Руханият

Парасат биігі

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында:  «…Ақылымен, қолымен, дарынымен за­манауи Қазақстанды жасап жатқан нақты адам­дар­ды қоғамға таныту керек» деген еді.
Міне, осы тұжырым «Парасат», үш мәрте «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі Рымбек Жүнісов сияқты азаматтарға арналып айтылғандай.
 Біз бүгін Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында «Ақмола бетон» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы, жастардың ақылшы- тәлімгері, еселі еңбегімен ел құрметіне бөлініп жүрген тұлға туралы сөз өрбітпекпіз. 

 

ТУҒАН ЖЕРДЕН НӘР АЛҒАН…

Рыкең қаршадайынан кербез даланың кеңдігі мен дарқандығын бойына дарытып, туған өлкесіндегі ең биік тау Ақсораңның қасиетін қалтқысыз танып өскен қайсар мінез, нар тұлғалы қазақтың  сойынан. Ол ес біліп, ерге қонғалы елдік намыс пен тамырлы тектіліктің туын барынша тік көтеріп келеді. Оның бұлай істемеуге қақы да жоқ сияқты. Әрісі алты алашқа аян Қараменде би мен Ағыбай батырдың көмекшісі Жидебай батыр шыққан, берісі кешегі ХХ ғасыр басындағы  қазақ зиялылары қатарындағы аса дарынды тұлға, қаймана қазаққа қорған бола білген ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, тұңғыш заңгер Ақбайдың Жақыбы, көмейіне бұлбұл ұялаған ғажайып әншілер Күләш Байсейітова мен Манарбек Ержанов, Қазақстанның халық әртісі, шертпе күйдің шебері Мағауия Хамзиндер дүниеге келген топырақта туған оның осал болуы тіпті де мүмкін емес еді.
Балалық шағы да осы топырақта өтті. Ақиық ақын Мұқағалидың «балалық шақ жарбиып жүретұғын өгіз жеккен соқаның құлағында» дейтіні бар еді ғой. Дәл сол көрініс Рыкеңнің өмірінен де алшақ кеткен жоқ. Өз сөзімен айтсақ, ол «өгіздің басын жетектеумен» ер жетті. Бұл балдәурен шағы соғыстың ауыртпашылығымен тұспа-тұс келген барлық азаматқа тән болса керек.
Кіндік қаны тамған жерінде он жылдық мектепті бітірісмен,  сол жылы Алматы ауыл шаруашылығы институтының аграрлық факультетіне түсіп, оны ойдағыдай тәмамдаған соң  еліне қайтып оралды.
Жиырма жасында коммунистік партия мүшелігіне  кандидаттыққа қабылданды. Бұл ол кезде алдынан жарқын болашақтың қақпасын айқара ашатындай үлкен мүмкіндік еді. Алғырлығымен ортасында топ жарған Рыкең бірақ бұл жетістігіне масаттанған жоқ. Қайта өзін жанып, іздене жүріп, алға ұмтылды.
Әкесі Жүніс те, анасы Шайра да ауылдың қарапайым шаруа баққан адамдары болатын.
«Әкем көп сөйлемейтін біртоға, тұйық кісі еді. Отбасы, ошақ қасында біздерге аста-төк ақыл айтып, мезі етпейтін. Өзінің құдай берген тұйық мінезі, қатқылдау қабағыммен ғана бізді тәрбие тезіне салып отыратын. Салыстыра қарағанда, кейбір ата-аналар әр нәрсені тәмсіл ғып, өмірден мысал келтіріп, көкейінде жатқан ойларын астарлы сөзбен насихаттап айтуға бейім ғой. Менің әкем ондай сөзшеңдікке жоқ еді. Тұйық қалпымен үндемей отырып-ақ, бізге қатаң тәртіптің айбарын іс-қимыл, қабағымен сездіре қоятын» деп еске алады Рыкең аяулы әкесі жайлы.
Рымбек Жүнісұлы отыз жасында «Қызыларай» совхозының директоры болып тағайындалып, осы шаруашылықта тоғыз жылға таяу қызмет атқарды.
Еңбек жолын қатардағы агрономнан бастаған ол ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, РАПО  төрағасы, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы сияқты қызмет сатыларынан өтіп, 1987 жылы Ақтоғай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды.
Осы жылдарғы қызметі тұрғысында бір замандасы ол туралы естелігінде:
«Рымбек Жүнісұлы кіммен қай мәселе жөнінде сөйлессе де, «майдан қыл суыр­ғандай» әділдікпен айтатын. Ол өзі басқарған аудандық партия комитетінің бюроларында шаруасы жүрмей жазықты болып қалған жанды кейбір хатшылар сияқты жерден алып, жерге салып, жер-жебіріне жеткізе тұ­қыртпай, айтар сөзін, қояр талабын көңілге тимей-ақ айта­тын. Онсыз да іштей пұшайман болып, қиналып тұрған адамды түсінетін. Сондықтан болар, кінәлі адам қандай жаза қолданса да ренжімей, сол бюродан риза көңілмен шығатын. Біз бұдан бірінші басшының бойынан сабырлылық пен пайымдылықты, ақылдылық пен парасаттылықты байқайтын едік» деп жазыпты.
1992 жылы Рымбек Жүнісұлы Алматыға ауысты. Туған жерден тамыр тартып, нәр алған  оның өмір жолдары Алатау баурайында да сәтті жалғасты.
Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы ХII сайланған Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты, 1999-2006 жылдары «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің мүшесі болды.

АРҚА ТӨСІНДЕГІ ИГІ ІСТЕР

Астананың Алматыдан Ақмолаға, ерке Есілдің жағасына көшірілетінін естігенде Рымбек Жүнісұлы алғашқы қолдағандардың бірі болды. Қай істе де он ойланып, жүз толғанып барып, халықтың мүддесі тұрғысынан нақты шешім қабылдайтын Нұрсұлтан Әбішұлының бұл бастамасы – болашақтың қамы, елдің ертеңгі келешегі үшін жасалып жатқан қадам екенін іштей сезді. Сөйтіп, ол ішкі қуанышын әуелі отбасына, сосын айналасындағы адамдарға жеткізді.
– Мен өте қуаныштымын, – деді ол. – Ұлы мұрат! Бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғай жүріп, бізге аманатқа қалдырған ұлан байтақ даламыз бен қойнауы байлыққа толы қасиетті жерімізді ұрпаққа сол қалпы қалдыру аздық етеді. Оны көркейтіп, гүлдендіріп жеткізу басты мақсатымыз бен мұратымыз емес пе?! Міне, Мемлекет басшысы осыны ойлап отыр. Осыны жұрттың бәрі бірдей жіті түсінбей жатқаны қынжылтады.
Елбасының екі ерлігін аса құрметтеймін. Біріншісі – аждаһадай көптігімен қорқытып отырған оң жағымыздағы көршіміз – Қытай мемлекетімен сосын іргедегі орыс халқымен ың-шыңсыз  шекарамызды айқындап алдық. Бұл жұрттың көбі түсіне бермейтін.  Көзге көрінбейтін шынын мәнінде ерлікке пара-пар үлкен іс еді.
Екіншісі – нарық алқымнан алып тұрғын қиын-қыстау кезеңде Алатау баурайынан қазақтың сайын даласы Сарыарқа төсіне астананы көшіруі болды.
Менің жеке түсінігімде ел астанасының Ақмолаға келуі – баға жетпес тарихи құндылық. Жеке отбасым үшін емес, осы жақтағы жерлестерім үшін бұдан артық бақ қонуы  мүмкін еместей көрінеді…
Сөйтіп, Елбасы бастаған ұлы көшті жан-тәнімен қолдап, оған шын пейілімен қуана білген Рыкең Астанаға келісімен банкіден несие алып, өзінің жекеменшік «Ақмола бетон зауытын» ашты. Кәсіпорынның толық қуатында жұмыс істеп кетуіне өмірлік тәжірибесін де, күш-қайратын да сарқа жұмсады. Алғашқы жылы-ақ  200-ден аса адамды жұмыспен қамтыды.
«Басшының ең бірінші мақсаты – қарамағындағы адамдарға жағдай жасауы болу керек. Сапалы жұмысты, еңбектің нәтижелігін талап ету үшін жұмыскерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары дұрыс болғаны жөн.
Міне, осы тұрғыда біз зауыттың ішінен жиырма адамдық жатақхана салғызып, дәмхана ашқыздық» дейді Рыкең.
Ол басқаратын Ақмола бетон зауыты он үш жылда 18 млрд 574 млн 857 мың текше метр бетон, 12 млрд 717 млн 807 мың текше метр цемент өндіріпті.
Елорданың әр жетістігіне сүйсіне қарап, оның әлем таныған келбетін мақтаныш ететін Рыкең қаладағы «Хан шатыр», «Астана опера» театры ғимараттары құрылыстарын жүргізуге өзі шығарып жатқан өнімімен барынша атсалысты. Әсіресе, елдіктің ерен жеңісіне айналған «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін салу кезінде бұл кәсіпорынның жұмысы қарқынды жүргенін атап айтқан жөн. Жобалық қуаты бойынша тәулігіне 1500 текше метрге дейін бетон шығаруға қауқарлы өндіріс осы кезеңде күніне 1000 текше метрге дейін бетон жөнелтіп отырғанын біреу білсе, біреу білмейді.
Кәсіпорын іске қосылғалы мемлекетке 1млрд 317 млн 800 мың салық төленіпті.
Бүгінде заман ағымына сай кәсіпорын ықшамдалып, жетпіске тарта адаммен жұмыс жүргізіп келеді. Басты ұрандары – сапалы жұмыс істеп, еңбек өнімділігін арттыру. Жоғарыда Рыкең «басшының ең басты міндеті қарауындағы жұмыскерлерге жағдай туғызу» деп білдірген ой-пікірін іс жүзінде дәлелдеп, ұжымдағы бес адамға жекеменшік котедж салуға көмек қолын созып отыр. Қызметкерлері жатақханамен қамтылған.

ЖОМАРТТЫҚТЫҢ ЖОЛЫ КЕҢ…

 Рымбек Жүнісұлының өмірде өз қағидасы бар. «Адам ең бірінші жақсылықты өзіне жасау керек. Өзін жеткізіп, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қалыптастыруы қажет. Сол арқылы отбасын ештеңеден тарықтырмай, қамтамасыз етсе, оның азамат болғаны.
Содан кейін барып басқалар туралы ойлауға болады. Әрине, жомарттық жақсы. Ол – асыл қасиет. Бар боп тұрса, неге бермеске?! Беру керек, көмектесу керек»
Рыкең сөзін осылай бір тұжырымдап алды да әңгімесін одан әрі сабақтады.
«Қазақта тектілік, заттылық деген ұғымдар бар. Ел тірегі боп, халықтың қамын жеп жүрген жандарға қызығамын, оларды құрмет тұтамын. Мүмкіндігінше өзім де соларға ұқсағым келеді. «Батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін, бай болсаң, еліңе пайдаң тисін» демей ме?!Қайырымдылық жасап, жомарттық таныту үшін адамның күш-қуат байлығы, ақылы болу керек. Нағыз жүректен шығатын мейірімділік – шындығында мұқтаж жандарға көмектесу. Әрі оны сол бойда ұмытып кету. Одан алғыс дәметпеу».
Міне осындай тұжырымдарды ұстанған Рымбек Жүнісұлы қоғамдық өмірдегі көптеген іс-шараларға атсалысып, мүмкіндігінше демеушілік те жасап жүр.
Мәселен, ол туған өлкесінде өткен Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойына демеушілік жасаса, Жидебай батырдың 350 жылдығына орай оған туған жерінде граниттен ескерткіш қойған.
Ал Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында өткен исі қазаққа аты мәшһүр Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойына 5000000 теңге демеушілік көмек көрсеткен.
Сондай-ақ, Ақтоғайдағы Әлихан Бөкейханов орта мектебі мен күйші Аққыз Ахметова атындағы балабақшаға теледидар, компьютер сыйласа, сол аудан орталығындағы колледж бен Астана қаласындағы «Светоч» балалар үйін толық қамқорлығына алған.
Рыкеңнің қолы ғана емес, жаны да жомарт екенін майын тамыза айтқан әңгімесінен де айқын аңғардық.
«Болып тұрса, көмектескен жақсы ғой, айналайын! Алайда кейбір адамдар өмірдегі өз міндетін түсінбейді. «Маған тек бер» деп келеді. Ал қоғамға, басқаларға мен не беремін? деген сауалды өздеріне қоймайды. Көбінде деп айтпай-ақ қояын, дегенмен, бірқатарында осындай масылдық психология бар. Меніңше, бұл –  кеңестік кезеңнен қалған келеңсіздік. Бұдан құтылуымыз керек. Қазір ізденген, талпынған, тер төккен адамға жақсы өмір сүруге барлық мүмкіндік бар. Жасым 78-ге аяқ басты. Тоғыз немерем, бес шөберем бар. Әлі еңбек етіп келемін. Осының бәрі кейінгі жастарға үлгі болса деймін» дейді ағамыз ағынан жарылып.

…Ол кішкентайынан сары даласының қасиетін бойына жинап, Ақсораңына атасы мен әкесіндей арқа сүйеп, күш-қуат алды десек, қателеспейміз.  Қай қалада, қандай қызметтерде жүрсе де, әр уақытта елдік істерге қадам жасағанда, адуынды Тоқырауынын есіне алып, арқаланды десек, артық айтпаймыз… Өйткені, Рыкең, Рымбек Жүнісов ағамыз  қоғамға қосқан үлесі мен елге сіңірген еңбегінің арқасында  жасы сексенді алқымдаса да азаматтық жолдан бір таймай ат үстінде келеді!

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

 

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button