Жаңалықтар

Қадірлі ініміз еді…

Бұрынғы Ақмола, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласының қадірлі ­азаматы Сатыбай Қажымұратұлы Әбдірахманов бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне, ұстаздыққа арнаған еді. Ұзақ жылдар Целиноград мемлекеттік педагогика институтында оқытушы қызметте болды.

[smartslider3 slider=2548]

Ақмола облысының Ақкөл ауданына қарасты Мереке ауылында туып, ер жеткен соң жоғары білім алып, облыс орталығына қоныстанады. Оқытушылық пен ғылымды қатар игеріп, барлық саналы ғұмырын студенттерге білім беруге арнады. Сатыбай Қажымұратұлы туралы 75 жылдығына арнап «Өнегелі өмір жолы» атты мақаламды «Арқа ажары» газетіне жариялаған едім. Міне, сол абыройлы азамат осыдан бір ай бұрын дүниеден озып кетті. Мен бұл мақаламда Сатыбай Қажымұратұлының азаматтығына, кісілігіне көңіл аударғым келіп отыр. Бұл кісі үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіргісі келіп тұратын. Шамасы бұдан отыз жылдай бұрын құда болып таныстық. Бірте-бірте бір-бірімізге деген сыйластық күшейе түсті. Содан біреуіміз аға, біреуіміз іні болдық. Өзі айтатын: «менің үш ағам бар, соның біреуі – сіз» деп. Жеңгелеріне де әдемі ат қойып алды. Менің зайыбым Хамила Құлбекқызын «маңғаз жеңгем» дейтін.

Бұл ініміздің киім киюі де ерекше болатын. Бойы ұзын, көлемі үлкен әртүрлі түстегі қалпақтары болатын. Киім киісін, шоқша сақалын, әдемі таяғымен жүргендегісін жазушы-­этнограф Ақселеу Сейдімбек марқұмға ұқсататынмын. Бойына ойы сай еді. Көпшілік жиналған жерде тәрбиелі, мәні жоғары, шешендігі басым әдемі сөздерімен отырғандарды өзіне қаратып алатын. Бата бергенде де жаттанды­ларын айтпай, сол жиынға сай келетін сөздерді құрастырып, мазмұнды, өнеге­лі ойын жеткізетін. Құран оқығанда да қирағаты жақсы, үні өзіне тартып тұратын жағдайда болатын.

Менің біраз уақыттан бері байқап жүргенім балалары жақсы қамқоршы болса да, ақсақалдар бәйбішесі өмірден өткеннен кейін жалғызсырап, жүдей бастайды. Осы жағдайды Сатыбай ініміз басынан кешті. Өзінің дүниеден өтерінен бір жарым жылдай бұрын жарты ғасырдан артық бірге ғұмыр кешкен жары Манат Жүнісқызы бақилыққа жол тартқан еді (суретте Сатыбай мен Манат немерелерімен).

Соңғы айларында қуанып жүретін. «Балам менің қамымды ойлап үлкен пәтер сатып алды. Енді менің жеке бөлмем, маған қажет жағдайдың бәрі жанымда болады» дейтін. Бірақ ол арманына жете алмады. Ол үйге қоныс­тану Сәкеңе бұйырмады. Өзі мәңгілік орнына қоныстанып, аяулы бәйбішесінің жанына барды. Енді сол үй балалары мен немелеріне құтты қоныс болып, ата-анасына, немерелерінің ата-әжесіне кір келтірмей, Сатыбай мен Манаттың ұрпақтары деген атқа сай ғұмыр кешуіне тілектеспіз. Өздерінің жатқан жерлері жайлы болсын демекпін.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ, Зейнеткер

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button