген тәртіпке сай әділет органдарында мемлекеттік тіркеуін күтуде.

 – Бәссаудаға шығарылатын жер телімдерін қандай мақсатта пайдалануға болады?

– Уәкілетті органдар бәссаудаға шығарылатын әртүрлі мақсаттағы жер телімдерін анықтап, солардың қатарында өнеркәсіптік-азаматтық мақсаттағы, жедел тамақтанудың уақытша нысандарына, тұрғын үй салуға және шағын және орта бизнеске арналған жер телімдерінің алғашқы 88-інің тізімін дайындады. Ол жер телімдері Астананы дамытудың 2015-2017 жылдарға арналған бас жоспарына сәйкес қаланың игеруге жататын аудандарында орналасқан. Және олар магистральдық инженерлік желілермен қамтамасыз етілуі тиіс.

– Бәссаудаға шығарылатын жер телімдері қаланың нақты қандай аудандарында орналасқан? Бастапқы бағасын айта аласыз ба? 

– Жер телімдері Тұран даңғылында, Тельман және Ильинка тұрғын алаптарында, сондай-ақ, кіру магистральдарының маңында және елорданың өзге жерлерінде орналасқан. Мәселен, Алаш тас жолындағы ауданы 0,30 га жер телімінің нысаналы мақсаты «Жол маңында қызмет көрсету нысаны» болып саналады. Оны жобалау мен салудың нормативтік мерзімі – 18,2 ай  немесе 1,5 жыл. Жер телімінің мемлекеттік кадастрлық бағалау құны – 14 034 000 теңге.

– Бәссаудаға қатысуға мүдделі адамдар қандай құжаттар тапсырулары қажет?

– Біріншіден, аукционға қатысуға өтініш жазады. Одан кейін кепілдік жарна төлемі туралы құжатты, жеке куәлігін немесе заңды тұлғалар мемлекеттік тіркелу туралы куәлікті, қажет болған жағдайда сенімхатты тапсыруы қажет. Сонда ол бәссаудаға қатысуға тіркеле алады.

Аукционға қойылатын жер учаскелерінің сипатамасын www.saulet.astana.kz/news/17/ алуға болады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button