Руханият

ҚАЛАМЫНЫҢ БАБЫ – ҚАЗАҒЫНЫҢ ҚАМЫ

«Жақсы атақ алғаннан басқа жақсы іс жоқ» деп Рашид-ад-Дин айтпақшы, берісі Арқаның, әрісі Алаштың ардақ тұтар ұлдарының бірі – Алдан Смайыл.

img_3204

Жазушы 1946 жылы 3 қазанда Қарағанды облы­сының Жаңаарқа ауданындағы Ақтау кеңшарында туған. Қарымды қаламгердің өнегелі өмірінің бертіндегі он бес жылының өзі де көп жайды аңғартқандай. Соншама бедерлі де айшықты. Қазақстан Журналистер одағының лауреаты (2001 ж.), халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері (2005 ж.), Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері (2005 ж.), Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сый­лығының лауреаты (2006 ж.), Қазақстан Республикасы Парламентінің ІV шақырылған (2007-2011 жж.) және V ша­қырылған (2012-2016 жж.) Мәжілісінің депутаты.
Әлқисса деп, өмір өткелдеріне орала кетейік. Алдан 1963 жылы Қаражал орта мектебін бітірген соң шопанның көмекшісі болып жұмыс істейді. 1965 жылы Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Мемле­кеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Еңбек жолының 35 жылын бұқаралық ақпарат саласындағы қызметке арнаған. 1970-75 жж. республикалық Қазақ радиосының редакторы, 1975-90 жж. Целиноград (қазіргі Ақмола) облыстық «Коммунизм нұры» газетінің бөлім меңгерушісі (мен осы жылдар ішінде Алдекеңмен етене таныс болдым), 1990-95 жж. Ақмола облыстық «Қараөткел» газетінің бас редакторы, облыстық «Тіл және мәдениет» қоғамының төрағасы, 1995-97 жж. Ақмола облыстық телерадиокомпания­сы төрағасының орынбасары, 1997-2002 жж. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы Астана студиясының бас ди­рек­торы, 2002-2007 жж. Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры, «Астана жазушылары кітапханасы» сериясының бас редакторы, 2007 жылдан бері екі мәрте Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды.
А.Смайыл – есімі респуб­ликаға белгілі қаламгер, тұң­ғыш көркем шығармасы «Тамыздың таңы» 1979 жылы жарық көрді. «Ақ жалын» (1982), «Найзақара» (1985), «Сағынтып келген көктем» (1987), «Арқаның Бетпақ деген даласы бар» (2000) повестер жинақтары мен «Тамұқтан келген адам» (2004) романында адам мен қоғам, өмір мен өлім туралы толғайды.
А.Смайыл публицист ретінде де белгілі. Оның 1980-1995 жылдар аралығындағы өткір публицистикалық мақалалары қазақ баспасөзінде жалындай бастаған тәуелсіздік рухына арналды. Облыстық және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақ­станның саяси дербестігі тура­лы дабыл қақты. Қазақ хал­қының ресми де, рухани да тәуелділікте қалып отыр­ғандығына Целиноград облы­сының экономикалық-әлеу­меттік өмірінен нақты деректер келтіре жазды. «Жер қазақтікі, билік кімдікі?», «Халықтың киесі, жердің иесі бар», «Қазақтың сыртынан тон пішіп», «Саясатты саудаға салғандар», «Қазақ үшін қармандық», «Казак қозғалысының мәні неде?», «42 Калинин, 14 Ворошилов және жалғыз Бөгенбай» секілді өткен ғасырдың 80-жылдарында екінің бірі қалам тарта бермейтін, саяси салмақты, әлеуметтік терең мәнді публицистикалары зиялы қауымға ой салып жатты.
Оның осы ұлттық ұмтылысы қоғамдық күрескерлікке ұласты. 1990 жылғы 10 мамырда Целиноград қаласында облыстық «Тіл және мәдениет» қоғамының құрылуына ұйытқы болды және оның төрағалығына сайланды. Қоғам осы тектес ұйымдардың республикадағы алғашқы қарлығашы еді.
Аз ғана уақытта халықтық беделге ие болған ұйым төл жұртының әлеуметтік-рухани талаптарын нақты жүзеге асыру мақсатын алға қойды. Целиноград қаласында қазақ музыкалық-драма театры ашылды. Қазақ музыка мектебі шаңырақ көтерді. Көнеруге айналған жалғыз қазақ орта мектебінің жаңа ғимараты мен мешіт үйі салынды. Қажымұқан Мұңайтпасовтың туған ауылына балуанның есімі берілді. Ақмола облысы мен қаласының тарихи атауы қайтарылды. Облыс орталығындағы мұға­лімдер институтының қа­зақ бөлімдері кеңейтілді, инженерлік-құрылыс, ауыл шаруашылығы және медицина институттарының барлық факультеттерінде қазақ тілінде білім алу мүмкін болды.
Ұлттық мұрат-мүддені түгелдеген мұндай ірі шаралар облыс көлемінде де жүзеге асырылды. Барлық аудандар мен кеңшарларда, өнеркәсіп орындарында ұйымның бөлім­шелері құрылып, қазақ балабақшаларының қатары 92-ге, қазақ мектептерінің саны 62-ге жеткізілді. Тапшылығы айқын сезілген ұлт тілді ұстаздарды көбейту мақсатымен облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтында орыс тілді педагогтарды қайта даярлау бөлімі ашылды. Жоғары оқу орындарындағы оқулықтар қазақ тіліне аударылды. Қазақ тілінде сабақ беретін ұстаздарға 10 пайыз үстемақы төлеуге қол жеткізілді.
Алдан Смайыл тележурна­лист ретінде Астананың Ақмо­лаға ауысуының сая­си-әлеу­меттік маңызын кеңі­нен насихаттауға елеулі үлес қос­ты. «Қазақстан» теле­радио­корпорациясы Аста­на студиясының бас директоры ретінде «Ақшам» ақпа­раттық бағдарламасының Ақмоладан эфирге шығуына үлес қосты. Қаланың тарихи, геосаяси мәні туралы бірнеше телехабарлардың авторы.
Алдан Смайыл осы бағыттағы журналистік және жазушылық қызметін күні бүгінге дейін сәтті жалғастырып келеді. Ол Астана тарихы көне дәуірден бері қарай зерттелген «Ежелден елордаға лайық деген», «Өмір тарихының зерттелуі» т.б. ғылыми мақалаларымен жақсы таныс. Сондай-ақ, Респуб­лика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Астананы қалыптастыру жолындағы қайраткерлік қызметі сара­ланған «Дәуірді таң қалдырған даналық», «Елорда – Елбасы ерлігі», «Тарихтың жоғалт­қанын бүгіннен іздеген» және басқа публицистикалық еңбектерімен белгілі.
Қаламгердің ұйымдас­ты­руы­мен дүниеге келген «Аста­на жазушыларының кітапханасы» сериясы арқылы «Қазақтың шаңырақ қаласы», «История столицы и края: ХІV-ХІХ вв.», «История столицы и края: ХVІІ-ХІХ вв.», «Елорда сәулеті», «Гидрологичес­кое описание южной час­ти Акмолинской области», «Қанжығалы қарт Бөгенбай» тарихи еңбектерін құрастырып, жарыққа шығарды.
Тағдыр сияқты тарихты да таңдамайды. Ресейдегі Қазан төңкерісінің дүмпуі қазақтың сайын даласына жетіп, балапан басына, тұрымтай тұсына дегендей, қапияда тап болған заман туғанда, оң-солыңды тану, ақ-қараны ажырату оңайға соқпаған. Ақыры қиянаттан көз ашпай, қатыбас болып жүрген қыр елін бөріктіріп, қолында малы барға аш қасқырдай тап берген кәмпеске, одан соң халықты қынадай қырған Мешін жылы, оған ілесе 37-ші жылдың саяси қуғын-сүргіні келіп жетеді. Қалың жұртты қан қақсатқан, жазықсыз жапа шеккендердің көз жасын көл­дей еткен, о дүниені қойып, бұ дүниеде, кәдімгі жер үстінде тамұқ орнатқан сол зар заманға қалайша лағнет айтпайсың?! Жазушы Алдан Смайыл «Та­мұқ­тан келген адам» атты ро­ма­нында табиғат пен адам, өткен және жаңа қоғам ара­сын әңгімелей келе, өлім мен өмірдің психологиялық және адамдық философиялық құдіретін айқындауды мақсат тұтқан.
Жарғақ құлағы жастыққа тимей, ел елеулісі, халық қалау­лысы ретінде көпшілік аманатын орындаудан қолы қалт еткен бір тұста, қабырғалы қаламгер ретінде ұлтының жүрегіне үңіліп, рухын аршып алу жолында тер төгуге тура келді. Қай істі қолға алса да, заманалық талаптарға төтеп беруге ұмтылыс жасау міндетін бір сәтке ұмытпайтын Алдан ағаның қаламының да, қызметінің де бабы – қазағының қамы екені анық.

Сәбит БЕКСЕЙІТ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
ТҮРКСОЙ-дың «Ұлы Түрік қыраны»
медалінің иегері

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button