Жаңалықтар

Қалта телефоныңызды тіркедіңіз бе?

«Ұялы байланыс қызметін тұтынушылар 2018 жылдың соңына дейін өз құрылғысын тіркеуден өткізуге міндетті. Өйткені 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап тіркелмеген абоненттерге қызмет көрсетілмейді» деп мәлімдеді Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев халыққа есеп беруі кездесуінде.

Әрине, мұндай кезде халықтың дүрлігетіні белгілі. Министр оны болдырмас үшін тіркеу шарасын жеңілдетіп, онлайн тәртібінде жүргізу керектігін жеткізді. Айтарлығы, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі тіркеу шараларын биыл шілде айында бастамақ. «Бұл шараны шілде айында бастаймыз. Іс жүзінде барлық мәселе пысықталды. Сіздерге СМС-хабарлама келеді. Абоненттер соны растауы қажет. Егер қандай да бір түсінбеушілік туындаса, жақын жердегі оператордың қызметіне жүгінесіздер» деп түсіндірді Д.Абаев.
Демек, шілде айынан бастап әрбір ұялы телефонның IMEI-коды оны сатып алған адамның жеке сәйкес­тендіру нөмірі (ЖСН) мен абоненттің нөміріне жалғанады. 2016 жылы ұялы телефондарды тіркеудің жаңа ережелері енгізілгені мәлім. Ол ережелер ұялы телефондар ұрлығын айтарлықтай азайтады деп болжанған. Өйткені телефоны ұрланған адам полицияға арыз бергеннен кейін, ішкі істер органдары телефонды бұғаттап тастай алатын-ды. Алайда Дәурен Абаев жалғыз IMEI-кодты тіркеу мәселені шешпейтінін ашық айтты. «Жаңа норма толық күшімен жұмыс істеуі үшін әр құрылғының IMEI-кодын ЖСН-ге және абоненттің нөміріне жалғау қажет. Бұл жерде біз IMEI-кодтарды жасауда Ұлыбритания, Түркия, Әзербайжан, Украина сияқты мемлекеттердің тәжірибесін ескердік» деді министр.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button