Елорда тынысы

Қаһарманға тағзым етті

Нұр-Сұлтан қаласында Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлының туғанына 111 жыл толуына орай салтанатты жиын және ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

[smartslider3 slider=1643]

Қорғаныс министрлігі, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, Қорғаныс істері жөніндегі департаменті ұйымдастырған жиынға әскери қызметшілер, «Қарулы Күштер ардагерлері» қоғамдық бірлестігі, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы С.Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж ұландары, қала тұрғындары қатысты.

Жиналған қауым алдында Халық Қаһарманы, отставкадағы генерал-лейтенант, Ауған соғысының ардагері Бақытжан Ертаев сөз сөйлеп, ­Бауыржан ­Момышұылының өмірі мен ерлігі жөнінде айтты.

«Бауыржан Момышұлы – өз заманының атақты әскери тактигі және қолбасшысы. 80 жыл бұрын, Мәскеу­ді қорғау кезінде, ең қиын сәттерде, өз батальонымен Волоколамск тас жолында әскери тұрғыдан өте шебер ұйымдастырған ұрыстары нәтижесінде жау әскерінің шабуылын 3 күн ұстауға мүмкіндік берді.

Ол басқарған батальон ерлікпен соғысып, бірнеше рет қоршаудан жеке құрамы шығынсыз, ұрысқа қабілетті жағдайда шығып отырды.

1941 жылы қарашада полк командирі болып тағайындалды, соғысты дивизия командирі болып аяқтады. Ұрыстарды ұйымдастыру және жүргізудегі өзіндік мәнері мен ерекшелігі тіпті жау генералдарын таң қалдыртып мойындатқыз­ған. Соғыстан кейін әскери академияда сабақ берген және әскери бөлімдерге басшылық еткен» деді Бақытжан Ертаев.

Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы армия генералы ­С.Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж ұландары батырдың өсиеті мен әскери шеберлігін үлгі тұтып, мақтан ететіндерін айтып өтті.

«Батырымызды ардақтау, тарихымыз­ды түгендеу, ерлердің ерлігін халыққа, жас ұрпаққа өсиет етіп отыру – бізге жүктелген қасиетті парыз! Бұл күндері батыр ағамыз Бауыржан Момышұлының атында әскери бөлімдер мен мектептер де бар. Ерлік ұмытылмайды!» деп түйіндеді игі іс-шараны Нұр-Сұлтан қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Мұрат Берекполов.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button