Денсаулық

Пандемия жедел жәрдемге салмақ түсірді

Әлемге қауіп төндірген індеттің әлегімен бір жарым жылдан бері ақ халаттылар алғыс та арқалады, сын мен сөзге де қалды. Соның ішінде еліміздің бас қаласында індетпен күресте алғы шепте жүрген медицина мамандарының халі мен денсаулық сақтау саласының жайы қандай? Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы ­Тимур МҰРАТОВ El-Orda YouTube арнасында жауап берді.

[smartslider3 slider=1113]

– Пандемия елорданың денсаулық сақтау саласының қандай кемшін тұстарын айқындап берді?

– Енді оны маған қарағанда жалпы жұртшылық жақсы білетін шығар. Жалпы айтқанда, өздеріңізге белгілі, бүкіл әлемде ешқандай денсаулық сақтау жүйесі осындай ауыр дерттің келетініне дайын болған жоқ. Біздің олардан айырмашылығымыз көп емес. Сондықтан да алғашқы жылы біз, әрине, біршама қиыншылықтарды басымыздан өткердік. Соның ішінде ауыр салмақ жедел жәрдем жүйесіне түсті. Күн сайынғы шақыртулардың саны 5 мыңға жуықтап кетті. Бұл жағынан елорда ең жоғарғы көрсеткішке ие. Салыстырып айтқанда, кәдімгі уақытта жай күндерде шақырту 2 мың жарымнан аспайтын болса, пандемия кезінде ол екі-үш есе артып кетті. Оған қоса, жалпы инфекциялық ауруға деп дайындалған ірі госпитальдар бізде аз. Мұндай індет келеді деп ешкім госпиталь салмайды. Өздеріңіз білесіздер, екі аптаның ішінде әкімдік күшімен госпиталь салып, іске қостық, оның өзі жеткіліксіз болды. Одан кейін реаниматолог мамандар, өкпені жасанды оттегіге қосу аппараттары өте қажет болды. Сондай қиыншылықтар көрдік. Биыл байқаған шығарсыздар, біраз нәрсе дұрысталып, қалып­қа келді, биылғы жұмысымыз былтырғымен салыстырғанда анағұрлым сапалы болды.

– Еліміз бойынша ­Нұр-Сұлтан қаласы – «қызыл» аймақта ең көп болған өңір. Оған себеп адамның көптігі ғана ма? Әлде бас қалада, расымен, адамдардың ұжымдық иммунитет қалып­тастыру деңгейі төмен бе?

– Сұрақ оңай емес, дәл осыдан болды деп нақты бір себебін айта алмаймыз. Негізінде, біз, денсаулық сақтау саласы қызметкерлері, объективті статистикаға сүйенеміз және сол арқылы болжам жасаймыз. Егер бұл сұрақты дұрыс екшеп қарайтын болсақ, жалпы вакцина алғандардың саны қаламызда Түркістан, Шығыс Қазақстан облысы, Алматымен салыстырғанда төмендеу. Ұжымдық иммунитет тұрақты болу үшін халықтың 60 пайызы екпе салдыруы керек, ал бізде 40 пайызы ғана вакцина алған. Одан бөлек, екпе алуы қажет контингентті вакцинация­лау бойынша 65 пайыздан асып кеттік. Екіншіден, біздің қаламыз өте үлкен, тоғыз жолдың торабы, қалаға келіп-кететін, жан-жақтан кіріп-шығатын азаматтар ағыны толассыз. Стационарлар мен емханалардағы індет жұқтырған аурулардың 10-15 пайызын сол өзге өңірлер азаматтары құрайды. Осы екі фактор қосылып, «қызыл» аймақта ұзақ болдық. Бірақ одан біздің жұмысымыз азайып не көбеймейді. Науқастардың саны көбірек немесе азырақ болуы мүмкін, бірақ денсаулық сақтау жүйесі сол өзінің қалыпты жоспарлы жұмысын атқара береді.

– Қазақстанда жақында ревакцинация басталды. Бірақ адамдар бұлай екпе сала беру адамның бойындағы табиғи иммунитетін жоя ма деп қорқады.

– Кез келген вакцина иммунитетті құрту үшін емес, ағзаға көмектесуге арналған. Адам баласы туғаннан бастап түрлі инфекцияларға ұшырайды. Олармен ұшырасқанда ағзаға қандай да бір салмақ түседі. Адамның қанына бактерия немесе вирус енгенде солармен күресу үшін ағзада иммун жасушалары ауруға қарсы антидене бөліп шығарады. Сол ауру қайталап келгенде вирусты «ұстап алып», әрі қарай асқындыр­май жояды. Вакцина басқаратын аурулардың бірі – қызылшаға қарсы екпені бала кезде салады, ол 7-8 жылға дейін иммунитетті көтеріп тұрады. Болашақта ковидке қарсы екпелер де солай болуы мүмкін. Ревакцинациядан бәрі өткені жөн. Елімізде жалғыз векторлы вакцина – «Спутникті» алғандар 9 ай өткен соң қайта салдыра берсе болады. Ал инактивті вакциналардан соң 6 ай өткеннен кейін векторлы екпе алған жөн. Мен өзім де отандық екпе алып, ревакцинациядан өттім.

– Кеше бір сыныпта тек 2 ата-ана ғана баласына екпе салдыруға келісті. Олардың бұл шешімі күдік пен күмәнге толы екені белгілі. Сол күмәнді сейілтетіндей не айтасыз?

– Жалпы қазіргі заманның дамығаны соншалықты, екі көзіміз ұялы телефоннан, интернеттен түспейтін болды. Оқымайтын, көрмейтін нәрсенің бәрін көреміз, талғамай, таңдамай қабылдаймыз. Адамзаттың қазір болмысы солай – негатив ақпаратқа сене бергісі келеді. Білімді мамандардың сөзіне, уәжіне құлақ аспайды, кейбір кісілерге көршінің айтқаны сенімді шығады. Вакцина салуға бүкіл әлемде сенім төмендеу, ол да бар бір жағынан. Дегенмен осы айда қалада жаңа екпені 5873 адам салдырып үлгерді. Соның 3981-і – 12-17 жастағы балалар. Солардың ішінде мен өзімнің екі балама да екпе салдырамын. Күзде тұмау өршіп, көп балалар ауырып шықты. Сондықтан көбі балалар жазылып кеткен соң артынан салдырғалы отыр деп ойлаймын. Ал кейбір ата-аналар жалпы істің аңысын аңдып, артын байқап барып, бәрі салып болсын, көрерміз сосын дейді. Өз басым біраз уақыттан кейін көп ата-аналар екпе салдыруға келісім береді деп сенемін. Екпенің пайдасына көз жеткізеді түбі. Ал салдырмаймын десе де ешкімге қысым көрсетілмейді. Екпе әркімнің өз қалауымен ғана салынады. Ешкімді мәжбүрлей алмаймыз, оның қажеттілігі де жоқ. Себебі вакцина ол адамның өзіне керек, өзін қорғауы үшін саналы түрде барып салдырғаны жөн.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button